Руслан Нұрман, актер: «Көрермен образдан ой түюі керек»
Театр. Экран. Өмір. Үшеуінде де айырмашылық жоқтай. Сомдаған образдары табиғатына ұқсас – мейірімді, жүзі жылы. Жақында ғана «Сағым» атты фильм көрермендерге жол тартқан болатын. Егер оны көрген болсаңыз басты рөлді сомдаған актерға назар салмай өтпеуіңіз мүмкін емес. Өз кейіпкерін шынайы өмірдегідей бейнелеген актердың аты-жөні – Руслан Нұрман. Осы кинотуындыдан кейін онымен сұхбаттасудың сәті түскен еді.
– Аға, жалпы театр саласында жұмыс істеп келе жатқаныңызға 10 жылдан аса уақыт болды. Осы аралықтағы тәжірибеңізден не түйдіңіз? Өзіңізге қаншалықты жиі есеп бересіз?
–Жалпы театр саласында жүргеніме 18 жыл болды. Шанин театрында 2008 жылдан бері еңбек етіп келемін. Негізі театрда, кино саласында да ойнаған образдарымның әрбірінің өзіндік тәрбиесі, үлгі-өнегесі бар. Әр образдың жақсы жағын алуға тырысамын. Мейлі жаман, мейірімді болсын. Көбісі мені мейірімді жан ретінде таниды. Өзім сомдаған кейіпкерге ұқсауға тырысамын. Бастапқыда берілген сценарийлерді оқимын. Оқып болғаннан соң қандай образ екені белгілі болады. Мысалы, «Пайғамбарға сағыныш» фильміндегі Жансейіттің кейпі идеал адам. Ондай адам кемде кем. Сондай кейіпкерді сомдағаннан кейін, оның жақсы тұстарын кішкене өзіме қалдыруға тырысамын. Әрине, өзіме жиі есеп беремін. Театрда, ойнап жатқан рөлімде, дайындық барысында болсын өз-өзіме есеп беруге тырысамын. Мен мына рөлді жақсы алып шықтым ба? Көрерменге жете ме? Жүрекке жетіп жатыр ма? Сөзімдегі интонация дұрыс па? – деген сұрақтарды өзіме жиі қоямын. Орыс мектебінде оқығаннан кейін «ң», «і» деген әріптер арасында түсіп қалатындай жағдай болады. Спектакль ойнап болған соң өзіме талдау жасаймын. Көрерменге жетті ме? Ішіндегі бір көрермен болсын мен ойнаған образдан бірдеңе түйді ме? Басқа адамдар қалай қабылдады? Режиссерге ұнады ма? – дегендей сұрақтарға жауап алып тұрамын.
- Өнердегі алғашқы ордаңыз Шанин театры. Қарашаңырақтың қазіргі жағдайы мен деңгейін қалай бағалайсыз?
- Әрбірінің өсетін дәурені, өшетін дәуірі болады. Театрға алғаш келген жылдары марқұм Ерғали Оразымбетовтың қолына түстік. Ерғали ағамыздың тәлім-тәрбиесін алдық. Өте мықты режиссер. Ол кісінің қойған спектакьлдерінде ойнау көп адамға бұйырмаған, арман. Сол уақыт ерекше кез болды. Өзіміз де жас едік, құлшыныс та көп болатын. Мен үшін сол кездер ыстық көрінеді. Қазір ондай таланттар кемде кем. Режиссер Қуандық Қасымовта да Ерғали Оразымбетов секілді өзіндік стиль бар. Ол келгенде де театр жақсы көтеріліп қалған еді. Негізі актерді ашатын, деңгейін көтеретін режиссер. Жалпы, спектакльді, трактовкаларды жақсылап қоятын, актердің образдарын жақсылап ашатын, әртіске бағыт-бағдар беретін режиссер. Осы екі режиссерді құрметтеймін, бағалаймын.
