Абыл мен Қабыл оқиғасы

Oinet.kz 06-03-2020 2456

Ұлық Алла Адам атаға әмір беріп:

– Мен үшін Меккеге барып үй тұрғыз, – деді.

– Ол жерді қайдан табамын, – деді Адам.

– Мына құстың соңынан еріп отыр, ол саған жол көрсетеді, – деп, көкқарғаны жіберді. Көкқарға ұшып отырып, Адам атаны Мекке жеріне алып келді. Осы сапарда Адам ата Хауа анамен қайта табысты. Екеуі шаттанып, Мұхамбет пайғамбарға қисапсыз салауат айтты. Көкқарға Адам атаға жол көрсеткені үшін, кейінгі ұрпағына «оны өлтірмеңдер» деп өсиет қалдырды. 

hqdefault-1.jpg

Адам ата Меккеге барып Алланың үйін тұрғызды. Одан соң Хауа ананы ертіп, Үндістан жеріне келді. Үндістан ежелден тіршілікке жайлы мекен еді. Алла тағала екеуіне риза болып, көктен жеті саулық, бір қошқар түсірді. Адам ата қой бағып, мал басын көбейтті. Қой сол кезден бастап берекелі жануарға айналыпты. Хауа ана жүнін иіріп, киім тікті.

Бір күні Хауа ана бір ұл, бір қыз босанды. Ол кезде Адам ата аңшылықта жүрген еді. Алла Адам атаға аян беріп:

– Ұлыңа менің бір есімімді қосып азан шақырып, ат қой, – деді. Адам ата қуанышты хабарды естіп, үйіне жеткенше, Ібіліс оның алдын орап кетті.

Ібіліс періште кейпінде Хауа анаға келіп:

– Ұлыңа Қабылхарис деп ат қой, – деді. Харис Ібілістің бір есімі еді. Хауа ана байқама      й баласына сол атты қойды. Адам ата бұл жайтты естіген соң, бір сұмдықтың болатынынан қатты алаңдады.  

Хауа ана екінші рет құрсақ көтеріп, дүниеге егіз бала әкелді. Адам ата ұлына Әбілмұғис, қызына Ләбуда деген есім берді.

Балалары кәмелеттік жасқа келгенде, Әбілді Қабылдың сыңары Ақлимаға, ал Қабылды Ләбудаға айттырды. Ақлима Ләбудаға қарағанда сұлу еді. Қабыл Ақлимаға үйленгісі келді. Бірде Адам ата қажылыққа кеткенде, Қабыл інісіне:

– Әкеміз дұрыс айттырмады. Бізді Құдай айттырсын. Кел, екеуміз Аллаға құрбан шалайық. Құрбандықтың қайсысы қабыл болса, сол Ақлимаға үйленеді, – деді. Қабыл егін егіп, Әбіл қой бағатын. Қабыл жарамсыз, нашар бір десте бидай әкеліп, тастың үстіне қойды. Әбіл отарындағы ең семіз қойын Құдай жолына арнады. Бір кезде найзағай ойнап, семіз қойға жай түсті. Ал, бидай отқа өртенбеді. Ол кезде Құдай құрбанды қабыл алғанын от арқылы білдіретін.

Сонда Ібіліс Қабылдың жанына келіп:

– Әй, Қабыл, сен арақ ішпейсің, пұтқа табынбайсың. Аллаға құлшылық етесің. Бірақ, Алла құрбандығыңды бәрібір қабыл алмады. Өйтіп әуре болғанша арақ ішіп, құлшылыққа кеткен уақытты қызыққа арна, – деді. Қабылға Ібілістің ақылы нанымды көрінді. Ол күйіктен арақ ішті. Қатты мас болған кезде іштарлығы шыдатпай, інісін ақыры таспен ұрып өлтірді. Әбілдің қаны жерге сіңбей, ұйып қалды. Содан бастап адам қаны жерге сіңбей, қатып қалатын болыпты.

Бұған дейін жер бетінде кісі өлімі болмаған еді. Қабыл інісінің өлі денесін қапқа салып, апталап арқалап жүрді. Жансыз дене борсып, иістене бастады. Не істерін білмей абыржып жүргенде, екі қарға бір-бірімен шұқысып, біреуін өлтіріп қойды. Тірі қалғаны аяғымен жер қазып, өлгенін көмді. Қабыл да інісін осылай топыраққа жерледі. Содан бастап адамды жерге көму парыз болды. Әкесінің қаһарынан қорыққан Қабыл сыңары Ақлиманы алды да, қашып кетті.

Адам ата не болғанын білген соң, «Жалғыз бауырын өлтірген қараниет, қанішер. Ұрпағың алдыңа келтірсін», – деп Қабылды қарғапты. Осы күнге дейін кісінің қанын төгіп, адамды өлтіретін қанішер Қабылдың ұрпағы деседі. Қияметте күллі адам ұрпағы топырақтан қайта тірілгенде, адам қанын мойнына жүктеген қылмыскерлер Қабылдың сапында тұрады екен.

Дереккөз: Madeniet portaly

Жұма күні оқылатын таңғы дұға
Қабірге сәлем беру дұрыс па?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу