Онлайн тапсырыстар беру жолы үйретілді
«Азамматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ Түркістан облысы бойынша филиалы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті қызметкерлері еріктілермен бірге қауіпсіздік шараларын сақтай отырып, бетперде , медициналық қолғаптармен жабдықталып «Қалтадағы ХҚО» атты акциясын Түркістан облысы, Түркістан қаласының сауда үйлерінде өткізді.
Акция барысында еріктілер мен корпорация қызметкерлері тұрғындарға халыққа қызмет көрсету орталықтарының жаңа жұмыс істеу форматымен таныстырып, электронды үкімет порталын пайдалану және портал көмегімен мемлекеттік қызметтерге «Азамматтарға арналған үкімет» бөлімдеріне бармастан онлайн тапсырыстар беруді, сондай-ақ Телеграмм жүйесінде EgovKzBot2.0, Mgov бағыты бойынша қызметтер алу, ХҚОна кезекті алдын ала брондау жолдарын үйретіп, ақпараттық брошюралар таратты.
Акцияға қызыға қатысушылар онлайн-қызметтер алудың жолдарын үйрене отырып, өздеріне қажетті анықтамаларын, электронды үкімет порталы туралы көптеген сұрақтарына ұтымды жауаптар алды.
«Қалтаңыздағы смартфон халыққа қызмет көрсету орталықтарына бармай-ақ, сұранысқа ие мемлекеттік қызметтерді жылдам алуға көмектеседі. Азаматтар электронды форматқа аударылған және egov.kz порталында қолжетімді барлық мемлекеттік қызметтің 80%-дан астамын тек өздігінен немесе бұрынғыдай ХҚО ғимараттарында емес, әкімдіктер жанындағы кеңселерде, оқу орындарында, медициналық ұйымдарда және т.б. жерде орналастырылатын өзіне-өзі қызмет көрсету секторларында ала алады. Алдағы уақытта бұл іс-шара облысымыздың басқа да аудандарын қамту жоспарлануда»,- деді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ Түркістан облысы бойынша филиал директоры Ержан Жеңісбеков.
Естеріңізге сала кетейік, төтенше жағдай режимі алынып тасталғаннан кейін ХҚО ғимараттарында азаматтардың жиналуын және қызмет алушылардың вирусты жұқтыру жайдайларын болдырмау үшін ХҚО-лар egov.kz порталында қолжетімсіз және тек алдын ала брондау арқылы «қағаз» жүзінде көрсетілетін қызметтерді (106 мемлекеттік қызмет) ғана ұсынады. ХҚО-ға кезекті еgov.kz порталы, eGovKzBot2.0 телеграм-боты немесе 1414 байланыс орталығына қоңырау шалу арқылы брондауға болады.