- Абай «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым» деп еліне жырын арнап, өз қоғамына ренішін білдірсе, Гамлет «Бүкіл әлем – абақты, соның ішіндегі ең жаманы – Дания» деді. Екеуінің табиғатында ұқсастық бар ма? Сіз сомдаған Абай мен Гамлеттің айырмашылығы неде?
- Екеуінің ұқсастығы жер мен көк сияқты. Өйткені Абай өзіміздің қазақ даласының біртуар азаматы. Ал, Гамлетке келер болсақ ол Еуропа жақтың адамы. Оның менталитеті бөлек. Біздің Абайымыз бөлек. Екеуі бір-біріне мүлде келмейді. Мысалы ретінде айтсақ, орыстардың ойлау қабілеті басқа, қазақтың ойлау қабілеті мүлде бөлек. Мен үшін екеуі жер мен көк. Абай елі үшін жырлаған, философ, ілімі мол, білімді адам. Ал, Гамлет Еуропаның мәдениетімен жүрген адам. Негізі пьесаға келетін болсақ мұндағы тек бір ғана адамның өз отбасындағы ғана мәселе. Әкесін ағасы өлтіріп қояды, әрі қарай жалғаса береді деген секілді. Ал, Абай күллі қазақ елінің, жұртының мәселесін тілге тиек етіп, надандықты, білімсіздікті жырлап өткен.
- Жақында ғана көрермендерімен қауышқан "Сағымдағы" Сырым мен "Пайғамбарға сағыныш" фильміндегі Жансейіт екеуі бір-біріне мүлдем қарама-қарсы образ? Екітүрлі образдан қандай қорытынды шығардыңыз?
- Осы фильмнің сценарийі жазылып, маған оқып көріңізші деп жіберілген кезде, «сіздің табиғатыңызға келмейді-ау» - деген болатын. Алайда, өзім бұл рөлге қызықтым. Режиссермен, сценарий жазған жігітпен образ істеп көрейік деп ақылдастық. Сосын мен айттым, «бұл басқа ағымға кейін ауысты ғой. Мүмкін ол басында өзінің бауырларымен жақсы қарым-қатынаста болған шығар» – деп бір-екі жерлерін өзгерттік. Айрандай ұйып отырған отбасының берекесін теріс ағым бұзды. «Сағым» біраз адамға тәлім-тәрбие, үлгі-өнеге берер деген ниетпен шығарылған фильм. Қазіргі таңда, қоғамда мұндай жағдайлар көп. Басқа ағымға кетіп, өз отбасының шаңырағын ортасына түсіріп жатқан адамдар да жетерлік. «Осы фильмнен соң сақалдылар келіп тиіспей ме?» деген сауалдар болды. Ол жағынан әрине, кішкене қорқыныштың болғаны рас. Бірақ мен үшін ең бастысы, осы образдан ой түсіп жатса, оның өзі үлкен жетістік деп ойлаймын.
Ал, «Пайғамбарға сағыныш» фильміндегі Жансейіт - идеал образ. Ол кейіпкерден көп нәрсе алуға болады. Ол образға еліктеуге, үлгі тұтуға болады.
- Осыдан екі жыл бұрын түсірілген «Сағым» фильмінің өз көрермендеріне кешеуілдетіп жетуіне не себеп болды?
- «Сағым» - мемлекеттік тапсырыспен, Мәдениет басқармасының қаражатымен, Жамбыл облыстық кино орталығының түсірген фильмі. Біз бір спектакльді сатып, қаражат түсіреміз, сол секілді олар да айналдырамыз деп, сол жақтағы мектеп, университет, колледждерді аралап біраз жүрді. Өзінің қаражатын өтеп болғаннан кейін фильм экранға шығарылды.
- Көпшілікке жұбайыңыз Жәудір Сарыпбекова екеуіңіз «Академиялық вайн» ұсынып жүрсіздер. Соңғы түсірілімі «Жұрт не демейді» деп аталды. Ал, сіздер көпшіліктің әңгімесіне қаншалықты көңіл бөлесіздер?
