Еркін Шымырқұлов, Мәдениет қайраткері: «Досыма берген сертті бұзбай үйлендім»
Үйлену, шаңырақ көтеріп отау құру – үлкен жауапкершілік. Сол жауапкершілігі жоғары жолда қос ғашықтың танысуы, бір-бірін ұнату кезі, ғашықтық сезімдерімен бөлісіп, ұсыныс жасайтын сәті, үйлену тойлары сынды әрбір оқиға олардың махаббаттарының тарихы саналады. Әркімнің отау құру тарихы әртүрлі.
Осы тақырып төңірегінде Мәдениет қайраткері, Жұмат Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрының әртісі Еркін Шымырқұловпен әңгімелескен едік. Әртіс ағамыз әңгімесінің басында күлімсіреп тұрып, ерекше әсерге еніп кеткенін жасырмады. «Алғаш танысқан кезіміз, Бибінұрымды алғаш көргендегі ұяң бейнесі, сызылып тұрғаны көз алдыма келді», - деді де таныстықтарын баяндауды бастады.
«Мен әскерден келген 1981 жылы Қазақ химия-технологиялық институтының кешкі бөліміне оқуға түстім. Күндіз Цементшілер сарайында іс-шаралар ұйымдастыру инспекторы және «Ақ маржан» ансамблінде әнші болып жұмыс істеп жүрдім. Студенттік «Жас дәурен» ансамблінің де әншісі едім. Сол кездегі досым әрі көршім Еркебай екеумізді ауылдағылар бірімізді Ескендір Хасанғалиев, бірімізді Нұрғали Нүсіпжанов дейтін. Еркебай «егер мен үйленсем, артын суытпай сен де үйлен» деп ұсыныс білдіріп, бір-бірімізбен серттескен едік. Екеуміз де уәдемізге берік болуға бекінгенбіз.
Ол жылдары Шымкенттегі кинотеатрлар көп шоғырланған аймақ болғандықтан жастардың барлығы Орталық саябақта жиналатын. Күнде кешкісін саябақта ансамбльдер ән орындап, бәріміз билейтінбіз. Сол саябақта Гидромелиоративтік техникумда оқитын Бибінұр деген арумен таныстым. Алғаш көргеннен-ақ ғашық болып, өзіме жақын тарттым. Оның сыпайы сөйлегені, сызылғаны, өзіне жарасып тұратын нәзіктігі, ибалылығы мені күннен-күнге ғашық етті. Екеуміз бір жылдай сөйлесіп жүрдік. Мен 1982 жылы Алматы Мемлекеттік театр және көркемсурет институтының «Актерлік өнер» факультетінің студенті атандым. Сөйтіп жүргенде досым Еркебай өзінің теңін тауып тамызда үйленді. Оқуға түскен бірер айдан соң, досым екуміздің сертіміз бойынша мен де жиырма төртінші қыркүйекте Бибінұрды шаңырағыма әкеліп, отау құрдық. Сөйтіп сертімізде тұрып, досым да, мен де ата-анамызды қуантып, үйлену тойымызды да атқарып алдық. Бибінұр екеуміздің тойымыз алтыншы қарашада өтті.
Келіншегім біздің үйге келе салып, үйдегілерге, ағайын-туысқа да тез сіңісіп, үйренісіп кетті. Оның мінезі сондай ашық, ақеділ адам. 1983 жылы тұңғышымыз Данияр, 1985 жылы Ануар ұлымыз, екеуі де Алматыда дүниеге келді. 1990 жылы үшінші ұлым Мейіржан өзіміздің Шымкентте туылды. Бүгінде Шымкенттің қақ ортасындағы Орталық саябақта танысқан Бибінұр екеумізден тараған үш ұлдан немерелеріміз бар. Шүкіршілік. Солардың қызық-қуанышына қарап, тоймай отырамыз.
Қазір жастар арасында ажырасу көп. Үйленгеніне көп болмаса да, түсінісе алмадық деп екі жаққа кетеді. Шыдамдылық, бір-бірін сыйлау, бір-бірінің сөзіне, іс-әрекетіне, ой-пікіріне құрметпен қарауды білмейді. Құдай қосқан жарыңды сыйлау керек. Бастысы, сол сыйластық. Екі жақтың ата-аналарына, бауырларына да құрметпен қарау қажет. Отбасыны сақтау үшін, сол жанұядан өзіңді бақытты сезіну үшін оның әрбір мүшесін сыйлай білу керексің.
Махаббат бола тұра, жоқ боп кетпейді. Шын, таза, адал махаббат мәңгі жүрегіңде лаулап тұрады. Мен келіншегіме әлі де алғаш көргендегідей ғашықпын. Сол баяғдай әлі де сүйемін. Сәт сайын жақсы көремін. Бір сәтке болсын, оған деген сезіміме селкеу түскен емес. Екеуміз әсте-әсте алғашқы танысқан жылдарды есімізге түсіреміз. Ол өте қызықты кездер еді ғой», - деп күлімісіреген күйі сөзін аяқтады.