Терроризм белгілері қандай болады?
Терроризмнің табиғаты, адамдардың осындай әрекетке баруына себеп болып отырған факторларды талқылау – бүгінде мемлекеттің арнаулы қауіпсіздік қызметтерінен бастап дін өкілдері мен осы саланы зерттеп жүрген сарапшылар мен журналистердің басты бағыттарының біріне айналды. Басқа материктерді былай қойғанда, бір аймақта орналасқан көрші елдердегі террроризмге қатысты жағдайдың өзі бір-бірінен ерекшеленіп тұрады. Ілгеріде терроризм мен экстремизмнің негізгі себебі ретінде әлеуметтік проблемалар себеп болатыны айтылатын. Соңғы кезде жарияланған зерттеулерге қарағанда бұл тұжырымның негізі әлсірей бастаған.
Бүгінгі әңгімеміздің арқауы – террористердің әлеуметтік кескіні мен осы саяси құбылыстың негіздемелері болмақ.
Террористік белсенділіктің себептері
Отандық, ресейлік және батыстық сарапшылардың пікірінше, Совет Одағының ыдырауы қарсаңында басталған қайта құру үдерісі ислам дінінің ықпалының артуы мен халықтың әлеуметік топтарға жіктелуіне әкелді. Қоғамда өз орнын таба алмаған әлеуметтік аутсайдерлер (бейбақтар) уахабилік пен басқа да радикалды исламның құрығына ілінді. Сондай-ақ, сол жылдары коммунизм идеологиясы құрдымға кетіп, идеологиялық вакуумды әсіре діндарлық иеледі.
Сарапшылардың тұжырымдарына қарағанда, Ресей мен ТМД мемлекеттеріндегі арнаулы қызметтерінің деңгейі төмендеп келеді. Түрлі зерттеулерде бұл қызметтерге байлық арттыру үшін келетін қызметкерлердің саны артып бара жатқаны айтылады. Қауіпсіздік қызметі мен басқа күштік органдар арасындағы қарама-қарсылық та қоғам үшін зиянды құбылыс екені белгілі. Айта кету керек күштеу органдары арасындағы текетірес тек Қазақстанға емес, ТМД елдерінің көпшілігіне ортақ құбылыс. Мысалы көрші Өзбекстанда Қауіпсіздік қызметінің офицерлері Ішкі істер министрлігінің генералдарын кабинетіне қолына кісен салып әкетіп жатады. Көнекөз офицерлер «мұндай озбырлық бұрын-соңды болмаған, ілгеріде ІІМ-нің мәртебесі мен ықпалы қауіпсіздік қызыметінен едеуір жоғары болатын» дейді. Терроризм мен экстремистік идялардың етек алуына интернет үлкен әсер етті. Билік әзірге бұл проблеманы тізгіндей алмады, сайттарды жабу мен бұғаттаумен ғана шектеліп отыр.
Терроризмнің діни себептері
Бүгінде Қазақстанда 3 мыңға жуық мешіт бар. Зерттеушілер бұл мешіттердің барлығында үкіметің саясаты мен сол саясатпен үндес Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұстанымына сай әрекет ететін имамдар отырған жоқ деп санайды. Сондықтан болар Діни басқарма мен жергілікті мемлекеттік органдар имамдарды түрлі курстардан өткізіп, олардың санасына мемлекеттік идеологияны сіңіруге әрекет етуде. Бірақ бұл өте күрделі әрі ұзаққа созылатын процесс екенін ұмытпауымыз керек.
Терроризмнің әлеуметтік себептері
Террроризм мен экстремизм мәселесін зерттеп жүрген ғалымдар мен саясаттанушылар жалпы қоғамдағы білім деңгейінің төмендеуі экстемистік пікірлерге қарсы иммунитеттің әлсіреуіне себеп болып отырғанын айтады. Өкінішке қарай, қолында жоғары оқу орнын аяқтағаны жайлы дипломы болғанымен, жұмыс істеуге қабылетсіз, ең қиыны – ынтасыз жастар көбейіп келеді. Экстремизмнің тағы бір әлеуметтік себебі ретінде халық пен биліктің арасында шынайы үнқатысудың болмауы тілге алынады. Ал бұл жағдай әлеуметтік наразылықтың экстремистік түс алу қаупін арттырып отыр. Қарапайым жымысшыларға деген сұраныс төмендеп келеді, болса да – ол жұмыс үшін төленетін ақы тым мардымсыз.
