Жаннета Жазықбаева: «Балалардың өмірін таразыға салуға болмайды»
Биыл Қазақстан үкіметі отбасылық саясатқа, ана мен баланы қорғау жұмыстарына ерекше көңіл бөлініп отыр. Сөзіміздің дәлелі ретінде жақында ғана мемлекет басшысы қол қойған әйел құқығы мен бала қауіпсіздігін қамтамасыз етуге байланысты заңдарды айтсақ болады. Заң жобасын әзірлеуге Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның, сондай-ақ Ұлттық құрылтайдың мүшелері белсене қатысқан.
Сенатор Жанна Асанова заңдар мемлекеттік отбасы саясатының құқықтық, әлеуметтік, институционалдық және өзге де негіздерін жетілдіруге, отбасылық-тұрмыстық саладағы зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталғанын айтқан еді.
«Қазіргі уақытта тұрмыстық зорлық-зомбылық саласында қалыптасып отырған жағдай мен оның статистикалық көрсеткіштері осы саладағы құқық бұзушылықтарды криминалдандыруды, жазаның бұлтартпастығын қамтамасыз ететін тиімді құқықтық база қалыптастыруды талап етіп отыр», - деген еді сенатор.Осы тақырыптар аясында Шымкент қаласы бойынша бала құқықтары жөніндегі уәкілі, әкім кеңесшісі, «ЖИТС-тен балаларды қорғау» қайырымдылық қоғамдық қорының президенті, «Әйелдер күштері Альянсының» ЗТБ Шымкент қаласы мен Түркістан облысы бойынша төрайымы, Жаннета Жазықбаевамен әңгімелесіп қайтқан едік.
– Жаннета Қанайқызы, әңгімеміздің әлқиссасын бүгінде атқарылып жатқан қызметтеріңізден бастасақ. Өзіңіз бас болып жүрген қоғамдық қор, ұйымдардың хал-жайы қалай?
– Бала құқытары жөніндегі уәкіл болған соң, менде түрлі жағдайға тап болған, құқығы бұзылған балалардың 14-ке тарта жағдайының статистикасы бар. Оның ішінде, суицид, зорлық-зомбылық, буллинг секілді құқықбұзушылықтардың ауқымы кең. Мұндай жағдайға ұшыраған балалардың соттарына да қатысып жүрміз.
Одан бөлек, күнделікті 8-10 арыз-шағым түсіп отырады. Отбасылық дау-дамайды шешу бойынша, мүлікті бөлу, балаларды бөлісу бойынша кеңес сұрап немесе далада қалып көмек сұрап жазатындар да бар.
Негізі «Бала құқығы жөніндегі уәкілеттілік» бұл – қоғамдық жұмыс. Бұл қызметке 2022 жылы тамыз айында тағайындалған болатынмын. Содан бері 2 жылға жуық уақыт өтті. Қаңтар айында Шымкент қаласының қазіргі әкімі Ғ.Сыздықбековке өз есебімді беріп, біраз ұсыныстарымды айтқан едім. Сол ұсыныстардың ішінде бұрыннан қозғалып жүрген балалардың қауіпсіздігін күшейту бойынша, балалардың қоғамдық көлікте тегін жүру мәселесін көтерген едік. Бұған дейін мұндай мүмкіндік І-топтағы мүгедектерге, «Батыр ана», «Алтын алқа», «Күміс алқа» төсбелгі иегерлеріне, тыл ардагерлеріне, зағип жандарға және олармен бірге жүретін бір адамдарға ғана берілетін еді. Ал балалар, белгіленген жолақысының жартысын төлейтін. Енді, осы жылдың 1 мамырынан бастап оқушылар да тегін жүре алады. Тек оқушылар емес сонымен қатар, жалпы ардагерлерге, «Қазақстанның Еңбек Ері» атағына ие болғандарға, ҰОС жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСРО ордендерімен және медальдарымен наградталған адамдарға, саяси қуғын-сүргiндер құрбандары ретiндегі адамдарға, екінші топтағы мүгедектігі барлар мен мүгедектігі бар балаларға, 70 жастан асқан зейнеткерлерге де тегін жүру мүмкіндігі беріледі.
– «Балаларды АИТВ-дан қорғайық» қоғамдық қорының іргетасын қалағандарыңызға 18 жылдың жүзі болып қалыпты. Бүгінде осы отырған оңалту орталықтарыңызда ДЦП балалармен жұмыс істейтіндеріңізді білеміз. Екінші қызметтеріңіз қашан, қалай басталды? Ауырлық туғызбай ма?
