«Қазақтың төрт қызынан он балам бар»: Ақын тұңғыш қызының өмірде бар екенін 15 жылдан соң білген
Танымал ақын Маралтай Райымбекұлы жеке өмірі туралы көпшілік білмейтін құпияны ашты. Бұл туралы ол "Алғашқы" бағдарламасында айтты, деп хабаралайды Oinet.kz тілшісі.
"Тағдырым өзі ала құйын ғой. Біресе олай, біресе бұлай жатады. Құдай маған 10 бала берді. Соны маңдайы жарыған аяулы, ардақты, аяулы қазақтың 4 қызынан нәсіп қылды. Әлия - менің тұңғыш қызым. Өмірде бар екенін 15 жыл бойы білген жоқпын. Әлияның да тағдыры елге, жұртқа құпия, жабық қалпында қалғанын қалаймын. Өйткені оның себептері бар. Сондықтан бұл тақырып осы қалпында қала берсе ләзім деп ойлаймын", - деді ақын.
Бүгінде ақынның 10 баласы бір-бірін қабылдаған.
"Мен осындай тағдыр кешкеніме ешқашан өкінбеймін. Аллаға шүкір, бір-бірін толық қабылдады. Әрине бұның бәрі менің еңбегім емес, балалардың аналарының еңбегі. Отбасымда шайымды құйып отырған Шәкидің еңбегі, басқа да балалардың аналарының еңбегі. Бастарын біріктіріп, өздері бір-бірімен хабарласып, ұйытқы болып, ақылдасып отырады. Алды ақыл тоқтатты, сондықтан өзіміздің тағдырымыз деп қабылдайды". - дейді ол.
Ақын 1997 жылы туылған қызының шетінеуі ащы судан біржолата бас тартуына себепкер болғанын да жасырмады.
"Меңтай есімді қызым 4 күн жатып, шетінеп кетті. Бұл баланың шетінеуіне мен кінәлімін деп ойладым. Мен дұрыс жүрсем, таза жүрсем, салауатты өмір кешіп жүрсем мұндай болмайтын еді деп ойладым. Ол кезде өмірде Әлия дейтін қызым барын білмеймін. Өзім қолыммен аялап жерлеп, күректі шаншып, ащы судан іргемді аулақ салдым. "Жас Алаш" газетінде ағаларымыз "Сүйінші, Маралтай арақ қойды", деп сүйіншілеп жазды. Мен сол кездегі қазақ жастарының типтік образ сияқты болдым. Мен арақтан тиылсам, басқа қазақтың жастары да, қалам ұстап жүрген жігіттер де тиылатын сияқты көрінді", - дейді Маралтай Райымбекұлы.