Түркістан облысы ет экспорттауда көш бастады
Жыл басынан бері Түркістан облысының шаруалары 654 мың тонна өнімді экспорттап үлгерсе, олардың жалпы құны 69,9 млн АҚШ долларын құраған. Бүгін бұл туралы облыс әкімдігінде өткен брифингте Түркістан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақов мәлім етті.
Соңғы жылдары мал етін өндіруде Түркістан облысы елімізде көш бастап келеді. Айталық, соңғы жеті айда Түркістан облысынан Өзбекстан, Ресей елдеріне 4 мың 100 тонна сиыр, Өзбекстан, Иран, Бахрейн, Ресей елдеріне 243 мың 800 тонна қой, Өзбекстан, Ресей елдеріне 33 мың 800 тонна жылқы еттері экспортталыпты. Осы жұмыстардың нәтижесінде ірі қара мал етін экспорттауда Түркістан облысы елімізде алдыңғы қатардан көрініп отыр.
Бұдан бөлек, өңірде қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорт көлемі 43,4 мың тоннаға жеткен. Ал қаржылық әлеуеті 40,5 млн.АҚШ долларын құраған. Бұл көлем жыл соңына дейін 97,2 млн. АҚШ долларына жетеді деп жоспарлануда.
Сондай-ақ, облысымыздан 1 445,9 тонна балық өнімдері Еуропаның Германия, Литва және Ресей, Украина, Өзбекстан елдеріне жөнелтілсе, 11 мың 200 тонна шұжық өнімдері мен 1 мың 468 тонна құс еті Ресейге экспортқа шығарылған