– ДЦП балалармен жұмыс істеу жайлы ұсынысты 2015 жылы сол кездегі Шымкет қаласы әкімінің орынбасары болып тұрған Гүлнар Құрманбекова тастаған еді. Өйткені ол кезде ДЦП балалар өте көп, ал оңалту орталықтары тым аз болатын. Әрине, мен оған дейін АИТВ инфекциясына шалдыққан балалармен жұмыс істегеннен кейін ДЦП балалармен жұмыс істеу деген – өте үлкен жауапкершілікті қажет етті. Оның да өзіне тән қиындықтары, жұалаң тұстары бар еді. Алдымен осы бойынша 2 айға жуық зерделеу жұмыстарын жүргізіп, Мәскеу мемлекеттік университетінің профессорымен арнайы байланысқа шығып, сол кісіден сабақ алып, әртүрлі мастер кластарына қатыстым. Мұның бәрін әрине ақылы оқыдым. Кейін талаптарға сай болу үшін несиеге арнайы құрал-жабдықтарын, төсек-орын алып жұмысымызды бастадық. Оңалту орталығымыздың атын ұлтымыздың болашақ бағландарына арнап ашқандықтан «Болашақ» деп қойдық. Алғашында 15 бала қабылдадық. Кейін келе балалардың саны 60-қа дейін өсті. ДЦП баланы қарау да оңай шаруа болмағандықтан, ол балалардың ата-аналарының көпшілігі жұмыссыз ғой. Сол себепті, орталығымызға келген балалардың 10 шақты ата-анасы осы оңалту орталығымызда жұмыс істеп жүр.
Бұл жерде 5 күн ДЦП балалармен, сенбі-жексенбі күндері ВИЧ инфекциялы балалармен жұмыс істейміз. Әр түрлі семинар, тренингтер өткіземіз. Диагноздарын аштырып, ВИЧ СПИД-тің не екенін, онымен қалай өмір сүру керек екенін түсіндіріп, ішіп жүрген өмірлік дәрі-дәрмектерінің туызуы мүмкін қиыншылықатырын, құрбыларына бұл жайлы айтудың немесе жасырудың қажеттігі жайлы бірсыпыра оқытып отырамыз. Балаларды 2017 жылы Астанада өткен EXPO-2017-ге де алып бардық. Одан да бөлек, кез келген жобаларға қатыстырып, жазғы лагерлерге жіберіп, қоғаммен үрейсіз араласуға үйретеміз. Мемлекеттік бюджеттен бөлінетін ақшаға қарап отырмай, өзім де жан-жақтан әр түрлі жобаларға қатыстырып, балаларға осындай мүмкіндік жасауға тырысып жүрмін.
Мойныма үлкен жауапкершілік артып алғанымды білемін. Осы 10 жылдың ішінде біздің орталық Шымкенттегі үкіметтік емес секторлардың ішіндегі ең үздік оңалту орталықтарының бірі болды. 10 жыл ішінде 3 рет күрделі құрылыс жұмыстарын жүргіздім. Шыны керек, балалар орталығы болған соң ерте-ақ тозуға айналады. Сол үшін де балалар бұл жрді барынша өз үйіндей сезінуі үшін, дискомфорт тудырмау үшін барымызды салып жүрміз. Мекеменің жан-жағына гүл егіп, ағаш отырғызып тастадық. Мемлекет тарапынан құрылыс жұмыстарына, коммуналдық шығындарына бюджет бөлінбейді. Азаматтық құқық объектісі болғандықтан коммуналдық тарифтері де жоғары болады.
– Біраз жыл бұрын АИТВ-мен ауырған балаларға шошып қарайтын халықтың қарасы көп еді. Мұндай көзгетүртушіліктер әлі де бар ма?
– Біз балалармен де, ата-анасымен де олардың әлеуметпен араласуына, жұмысқа тұрғызу мәселелері бойынша, шеттету, кемсіту, алалау бойынша түрлі жұмыстар жүргіздік. Жиналыстар өткіздік. Шымкенттегі болған оқиғадан кейін бүгінде қоғамның санасы, АИТВ-мен ауырған балаларға деген көзқарасы әлдекқайда өзгерді. Халықтың бойы үйренді. Ол балалардың қауіпті емес екеніне көздері жетті. Олардың да отбасын құрып, дүниеге дені сау балалар әкеліп жатқанына куә болып жүрміз. Әрине 100% халық мұны түсінді, қабылдады дей алмаймын. Дегенмен көзі ашық азаматтар, жан-жақты ізденгендер, әсіресе жастар бәрінен хабардар, қабылдай алады.
