«Күлтөбе қалашығы» жобасы Ішкі және сыртқы туризмнің дамуына ықпал етеді
Киелі Түркістан өңірінде жүзеге асып жатқан ауқымды жобаның бірі - «Күлтөбе қалашығы». 2019-2021 жылдарға жоспарланған бұл жоба ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, «ERG Көмек» корпоративтік қоры мен Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институтының арасындағы меморандумы арқылы жүзеге асуда.
Сондай-ақ, «Күлтөбе қалашығы» Түркістан облысының 2024 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық даму жоспарымен де қабысады. Мәдениет институты баспасөз қызметінің мәліметіне қарағанда, қазіргі күні жобаның алғашқы кезеңдегі дала маусымы аяқталған.
«Күлтөбе қалашығы» археологиялық паркі әйгілі Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің маңындағы «Әзірет Сұлтан» мұражай-қорығының аумағында орналасқан. Қазірдің өзінде мұнда туристер, қала қонақтары сонымен қатар, ежелгі өркениет тарихына қызығатын ізденушілер, мамандар қысқа маршрут арқылы сол дәуірге саяхат жасап, археологтар мен сарапшылардың қызықты әңгімесін тыңдай алады. Жобаның ғылыми жетекшісі PhD докторы, қауымдастырылған профессор Андрей Хазбулатовтың айтуынша, бұл жобаның басты ерекшелігі Күлтөбе-Яссы қалашығының сақталу сатысы мен корреляция деңгейін тұтастай Түркістан шұратының рухани, діни маңыздылығымен бірге қарастырумен байланысты. Бұл қалашықтың жайғасу кеңістігін археологиялық, мәдени зерттеулер төңірегіне жіті мән беруге жетелейді.
Таза ғылыми мүддеден бөлек, бұл нысан ішкі, сыртқы туризм және тарихи-мәдени әрі еліміздегі кие тұтушылардың тәуәп ету саяхаты тұрғысынан да инвестициялық тартымдылық бойынша маңызды.