Құрбан шалу қайдан шыққан?
«Құрбан» – араб сөзі. Мағынасы «жақындау» дегенді білдіреді. Демек, бұл лайықты ізгі істер жасау арқылы Жаратқанға жақындау деген сөз. Ал құрбан шалудың шариғаттағы анықтамасы – «Құдайға құлшылық ниетімен ереже-шарттарын ескере отырып, мал шалу».
Араб тілінде айтта сойылатын құрбандық мал «ұдхия» деп, ал айттың өзі «ъидул-адха» деп аталады. Ал түркі халықтарында «құрбан шалу», «құрбан айты» сөздері қолданылады.
Құран Кәрімде Адам атаның ұлдары Абыл мен Қабылдың дауы Құдай Тағалаға құрбандық шалу арқылы шешілгендігі айтылады. Сонымен бірге Ибраһим пайғамбар иләһи аянмен ұлы Исмаилды Құдай жолында құрбандыққа шалмақшы болғандығы баяндалған. Сонда Жаратқанның әмірімен өткір пышақ өтпей қалды. Құрбандыққа шалу үшін көктен қошқар түсірілді. Сынағынан сүрінбей өткен сүйікті құлын Алла солай сыйлаған. Бұл жайында Саффат сүресінде: «Сонда Біз оған: «О, Ибраһим! Көрген түсіңді растадың», – дедік. Расында, бұл үлкен сынақ еді. Біз оған ұлы құрбандық бердік. Ізгілерге сондай сый береміз», – делінген.