- Қазіргі жастар жеңіл әзілге әуестеніп кетті ғой. Құр жастар емес, өз арамыздағы қатарластар да жеңіл күлкіге үйір. Жарымыз екеуіміз кішкене күлкімен, тәрбиелік жағынан өзгелерге ой салсақ екен деген ниетпен мәні бар дүние істеп жатырмыз. Бірінші вайн шыққан кезде біреу айтқан еді «вайндарыңызды көрген едім, өте қызық» - деді. «Бірақ сіздердің вайндарыңызда театрдың актері ойнап жатқаны көрініп тұрады» - деді. Мен күліп: «өйткені біз Академиялық театрдың актерларымыз» деп жауап бердім. Онда «Академиялық вайн» болсын деп әзілдеп айтқан едім, сол күйі солай аталып кетті. Расында «жұрт не демейді!?», «дей береді ғой». Бұрындары жұрттың сөзіне көп мән беретінмін. Қазір, лажы болса көптің сөзін тыңдамауға тырысамын. Онсыз да, проблема аз емес. Жұрттың әңгімесінен гөрі бала-шағамды, әке-шешемді, бауырларымды ойлағаным дұрыс.
- «Гарантия» фильмі отбасы, ошақ қасындағы береке-бірлікті баяндайды. Әр туынды бір сабақ, бір өнеге беретіні һақ. Ал, сіз бұл кинотуындыдан не түйіндедіңіз? Жанұядағы бірлікті сақтайтын не нәрсе деп ойлайсыз?
- Баяғыда ауылда жүргенде ағаларымыз айтатын еді. Ол кезде біз жаспыз. Махаббат, махаббат деп жүрген кезіміз (күліп). Сол кезде айтатын: «Махаббат деген қалады. Ең бастысы бір-біріңді түсінетін, сендерді сыйлайтын әйел алуға тырысыңдар» - деп. Менің бұдан айтайын дегенім, егер жас-жұбайлар бірін-бірі түсінбесе, сыйламаса махаббат деген бір тиын. Бірін-бірі жақсы көре тұра түсініспесе, күніге айқай-шу болып жатқан үйде береке де болмайды. Кейде бір-біріміздің кемшіліктерімізді айқын байқап жатамыз. Ондай сәтте бір түйгенім: үндемей, сондағы бір-ақ минуттық ашуды тыя білу. Сол кезде ғана отбасыда береке-бірлік, ауызбіршілік орнайды.
- Тығырыққа тіреліп, шешімі жоқ сұрақтар алдыңыздан шыққан кезде санаңызға оралатын ата-анаңыздың ақылы немесе өсиеті қандай?
- Жақын арада бір тірлік бастайын деп көп ойландым. Жүрегім тыныш таппай кетті. Сол сәтте анама хабарластым. Анам телефонды көтерді де «Әу, балам» деді. Мама мына тірлік болмай жатыр, не істеймін, бір дұғаңызға қосыңызшы деп сұрадым. Сол кезде анам көзіне жас алып: «Жандарым-ау, мен сендерді әрдайым дұғама қосып жүремін ғой. Азаннан кешке дейін үнемі сендердің тілеулеріңді тілеп отырамын» - деді. Мен бір қиыншылыққа түсетін болсам міндетті түрде менің тілеуімді тілеп отыратын ата-анам бар деп қуанамын. Негізі шешімі жоқ нәрсе болмайды. Бәрінің шешімі бар. Оны өзіміз қиындатып жібереміз. Менің тілеуімді тілейтін әке-шешем бар. Демек, менің «проблемам» міндетті түрде шешімін табады.
- Кейде театр көрермендерінің қатары азайып бара жатқаны айтылып та жатады. Осы орайда, қала мәдениетін көтеріп, көпшілікті театрға шақыру үшін қандай жаңашылдық қажет деп ойлайсыз?