Біз әрине бұл дертке шалдыққан балаларға үйленер алдында болашақ жарларына бұл туралы қалай жеткізу керек екенін айтып түсіндіреміз. Керек десеңіз, босану кезеңінде перзентхана дәрігерлермен тікелей байланыста отырамын. Сол дәрігерлермен толыққанды бірлесіп жұмыс істейміз. Шыны керек, денсаулық, білім, әлеумет басқармалары бір-бірімізбен тығыз байланыстамыз. Себебі біз үкіметтік ұйым емес болғаннан кейін, тек бір бағытта емес, жан-жақты мәселелерді қамтып отырамыз.
Біздікі Шымкенттегі балалар құқығының уәкілеттілігі болғандықтан тәуекел деп балабақшада болып жатқан тәрбиешілердің қатыгездігі, отбасылық дау-дамайдан жәбір көрген балалардың құқығы, әлеумет тарапынан буллингке ұшырауы, суицид мәселесі, балаларды білім ордаларының қалай тамақтандыратындары бойынша да мәселелерді назарымыздан тыс қалдырмаймыз. Әкімдіктің ішінде кәмелет жасқа толмаған балалардың мәселесі бойынша тұрақты комиссиясы бар. Сол комиссиямен айына кемі бір-екі рет жиын өтеді. Ол жерде өмірлік қиын жағдайға тап болған, құқықбұзушылық жасаған балалардың тағдыры шешіледі. Ол балалар үшін білім басқармасының қандай жұмыс атқарғаны, тәртіп сақшыларының қандай шара қолданғандары, балаларды қолдау орталықтарының әрекеттері талқыланады.
– 15 сәуірде Президент Қ.Ж.Тоқаев әйел құқығы мен бала қауіпсіздігін қамтамасыз етуге байланысты заңдарға, өзгертулерге қол қойды. Бұл оң өзгерістердің бастамасы бола ала ма?
– Қазіргі таңда мемлекетіміз осы балаларға басты назарын аударып отыр. Дегенмен қанша жерден балаларға қатысты зорлық-зомбылықтарды, құқықбұзушылықтарды, қылмыстарды ауыздықтауға тырысқанымызбен, әзірге айылын жимай тұр. Президент қол қойған заң бүгін көтерілген мәселе емес. Бұған Ұлттық құрылтай мүшелері, үкіметтік емес ұйымдардың, Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның, Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың өкілдері, Білім министрлігінің ішіндегі балалардың құқығын қорғау комитеті және Балалар құқықтары жөніндегі уәкілі араласты. Айтпақшы біз Білім министрлігінің ішіндегі балалардың құқығын қорғау комитетімен мемарандумға тұрдық. Себебі, біздің негізгі мақсат – балалардың құқығын қорғау.
Иә, бағымызға орай, 15 сәуірде Президентіміз «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының заңдарына қол қойды. Соның ішінде 15-ке жуық заңнамаларға өзгеріс енгізілді. Шыны керек, алайда осы қабылданған заңға байланысты қоғамда кері пікірлер де айтылып жүр. Бұл мәселені терең түсінбеген азаматтардың пікірі деп қабылдадым. Әйтпесе, қаузар болсақ қаламыздан болмаса да, алыс-жақын елді-мекендерден құқығы бұзылған әйелдер мен қауіпсіздігі қамтылмаған балалардың шығары анық. Мысалы, Қазақстан Республикасында 12 мыңға жуық бала өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасылардың есебінде тұрады. Ол отбасылардың балалары бақылауда болады, тиісті алдын алу жұмыстары жүргізіледі. Ел ішінде балаларға қол көтерсе, алып қояды деген үрей бар ғой. Ол өтірік. Керісінше сол балалар мен ата-аналарына психологиялық қолдау жүргізіледі. Бізде «Бақытты жанұя» дейтін отбасыны қолдау орталықтары бұрыннан бар. Одан бөлек, зорлық-зомбылықтың алдын алуға қатысты бір емес, екі орталығымыз бар. Биылғы жаңалық білім басқармасының ішінен психологиялық қолдау орталығы ашылады. Яғни, білім саласындағы психолог мамандар, білікті болуы, өз қызметін тиісті деңгейде атқаруы қажет. Егер тәжірибесі жетпей жатса, жаңағы орталыққа жүгінуге мүмкіндігі бар. Сол жерден баламен қосымша жұмыс жасау методикасын меңгеріп, кеңес ала алады. Әрі қарай да проблема шешімін таппай жатса, білім басқармасының ішіндегі орталық мәселені өз қолдарына алады.