Сарапшылар экстремистік ойлар мен әрекеттерге себеп болатын факторлардың бірі ретінде «ықпалды ағаларсыз» әлеуметтік лифтің, яғни қызметке орналасу, өз орнын табу мүмкіншілігінің жоқтығын тілге алады. Әсіресе ауылдық округтер мен аудан деңгейінде рушылдық күшінде тұр. Қазір бұрынғыдай пионер лагерлері, армия, жоғары оқу орындары кіріктіру рөлін атқармай қойды. Ауылдан қалаға қарай көшу үдерісі күшейді. Бірақ қалаға келгендердің жағдайы көбіне өте қиын. Жоғарыдағы себептерден туған шарасыздық, жолы болмаған, сәтсіздікке ұшыраған бейбақтарды экстремистік ойларға итермелеуі мүмкін.
Экономикалық себептер
Радикалды исламға бой алдыруға себеп болып отырған басты экономикалық фактор ретінде сарапшылар жалақының төмендігі мен бағаның қымбаттап бара жатқанын тілге алады. Қызметкерлердің басым көпшілігінің жалақысы өте төмен. Мысалы Оңтүстік Қазақстан облысында орташа жалақы бүгінгі күнде 84179 теңгені құрап отыр. Ал облыс бойынша ең төмен күнкөріс деңгейі 2015 жылдың қазан айында 19611 теңгені кұрады. Жұмыс істеп жатқандардың басым көпшілігінің айлығы орташа жалақы деңгейінен төмен. Әрине, экономикалық жағдайы нашар адамдардың дерлік барлығын саяси тұрақтылыққа ниеттес деуге келмейді.
Бұрын мұнайшылардың жалақысы жоғары болатын. Қазір олардың жағдайы да мәз емес. Халықтың 40 пайызы ауылды жерлерде тұрады, бірақ өкінішке қарай, ауыл шаруашылығы – табыс пен жұмыс орнының көзіне айнала алмай отыр. Ел тұрғындарының пайыздық құлдыққа түсіп қалғандығы да ешкімге сыр емес. Ал шарасыздықты экстремистік ойлар мен әрекеттерге түрткі болатыны белгілі. Әзірге бұл шарасыздықтан туындаған экстемизм билікке қарсы бағытталған жоқ, шарасыз бейбақтардың әсірешілдігі өз-өзіне қол салумен шектеліп жатыр.
Терроризмнің саяси себептері
Қазақстан басшылығының соңғы жылдардағы оңды әрекеттері билік пен халықтың арасын бір табан жақындатты. Әкімдердің халықпен кездесуі мен есептері, елдегі азаматтық институттардың – түрлі партиялар мен қоғамдық ұйымдар белсенділігінің артуы билік пен халық арасындағы байланыстың нығаюына қызмет ете бастады. Батыстық сарапшылардың пікірінше, адамдардың өз саяси ынтасы мен мүдделерін билікке жеткізу механизімінің жоқтығы да экстремистік сарынның күшеюіне себеп болатын фактор ретінде қаралуы керек. Ал мұндай механизмнің жоқтығы саяси наразылықтың экстремистік түс алуына жол ашуы мүмкін.
Экстремистердің кескіні
Зертеушілердің деректеріне қарағанда, экстремистер – тәуелсіздік жылдары қалыптасқан жас жігіттер. Қауіпсіздік огандарының есебіне қарағанда, бұл жігіттердің орташа жасы –29-30-ы құрайды. Ұлты тұрғысынан қарағанда, басым көпшілігі – қазақтар. Ал басшыларының орташа жасы – 30-35 шамасында. Құрықталған террорршылардың көпшілігі – сақал-мұртсыз жігіттер, сарапшылар «арнаулы органдардың назарына түспеу үшін осылай жасаған болуы мүмкін» деген жорамал айтады. Жазаға тартылған террористер мен экстремистердің көпшілігі үйленген, жақсы отбасыларынан шыққан адамдар.
