Білім саласын цифрландыру - бәсекеге қабілеттілікті арттырады
Мемлекет басшысы кәсіпорындар мен жалпы елдің бәсекеге қабілеттілігін арттыруда, сондай-ақ халықтың өмір сапасын жақсартуда цифрландырудың аса қажет екенін айтқан болатын. Әсіресе, білім саласын цифрландыру бәсекеге қабілеттілікті арттыратындығына тоқталған. Нәтижесінде «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы ааясында бүгінде көптеген жұмыстар атқарылып жатыр.
Түркістан облысында барлық мектептерде жұмысқа қабылдаудың автоматтандырылған jumys.snation.kz жүйесі ендірілді. Аталған жүйе жалпы орта білім беру ұйымдары педагогтарын жұмысқа қабылдауды және конкурстық тағайындау барысын автоматтандырады. Сонымен қатар, онда білім ұйымдарындағы техникалық қызметкерлердің бос орындары жайлы хабарламалар орналастырылады. Айта кетерлігі, өткен жылы өңірде 4282 адам осы жүйе арқылы жұмысқа орналасқан.
Сондай-ақ, былтыр облыста педагог кадрларды аттестаттау алғаш рет электронды түрде өткізілді. Жүйе арқылы педагог өзінің жетістіктері туралы мәліметтерді өздеріне берілген логин және пароль арқылы кіріп өтініш жіберіп, аталған өтінішті сараптамалык комиссия мүшелері қарап өз бағаларын береді.
Облыс бойынша «Bilimland» цифрлық білім беру жүйесіне 100 пайыз мектептер қосылған. Сонымен қатар, облыстық бюджеттен цифрлық білім беру ресурстарымен қамтылған «Bilim Book» компьютер-планшет сатып алынып, шалғай жерде орналасқан интернет жылдамдығы төмен 235 мектепке берілген.