Биылғы жыл шаруалар үшін ырысты болғалы тұр

Oinet.kz 17-07-2020 662

003.png


Түркістан облысы Төлеби ауданы Кемеқалған ауылдық округінің дихандары астық ору науқанына кірісіп кетті. Бұл туралы Төлеби ауданы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады. 

Биылғы жыл шаруалар үшін ырысты болғалы тұр. Орақ науқанына алғашқылардың бірі болып кіріскен - Кемеқалған ауылдық округіндегі «Қазығұрт» өндірістік кооперативі. Өндірістік кооперативпен жер жырту, тұқым себу және жерді өңдеу секілді жұмыстар дер кезінде атқарылды. Мемлекет тарапынан берілетін арзан бағадағы жанар жағар май мен минералды тыңайтқыш та шаруалардың қолына уақтылы тиген. Соның арқасында биыл астық көлемі жылдағы жиналғаннан арттырылмақ. Қазір егіс алқабында өндірістік кооператив меншігіндегі 6 комбайн мен басқа да агро-техника тартылып, 30-ға жуық жұмысшылар жұмыс істеп жатыр. Айта кетейік, биыл өндірістік кооператив 800 гектар егінді алқапқа мақсары, 1500 гектарға бидай, 700 гектарға арпа еккен.

Алғашқы егін ору науқанын көрмек ниетпен, әрі шаруашылықтың жұмыстарына қолдау білдіріп, ауыл ақсақалдары алқап басына келіп, «астық ору науқаны сәтті жүрсін, еліміз берекелі болсын» деп бата берді. Аталған игі бастамаға аудан әкімінің орынбасары Қанат Мылтықбеков пен Төлеби ауданы ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Кұттымұрат Тұрғынбаев қатысты.

Ауданда 2020 жылдың өніміне егілген егіс көлемі 65896 гектарды құрайды. Атап айтқанда, бидай - 13926 га, арпа - 7160 га, мақсары - 11728 га күнбағыс - 100 га, ескі жоңышқа - 24644 га, жаңа жоңышқа – 4804 га, сүрлем жүгері - 218 га, картоп– 1403 га, көкөніс– 1842 га, ноқат - 71 га. Ағымдағы жылы, бидайдың гектарынан 21 центнерден, жалпы 29190 тонна, арпаның гектарынан 19 центнерден 13300 тонна өнім жинау күтілуде. 2020 жылғы орақ науқанына 41 комбайн және 419 доңғалақты техника қатысатын болады.


300 литр саумал-қымыз таратылды
Баға тұрақтылығын сақтау мақсатында
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу