Ғылым – шексіз дария
Адам баласының дүниеге келгендегі мақсаты – қос дүние бақытына қол жеткізу. Себебі адам – ақыл мен санаға ие, жаратылысы ерекше, ұлы мақсаты бар тұлға. Бұл мақсат, Құран Кәрімде айтылғандай, бізді жаратқан, қаншама нығметке бөлеген Раббымыздың алдында құлшылық міндетімізді орындау. Демек бізді жаратқан және шексіз нығметке бөлеген Раббымызға шүкір етуді ең маңызды борышымыз деп білуіміз қажет.
Ислам дінінің ең басты талабы – білім алу, сауатты болу. Ислам – адамзатты екі дүниенің бақытына жетелер Алла Тағаланың ақырғы діні. Оның дәлелі – Құранның нұрлы аяттарын өмірінің әр саласына шамшырақ ете білген мұсылмандар. Иә, Құран қағидаларын берік ұстанып, аяттардың қасиетіне бас иген алғашқы мұсылмандар мәдениетте, ғылымда күллі әлемге ұстаздық етіп, үлгі бола білді. Себебі, Құранның алғашқы аяты: «Сондай жаратқан Раббыңның атымен оқы! Ол адам баласын ұйыған қаннан жаратқан. Оқы! Ол Раббың аса ардақты. Сондай қаламмен үйреткен. Ол адамзатқа білмеген нәрсесін үйреткен» («Әлақ» сүресі, 1-5-аяттар) деп келеді. Бұл тек Құранды жатқа оқу емес, жаратылыс сырларын оқу, адамды оқу, жалпы ғаламды зерттеп-зерделеп оқу еді.
Құран аяттары мен оның тілмашы Мұхаммед Пайғамбардың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистері мұсылмандарды әрдайым білімге, ғылымға үндейді. Ислам діні білімді қатты бағалайды. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде: «Адам баласы дүниеден өткен кезде, оның амалы тоқтайды. Үш нәрсенің сауабы тоқтамайды:
жария істелген садақа, пайда беретін барлық ілім және өзінің соңынан дүға ететін тақуа перзент», – деді. Білім, оның пайдасы мен игілігі жайлы Жаратушы Иеміз өзінің қасиетті кітабында да, Ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистерінде де көп баяндалады. Иман деңгейінің өсуі мен нығаюына білімнің әсері күшті. Иман – көл десек, оның тұрақтылығын сақтап, тартылып қалмауына септігін тигізетін өзен – білім. Егер пенде білім атты өзеннің ағысын бекітіп тастаса немесе арнасын бұрып жіберсе, иман атты көл тартылып, құрғап қалады. Әрине білім атты дарияның таза болып, ластанбауын да қадағалау қажет. Алайда білім алғанда кімнен және қай жерден алатынына назар аудару керек.
Білім алу адамды Алла Тағалаға жақындата түседі. Қасиетті Құранның адамзат баласына түсуінің басты мақсатының бірі – тура жолдағы жандарды білім нәрінен сусындауға шақыру. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сахих хадистерінің бірінде былай дейді: «Кімде-кім білім іздеуге жолына шықса, Алла Тағала оған жәннатқа бару жолын жеңілдетеді. Періштелер ғылым ізденушінің талабына разы болып, оның аяғының астына қанатын жаяды». Шын мәнінде, ғалымға көктегілер мен жердегілер, тіпті судағы балықтарға дейін жарылқау тілейді. Қарапайым мұсылманнан ғалымның артықшылығы – айдың басқа жұлдыздардан артықшылығындай. Әлбетте ғұламалар – пайғамбарлардың мұрагерлері. Пайғамбарлар динар да, дирхам да емес, ғылымды мұраға қалдырды. Кімде кім Пайғамбардың мұрасын алса, мол үлесті алғаны болады. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ғылым үйрену – әрбір мұсылманға парыз», – деп ғылым үйренуді әйел – еркек деп бөліп жатпай, әрбір мұсылман баласына парыз етті. Ғылым іздеуді мектеп, университет сияқты білім ордаларымен, докторлық, профессорлық тәрізді ғылыми дәрежемен, яки өмірдің белгілі бір ғана кезеңімен шектемей
«Ғылымды бесіктен көрге дейін ізде» деп үлкен талап қойып, бүкіл өмірді қамтитын нысананы меңзеді.
Исламда әрбір ғылым саласы Алла Тағаланың құдіретін, ұлылығын, шеберлігін, шексіз білімін паш етіп, құлды Жаратушыға біртабан жақындатқандықтан, мұсылмандар ғылымды жай ғана ізденіс, өзінің атын шығаратын әуестік емес, ғибадат, құлшылық ретінде қараған. «Айт (Я Мухаммед) білетіндер мен білмейтіндер тең бе?» («Зүмар» сүресі, 9-аят), «Алла иман еткендер мен ілім берілгендердің дәрежесін көтереді» («Мүжадала» сүресі, 11-аят) деп келетін Құран аяттары білетіндер мен білмейтіндердің, сауаттылар мен сауатсыздардың сөз сөйлеуде, өзгелермен қарым-қатынаста, ел басқаруда, бала тәрбиелеуде, тіпті қай қырынан болсын тең еместігін, тіпті Алла Тағаланың алдында да бір дәрежеде болмайтынын ашық ұқтырады. Құран иман еткен жандарды әрдайым «Ақылға салмайсыңдар ма?», «Ойланатын ақыл иелері үшін жаратылыста ғибраттар бар», «Пікір өрбітпейсіңдер ме?» деген секілді көптеген аяттар мен қашанда оймен саралауға, ақылға жүгініп, терең пайымдауға, салмақты пікірге шақырады.
Ғылым – шексіз дария, ал сен сол дариядан 2-3 жұтым жұтқан болсаң, сол жұтымың – сен өмір бойы алған білімің. Пайғамбарымыздан (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бастап бүкіл ғылым жолын қуған ғалым, данышпандар білімді үйренуден бас тартқызбаған. Бәрін білем деу –шайтанның сөзі және ұраны. Білімді терең білген сайын өзіңнің төмен екеніңді сезіп, түк білмейтін адам сияқты сезінесің. «Өмірде ішсем, жесем, көрсем деп келмей, білсем, үйренсем, сұрасам» деп Абай атамыз айтқандай, дүниеге бір қадам бассақ емес, білім-ғылымға он қадам басуымыз керек. Раббымыз Алла Тағала Құранның бірінші аятын «оқы» деп бастағанының өзінде үлкен ерекшелік, тұңғиық терең мағына, ой жатыр. Аса қамқор, ерекше мейірімді Раббымыз алдымен «намаз оқы», «иман келтір», не «ораза ұста» деп үлкен парыздан бастамай, «оқы» деу арқылы оқу-білімнің Алла алдында маңызы зор екенін білдірген.
Құранның «Мұжадала» сүресінде: «Сендердің араларыңдағы иман келтіргендердің және ілім иелерінің дәрежесін Алла жоғары көтереді» деп білімді ғалымдарды қуандырып, надан білімсіздерді білім үйренуге шақырған. Алла Тағала білім іздеп, үйреніп жүргендердің дәрежесін білім іздемей жүрген мұсылмандардан әлдеқайда биік еткен. Неге Исламда білімді аса құрметтеп, «ізден», «талаптан» дейді. Өйткені Алла адамды жер патшасы етіп, әр мақұлықты адамға бағынышты етті. Адамның басқа жаратылыстардан айырмашылығы –ақыл иесі болуында. Білімді игеру – ол Алланы тану. Маймылдың да адамға ұқсасы бар, бірақ адамның маймылдан ерекшелеген қасиеті – білімі мен ақылдылы. Ағылшын философы, психолог Жон Локтың қағидаларына жүгінсек, «адамда туа біткен идея жоқ, ол тәжірибе арқылы келеді. Адам дүниеге келгенде оның ақыл-ойы ақ қағаз сияқты өмірлік тәжірибелер арқылы мазмұнға толады» деп, өмірлік тәжірибелермен ғылым арқылы кемелдікке жететіндігін нұсқайды.
«Кімде кім Алла ризалығы үшін білім алуға шықса, қайтып келгенше Алла жолында болады», «Бір сағат алған білімнің сауабы мың рәкағат оқыған нәпіл намаздан артық», «Кімде кім білім іздену жолына түссе, онда Алла оның жәннатқа апарар жолын жеңілдетеді». Хақ елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) білім алу жайлы осылай айтып қана қоймай, оны сахабаларына өзі үйреткен. Мысалы, Бәдір соғысында қолға түскен мүшріктерге бостандық алу үшін әрбіріне он баладан сауат аштыруды талап еткен. Мұсылман үшін ілім алу, білімді болу ғибадатының кемшіліксіз орындалуына жол ашты. Осылайша ілім алу, сауатты болу – Ислам дінінің ең басты талабына айналды. Құранда халықтың өзгеруіне қатысты: «Шынында Алла ешбір қоғамды олар өз-өздерін өзгертпейінше, өзгертпейді» («Рағыд» сүресі, 11-аят) деп бұйырылады. Олай болса алдымен білім, екіншіден еңбек – жеке адам үшін де, мемлекет үшін де дамудың даңғыл жолы.
Ислам діні әлі келмеген V-VІ ғасырларға дейін Араб түбегіндегі халықтар надандық, білімсіздік дәуірін бастан кешті. Ислам дінінің келуімен арабтар білімді, оқымысты, мәдениетті халыққа айналды. Мұсылман әлемінен шыққан әл-Кинди, Бируни, әл-Фараби сынды әлемді аузына қаратқан небір ғұламалар сол мешіт-медреселерден тәлім-тәрбие алды. Өйткені ғылымның қайнар бұлағы Құран аяттары мен Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистерінде жатыр. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көптеген өсиетінде ғылым мен білім алуды үмметінен талап еткен. Сондықтан қазіргі мүмкіндіктерді кеңінен пайдаланып, Ислам елдерінің кешегісі мен бүгінгісін, олар жеткен ғылыми жетістіктерді зерттеп-зерделеп еліміздің пайдасына ұсынсақ, нұр үстіне нұр болар еді.
Кенжетай ДҮЙСЕМБАЙ,
Солтүстік Қазақстан облысының бас имамы