Одан бөлек, балаларды «өзіне қол жұмсауға дейін жеткізу» бабымен ұсталғандарға да жаза қатаңдатылады. Сосын бұған дейін отбасындағы дау-дамайдан кейін анасы балаларын алып, үйінен кетуші еді. Енді жаңа заңнамалар бойынша үйден ана мен бала емес, әкесі өзі кетуі керек. Өйткені әйел бала-шағасымен шұбырып қайда барады? Қолдау орталықтары да оларды шексіз қабылдай алмайды ғой. Қосымша сол абьюзер, алкогольге, есірткіге тәуелді азаматтарға арнайы денсаулық сақтау басқармаларының ішінде арнайы емдеу, психологиялық қолдау, наркологиялық орталықтары бар. Бәрі де анонимді түрде жүзеге асады. Бұл, әлгі азаматтарға өмірлік ұстанымдарын өзгертуге, тәуелділіктерінен, жаман әдеттерінен арылуға, болашағын құтқарып қалуға зор мүмкіндік. Егер, ол еркекпен жұмыс істелмесе, әйел ажырасқан күннің өзінде зиян келтіруі бек мүмкін.
– 2006 жылы 200-ге жуық баладан ВИЧ инфекциясы табылып, ел ішін дүрліктіріп жібергенін білеміз. Қазір білуімізше сол балалардың алды жоғары оқу орындарында оқып жатыр. Жалпы сол балалардың жағдайы қалай?
– Ол балалардың 60-70%-ы мектеп бітіріп, оқу орындарында оқып жатыр. 30-40%-ы әлі де мектеп оқып жүр. Шыны керек, біз ол кезде балаларды ауруханаішілік, ауруханаішілік емес деп бөлген жоқпыз. Жалпы мұнда таразының басында балалардың тағдыры тұрды. Ал, балалардың өмірін таразыға салуға болмайды. Баланың ешқандай кінәсі жоқ. Сондықтан мен «Балаларды АИТВ-дан қорғайық» қоғамдық қорына директор болғаннан кейін әкесі кінәлі, дәрігер кінәлі деген шектеу қоймадым. Ал, менің бұл қорға басшылық қызметім 2009 жылдан басталды. Оған дейін атқарушы директоры едім.
Бірқатар, шамамен 15% балалар отбасын құрып, ішінде балалы болғандары да бар. Сап-сау балалар туып жатыр. Барлық балалар отбасын құратын кезде осында келеді. Өйткені, болашақ жарына инфекция туралы шындықты жеткізудің де жауапкершілігін бізге артып қойды. Ата-аналар «Біз дұрыс жеткізе алмаймыз. Жылап қаламыз» деп түсінбеушілік болып қалудан қашады. Тіпті, үйленген соң неке түні жайлы, көтеру, босану, босанғаннан кейін баланы баптау жайлы барлық дүниені біз бақылаймыз.
– Мұның бәрі ақысыз жүзеге асырыла ма?
– Иә, бұл негізі ақысыз жұмыс. Менің ДЦП балалардың орталығын ашуымның астарында да үлкен маңыз жатыр. Сырт көз пайда табу үшін, кәсіп ашты деп ойлар. Біріншіден, «Балаларды АИТВ-дан қорғау қоры» десең қоғам үрке қарайды, әрі-бері өткендер кіріп-шыққан адамдарға саусақ шошайтып қарамасын деген ой. Екіншіден, ВИЧ инфекциясы бар балалар, ДЦП балаларды көргенде «тағдыр тезіне түсіп жүрген жалғыз өзіміз екен» деп ойламас, шүкіршілік етер деп ойладым.
