Түркістанда эпидемиологиялық жағдай тұрақты
Түркістан облысында COVID-19 індетіне қатысты эпидемиологиялық жағдай тұрақталды. Ауру жұқтырғандардың саны күн санап азайып келеді.
Ресми мәлімет бойынша бүгінгі күні облыста коронавирустық инфекцияның расталған 2615 жағдайы тіркелді. Соңғы бірнеше күн бойы бір күндік өсім 0.9 пайызды құрап, эпидемиологиялық жағдай тұрақталды. Бұл туралы Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің төрағалық етуімен өткен лездемелік жиында айтылды.
Облыс бойынша соңғы 1 аптаның аралығында аурушаңдық алдыңғы аптамен салыстырғанда 14,2 пайызға төмендеген. Яғни, аурушаңдықтың төмендеу үрдісі байқалады. Індет облыстың барлық аудан, қалаларында тіркелген.
Бүгінгі таңда облыс бойынша 2116 адам коронавирустық инфекциядан жазылып шықты. Инфекциялық стационарларда 124 науқас емделуде, симптомдары жоқ 569 тасымалдаушылар амбулаториялық ем қабылдауда.
Облыс басшысы карантин режимі талаптарының қатаң орындалуын мониторингілеу бойынша мобильді топтың жұмысын жандандырып, қоғамдық орындарда дезинфекциялау жұмыстарын күшейтуді тапсырды.
Қазіргі уақытта облыстың қала-аудандарында мобильді топтар тәлуік бойы жұмыс істеуде. Аурудың дер кезінде анықтау, науқастарға медициналық көмек көрсетуде аталған топтардың еңбегі зор болды. Осындай шұғыл шаралардың нәтижесінде өңірлерде аурудың өршуіне жол берілген жоқ.