«Бастау Бизнес» жобасы онлайн оқытылады
Облыс экономикасына айтарлықтай үлес қосуда кәсіпкерлердің де рөлі орасан. Атап айтсақ, жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны өткен жылы 142 мыңға жеткен. Бұл көрсеткіш бойынша облыс республикада екінші орында. Бұл – өңірімізде кәсіпкерлікті қаржылай емес қолдау шараларының қарқынды жүргізілуінің нәтижесі. Оларға әкімдік жанындағы «Түркістан» кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы» мен «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасы арқылы кеңестер беріліп, қызметтер көрсетіліп келеді.
10 маусымнан бастап «Бастау Бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлік жүргізу негіздеріне арналған оқытудың тегін курстары басталатын болады.
Биылғы жылы қабылданған карантиндік шараларды ескере отырып, "Atameken Academy" онлайн платформасы арқылы қашықтықтан онлайн-оқыту қарастырылған. Халықты жұмыспен қамту орталықтарында (әрі қарай – Орталық) тіркелген-тіркелмегеніне қарамастан жұмыссыз адамдар, ҚР Үкіметі айқындайтын жұмыспен қамтылған адамдардың жекелеген санаттары оқыту қатысушылары болып табылады.
Оқу мерзімі 21 күннен аспайды. Бағдарлама қатысушыларына сертификат беріледі.
Жоба шеңберінде онлайн-оқыту үшін қатысушылар Орталыққа жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесін қоса бере отырып, оқудан өту туралы өтінішпен жүгінуі тиіс. Орталықтар үміткердің мәртебесін жобаның нысаналы тобына сәйкестігі расталған жағдайда оқуға жолдама береді.