Мен АИТВ балаларды тастап, ДЦП балалармен жұмыс істеп кеткен жоқпын. Бәрімен де тығыз байланыстамын. СПИД центрмен де үнемі байланыстамыз. Біздің специфика осы болып тұр. Денсаулық сақтау басқармасында ВИЧ-ке байланысты нашақорларға, жеңілжүрістілерге, еркекпен еркек арасындағы сексуалдық қатынасқа ғана арналған жобалар бар. Біз АИТВ қызметтік ұйымы болған соң сол конкурстарға да қатысамыз. Біздің мақсат инфекцияның алдын алу. Ішкі саясатта, жастардың арасында синтетикалық есірткіге байланысты жобалар бар. Ол жобаның қаншалықты сапалы жүргізіліп жатқандығы басқа әңгіме.
Әрине, жұмыс үкіметтік болмаған соң қанша энергияны, қажыр-қайратты, қаражатты талап етеді. Қоғам белсендісі болған соң қол қусырып та отыра алмайсың. Негізі бала құқығы жөніндегі уәкіл ретінде біраз қиыншылықтарға тап болып жатырмын. Себебі, халықтың мұң-мұқтажын тыңдау үшін, олармен сұқбаттасу үшін бізге арнайы ғимарат ауадай қажет. Биыл біз отырған ғимаратты босату керек болып отыр. Енді заңнамаларға өзгерістер енді ғой. Осы заңнан соң өңірдегі уәкілеттерге де мемлекет тарапынан қолдау күшейеді деп сенемін. Мойныма алған жауапкершіліктің ешбірінен ат тонымды ала қашар ойым жоқ. Алда ғимарат мәселесі де оңынан шешіледі деп үміттенеміз.
– Біздегі адамшошырлық қылмыстардың бірі педофилия. Бұған дейін педофилдерге кастрация жасатып, бостандыққа шығарып жататын еді. Енді қалай болады? Оңтүстікте сол педофилдердің құрбаны болған балалар баршылық. Сіздерден көмек сұрап келетін балалар бар ма?
– Иә, енді балаларға сексуалды сипаттағы зорлық-зомбылық көрсеткен педофильдерге кешірім болмайды. Олар жазаға өмір бойына кесіледі.
Былтыр бір жағдай болды. Педофил әкесі қызын 2 жыл бойы зорлап келген. Әкесі үйленіп, әйелі жүкті кезінде қылмыс жасап, 7-8 жылға сотталып кетеді. Түрмеден шыққан кезде қызы мектепке барып қалған. Қызының туған кезін, сөйлеген шағын, алғаш қадам басқан сәттерін көрмегендіктен, тәрби бермегендіктен өзінің қызы ретінде қабылдай алмаған. Оның үстіне, түрмеден шыққан соң тағы бірнеше балалы болады. Сол балаларды өзінің баласы деп санап, үлкен қызын бөтенсіне берген екен. Кейін қыз 12-13 жасқа келгенде басында қол жүгіртіп, тиісе бастаған. Анасына айтқанымен қолдау болмаған. Содан соң қыз нағашы жеңгесіне айтып, жеңгесі ағасына айтып, арызданды. Түбінде педофил әкесі 15 жылға сотталды.
Мен осындай сексуалдық зорлық-зомбылық орын алғанын естіген кезде алдымен мектеп директорының тәрбие жөніндегі орынбасары мен психологын шақыртамын. Себебі, тергеу амалдары, суд.мед.экспертиза өтіп болғанша, әңгіме ел арасына тарап кету қаупі тағы бар, оған дейін зорлық көрген бала суицид жасап қоюы мүмкін. Оған асқан төзімділік керек. Сол үшін анонимділікті сақтаудың да маңызы зор.
Одан бөлек көшеде, қоғамдық көлікте, аялдамада, мектеп, балабақша маңында мүшесін көрсетіп, немесе балаларға қол жүгіртетін азаматтар да бұдан кейін жауапкершілік арқалайды. Себебі, олар да қоғамға қауіпті, ауру адамдар.
Одан кейін кәмелет жасқа толмаған қыздардың, әлеуметтік желіде жігітпен сөйлсекенде абай болса екен деймін. Себебі, мұндай да жағдайлар орын алып жатыр. Мектепте оқитын қыз бала, жасын үлкейтіп әлеуметтік желіде үлкен жігітпен танысқан. Сұрастырсақ анасы екінші рет тұрмысқа шыққан екен. Содан анасының назары, мейірі түспегендіктен, жылулықты сырттан іздеген. Әлгі танысқан жігіті қызды қонақүйге апарып, қыздығына тимей ойына келгенін істеген. Оны дәлелдеудің өзі мұң болды. Бұлтартпайтын айғақтар болмаса, мойындамас та еді. Дегенмен, іс әлі біткен жоқ. Қыздың қыздың пердесіне зақым келмеген. Оның үстіне, қыз өз еркімен барды деп ақталып отыр.