- Біздің облыста басқа өңірлерге қарағанда көрермен жағы мойындау керек - сәл әлсіздеу. Мысалы мен Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларына баратын болсам, «бүгін Дәурен ойнай ма, Әділ ойнай ма?» деп сұраймын. Әр актердың өз көрермені бар. Сол секілді, қазіргі заман ғаламжелінің дамыған уақыты. Сол арқылы өзімізге көрермен шақыруымыз керек деп ойлаймын. Біздің театрдағы әртістердің бәрі мықты. Соларды жақсы-жақсы фильмдерге тарту керек. Көрермендер ғаламтордан, теледидардан, кинотеатрлардан көріп, актерларды танып, іздеп келетін дәрежеге жеткізуіміз керек сияқты. Мен Нұр-Сұлтан қаласына «Жастар» театрының 10 жылдығына бардым. Көрермендердің көптігі сонша, зал лық толы болды. Дәуренді, Әділді, Мейірғатты іздеп келіп жатыр. Бәрі өз келбеттерін жасап алған жігіттер. Бізге де сондай дүние қажет.
- Әр күн, уақыт, сағат, минут, секундқа дейін есептеулі. Бірде-бір сәтті жоспарсыз өткергің келмейді. Алдағы уақытта, сізден қандай жаңалық күтеміз?
- 2014-2015 жылдардан киноға, роликтерге түсіп бастадық. Неге сол кезден бастап әлеуметтік желімен айналыспадым деп өкінемін. Бірақ, сәті осы кезге сәйкес келіп тұрған болар. Алдағы уақытта, әлеуметтік желімен айналысуды қолға алып отырмын. Жанымдағы әріптестерді, жора-жолдастарды халыққа танытқым келеді. Неге бір актер бір залды толтыра алмайды. Ол нәрсені біз де істей аламыз ғой. Мысалы, мен бүгін Гамлетті ойнап жатырмын. Унисерситетті, мектепті, мекемелерді қинап билет сатпай Русланды немесе Жәудірді, басқа да әртістерді көреміз деп бір зал, 600 орындық толса. Керемет емес пе!?
Қазіргі таңда, 5-10 минуттық әзілге құралған хикаялар түсіріліп, шығып жатыр. Мен сондай сериал, бірақ тәлім-тәрбиесі, бір-бірімен байланысы бар сценарий ойлап, жоспарлап жүрмін. Өзгелер күлкі жағынан болса, біз тәлім-тәрбие жағынан, ой салатын болсақ тіпті керемет болар еді.
Жүрегіме әсер еткен бір жағдай бар. «Сағым» фильмін түсірген жігіт үйленіп тойына бардық. Бір белгілі әнші, жас жігіт маған алыстан қарап тұр. Бір кезде ол жігіт менің жаныма таяп келіп, хәл жағдайымды сұрады да: «Аға, сіздерді көруді армандап жүр едім. Көрдім-ау» - деді. Іштей қуанып қалдым. Екеуіміз біраз әңгімелесіп қалдық. Әлгі жігіт: «Аға, менің разы болғаным жеңгем екеуіңіздің бір роликтеріңізді көріп, намазға жығылдым» - деді. Сол кезде жүрегім дір ете қалды. Сол кезде біздің істеп жатқан еңбегіміз зая кетпеген екен ғой деп қуандым. Біз түсірген дүниеден бір адам ой түйсе, жақсы жаққа қарай бұрылса, ол біз үшін үлкен жетістік, бақыт. Үлкен сауап. Мен сол кезде мынадай ой түйдім: «Мен құр бекер жүрген жоқ екенмін ғой» - деген. Адамдарға үлгі-өнеге беретін, ой салатын дүние жасағым келеді. Біреуі сәтті болады, кейбірі сәтсіз болады. Ол да бір тәжірибе. Болашақта тәлім-тәрбие беретін, көпшілік асыға күтіп, көретін дүние түсіруді қолға алып жатырмын.
Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Нұрила ЖҰМАДІЛЛӘ