Экстремистердің қызығушылығы негізінен олардың діни қызыметімен шектеледі екен. Бұған қосымша олар спорт пен түрлі қаруларға қызығады. Радикалды қауымға енгенннен соң олар бұрынғы хоббилерінен – домбыра тарту, сурет салу сияқты өнерлерден бас таратады. Көптеген террористер мен экстремистердің құрықталғанға дейін жұмысы болмаған, болса да - өте темен жалақы алатын болған, экстремистердің тұрмыс деңгейі жоғары болмаған, бір-біріне көмектесіп, күн көріп келген. Ашық деректерге қарағанда, тек атыраулық уахабилердің ғана тұрмыс жағжайы бір шама жоғары болған, олардың есеп шоттарына Пәкстаннан қаржы түсіп тұрған, бірақ бұл қаржының көзі анықталмаған.
Деректерге қарағанда, террористер мен экстремистер туған туыстарымен байланысты үзіп, негізінен діндес, ниеттес және мақсаттас адамдармен ғана араласқан.
Қауымдастық мүшелерінің құрамы
Отандық сарапшылардың арнаулы органдардың деректеріне негізделген мәліметтеріне қарағанда, деструктивтік ағымдарға енгендердің қатарында бұрын сотталғандар, қалаға көшіп келген маргиналдар, яғни қандай да бір әлеуметтік қауымдастыққа толық сіңіспей, екі немесе бірнеше әлеуметтік қауымдастықтардың арасында әрі-сәрі күй кешіп, шекаралық жағдайда қалып қойғандар, оқуды аяқтап жұмыс таба алмай жүргендер, күштеу органдарының озбырлығынан жапа шеккендер, сондай-ақ, басқа елдерден (Өзбекстан мен Тәжікстаннан) келген босқындар құрайды екен.
Террорлық актілерге қоғамның көзқарасы
Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық ақпарат және болжау институты өткізген республикалық социологиялық сауалнамасының нәтижесіне қарағанда, көпшілік Қазақстанда террорлық актілердің болғанын біледі, бірақ жеке өз басы мен отбасы мүшелері үшін терроризмнің қауіптілгін сезінбейді, күштеу органдарының қызметін «орташа» деп бағалайды, ал адамдарды террорлық актілерге итермелейтін себептер жайлы мүлдем ештеңе білмеді. Зертеушілердің пікірінше, бұл сауалнаманың нәтижесі қазақ қоғамы терроризге қарама қарсы тұруға, өз отбасы мүшелерін мұндай әрекеттерден қорғауға, сондай-ақ, балалары мен туыстарын деструктивті ағымдарға еніп кетуіне тосқауыл болуға дайын емес екендігін көрсетіп отыр.
Террористердің ықтимал әрекеттері
Сарапшылардың пікірінше, қазақстандық террористер «дағыстандық үлгіге», яғни тек күштеу органдарының қызметкерлерін емес, басқа да мемлекеттік органдардың өкілдерін өлтіруге көшуі, Солтүстік Кавказбен байланысын нығайта түсуге, қаржыландырудың жаңа көздерін қалыптастыруға, сырттан демеушілер табуға, қоғам қайраткерлері мен БАҚ өкілдері ішінен өздеріне ниеттес және мақсаттас адамдарды табуға ұмтылуы ықтимал.
Қазақ қоғамының терроризм мен экстремизм саласындағы ақпаратының арта түсуі – заманымыздың індетінен қорғанудың тиімді тәсілі. Осы бағытты басшылыққа ала отырып, орталық билік пен жергілікті биліктің өкілдері осы мақсата қоғамды ақпарататтандыруды қолға алып отыр. Тамшы тама-тама тасты бұзады, ал билік ұйымдастырып отырған ақпараттық-насихаттық топтардың қызметі де өз жемісін беретін болады.