Сондықтан ата-аналар «қызды қырық үйден тыйым» деген ата сөзін алға тартып, бала тәрбиесі мен қауіпсіздігіне жіті мән берсе екен деймін. Баланы қай жаста да еркелетіп, мейірім-махаббатын төгіп отыруды да ұмытпаған жөн. Бала ата-анасына керек екенін сезіну керек.
Бар болғаны 20 миллион халықпыз ғой. Оның 6 миллионы балалар. Сол балалардың болашағына немқұрайлы қарамай, мінез-құлқынан, жүріс-тұрысынан өзгеріс байқасақ, қолұшын созуға, қолдауға асығайық. Қабылданған заңнан соң оң өзгерістердің болатыны анық. Себебі, әр адам әйелге, балаға қиянат қылардың алдында, біруақ ойланатын болады.
– Мүгедек балалардың зорлыққа ұшыраған жағдайлары кездесті ме? Олардың құқықтары қалай қорғалып жүр?
– Әрине, мүгедектерді зорлау мүлдем орын алмайды деп айта алмаймын. Ел естіп, көріп жүр ғой. Жеке менің практикамда мұндай жағдай кездеспеді. Біздің орталықтың балаларының қауіпсіздігін ең басты орынға қоямын. Қызметкерлерді қабылдаған кезде де осы дүниеге баса мән беремін.
Қазіргі таңда мемлекет тарапынан мүгедек балаларға тиісті дәрежеде жағдай жасалып жатыр. Аутизм, даун, психоневрологиялық біраз орталықтар ашылды. Мектептерде инклюзия сыныптары ашылып жатыр. Жалпы әр мүгедек бала білім алуға құқылы. Егер интеллектісі жартылай болса да сақталса, ел қатарлы білім алады. Бұл әрине білім басқармасына тиісті шаралар. Ал, әлеумет саласында реабилитациялық орталықтар, массаж, парафин, логопед, психолог, иппотерапия, бассейн сынды мүмкіндіктер қарастырылған.
Бұл жердегі мәселе, 18 жастан асқан мүгедек азаматтарға осындай орталықтар аз. Бізде «Рақмет саған, анашым» дейтін 20 адамға арналған шағын орталық бар. 2 мүгедек баласы бар Алмагүл есімді ана өз үйінен сондай балаларға арнап орталық ашқан. Мемлекет тарапынан осы мәселеге енді-енді қаржы бөлініп, алға қойылып жатыр. Алда бұл мәселе де оң шешімін табады деп ойлаймын.
– Әрине, мемлекет тиісті шараларын атқара жатар. Сіз секілді жанашыр азаматтар да қолынан келгенін аянып қалмас. Дегенмен алдағы уақытта мүгедектікті, инфекцияны болдырмаудың қандай да бір шаралары бар ма?
– Мен халықты отбасын құруды жоспарлауға, жүктілікті жоспарлауға атүсті қарамауға шақырғым келеді. Себебі, бәрі осындай кішкентай жауапкершіліктерден басталады. Жергілікті емханалардағы әлгіндей отбасын жоспарлау туралы орталықтары үнемі бос тұрады. Денсаулықтағы кінәратты алдын ала анықтап, ертерек қам жасап, болашақ баланың сау тууына дәнекер болатын алдымен ата-ананың өзі.
Одан бөлек, зиян тағамдардан, энергетикалық, газды сусындардан, вейп, шылымдардан, синтетикалық есірткілерден іргелерін аулақ салуларын сұраймын. Себебі мұның бәрі белгілі бір деңгейде өзінің зиянды әсерін береді. Және дұрыс тамақтануға, қимыл-қозғалысы аз жұмыстарда, спортпен шұғылдануға да маңыз берген жөн. Себебі, мұның бәрі болашақ ата-ананың денінің саулығының кепілгері. Аналар жүктілікті міндетті түрде жоспарлау керек. Туу аралық интервалды да сақтаған дұрыс. Мүгедектікті азайтудың ең қарапайым жолдары осылар. Бұл да бір сауаттылық.
– Жаннета Қанайқызы, уақыт бөліп әңгімелескеніңізге рақмет!
Әңгімелескен Сезім МЕРГЕНБАЙ