Жаңбырлатып суғаруға қызығушылар артуда
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды көктемгі дала жұмыстарын сапалы атқару, ауыл шаруашылығында жаңа технологияларды қолдану жөнінде тапсырма берген болатын. Бұл бағытта өңірдегі аудандарда ауқымды жұмыс атқарылып келеді.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Бәйдібек ауданындағы шаруа қожалықтар жаңбырлатып суғару әдісін қолға алуда. АҚШ-тың «Valley» жаңбырлатып суғару қондырғыларын Бәйдібек ауданында алғашқылардың бірі болып өткен жылы «Еrnur корпорация» ЖШС орнатты. Аталған шаруашылық 95 гектар алқаптың 50 гектарына жергілікті жоңышқа, 20 гектарына арпа, 20 гектарына бидай және 5 гектарына «Сорго» жүгерісін егіп, мол өнім алған. Аталған жұмыстар биыл да жалғасын табуда.
Биыл аудандағы «Елнұр-Ғ» ЖШС жоба құны 145,3 млн. теңгеге Көктерек ауылдық окуругі аумағындағы 95,0 гектарға жаңбырлатып суғару қондырғысын орнатып, арнайы ұңғыма қазып, егістік алқабын суғаруда. Сондай-ақ Алғабас ауылдық округінен «Customs Logistics Services» ЖШС 146 гектар егістік алқапқа күндік мөлшері 12 гектар жерді суғаруға болатын «FENGLIAN» JP 75-400 барабанды түрдегі суғару технологиясын қолдануға арналған қондырғысын орнатты.
Жоба құны 18 млн. 900 мың теңгені құрайды. Көктерек ауылдық округінен «Махмут-М» ӨК және «Мұрсалы» ШҚ жалпы аумағы 200 гектар жерге жоба құны 160 млн. теңгеге DYP-388 жаңбырлатып суғару технологиясын іске қосты.
Жаңбырлатып суғару тәсілінде жалпы суғару нормасын қажетінше реттеуге мүмкіндік туады. Тек топырақ ылғалданып қоймай, танапқа жанасқан ауа қабатының ылғалы артып, өсімдіктерге тиімді микроклимат пайда болады. Танапты мұқият тегістеу қажеттілігі болмайды. Сумен араластырып, тыңайтқыштар мен әртүрлі дәрілерді беруге болады.
Жалпы Бәйдібек ауданында қазіргі таңда жаңбырлатып суару құрылғысын алуға қызығушылық танытып жатқан шаруашылықтар саны артуда. Бүгінде аталған техниканы алу үшін 2 шарушалық құжаттарын әзірлеп жатыр.