Қарыз қалай пайда болады?
Қарызы жоқ адам – бақытты адам. Қазақ: «Қарызың барда – малым бар деме, Әзірейіл барда – жаным бар деме» деп босқа айтпаған. Қазір қарызы жоқ қазақстандықтар өте аз болса керек. Қаржы саласының Моцарты атанған Бодо Шефер мырза қарыз алғанда «жеті өлшеп, бір кесуге» кеңес береді. Әсіресе жастар «жаңа үйде бәрі болуы керек, әрі бәрі жаңа болуы керек» деп есептейді. Жек тұлғадан немесе банктен қарыp (несие) алатындар мына қағиданы ұмытпағаны жөн: «Біз қалаған нәрсенің барлығы – бізге соншалықты керек нәрселер емес». Ал егер Сіз өз бизнесіңізді ашып жатсаңыз, онда басқа мәселе. Әдетте бизнесті басқа адамдардың қаржысы және басқа адамдарды жұмылдыра отырып жасаған дұрыс шешім саналады.
Көптеген данышпандар қарыздың табиғатын зерттеген. Қарыз қалай пайда болады? Біз бүгіннің өзінде болашақтағыдай – бай-бақуат жасағымыз, бай-бақуат көрінгіміз келеді. Адамның миы бір нәрседен қашып, бір нәрсеге ынтығып тұрады. Қашатыны – әлжуаздық сезімі, ал ұмтылатыны – қуаныш сезімі. Қалаған затыңды сатып алалмау – әлжуаздық сезімін тудырады. Осы сезімді жеңуге ұмтылу нақ сол біз жаман көретін қарызды тудырады. Ал біз қалаған нәрсемізді сатып алуға кұрбымыз жетіп жатса, әрине, біз қуаныш сезіміне бөленеміз. Психологтар адамның миы қуаныш сезіміне ұмтылатынын, сол сезімнен қысқа болса да ләззәт табатынын айтады. Бұны орысша «радость обладания» дейді. Сол қысқа қуаныш пен қысқа ләззәт адамның ұзақ мерзімді дискомфортқа, қарыз бен сол қарызды өтеу қиындығынан туатын синдромға итермелейді. Қуаныш сезімін қазір және толығымен сезіну синдромы бізді қарыз құрсауына түсіреді.
Шариғат тұрғысынан алғанда да, заң тұрғысынан алғанда да қарызды – банктен болсын, жеке тұлғадан болсын – тезірек құтылуға ниет ету және сол пайыздық құлдықтан құтылудың жолдарын іздеу абзал. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.с.) «Қарызынан құтылуды ниет еткен құлына Алла Өзі көмектеседі» дейді. Мамандар қарыздан құтылудың, қарыздың көлемін азайтудың бір қатар жолдарын ұсынады. Олар мыналар:
- Отбасылық бюджетіңізді қайта қарап барлық шығындарыңызды сыни көзден өткізіңіз. Қанша қарызы болса да, төгіп- шашып жүре беретін адамдардың қатарында болмаңыз.
- Барлық қарыздарыңызды екшеп, қарыз берген адамдармен кездесіп, жағдайды түсіндіріп, кейінге шегеру бойынша келісіңіз. Қарыз алған адамдарыңызға бар шындықты айтыңыз. Бұл келіссөздеріңізді жеңілдетеді.
- Әрбір затты аларда «таразылап» көріңіз, шынымен сол зат сізге қажет пе?
- Жаңа табыс көзін іздеңіз.
- Айына қанша ақша жұмсайтыныңызды анықтаңыз. Бұл сома минимум өмірлік талаптарыңызға жауап бере алатын деңгейде ғана болуы керек.
- Өзіңізді тез батыл әрекеттерге жұмылдырыңыз. Қарыздан құтылуды мақсат ететін мотивацияңызды күшейтіңіз.
Сіздің қарызға қатысты стратегияңыз жайлы . Ол мынадай болуы керек.
Қарыздың жақсы жағына назар аударыңыз. Жақсы жағы – сіз үлкен тәжрибеге ие болдыңыз, сондай-ақ сіз өз өміріңізді өзгертуге бел байладыңыз. Қарызыңыз болмағанда, Сіз өзгеріссіз өмірді жалғастыра беретін едіңіз.
Ең бастысы – ештеңеден қорықпаңыз, қорқыныш сізді матап тасайды. Апат болған күнде де өмір жалғаса береді. Көптеген үздік жобалар үлкен катастрофалардан соң басталған. Әрбір жаман нәрсенің бір жақсы жағы болады. Тағы да қарызға байланысты айта кететін жайт ешкімге осалдығыңызды байқатпаңыз. Ешкімге қарызыңыз жайлы айтпаңыз. Біреулер қарызын айтып көмек сұрап жатады. Көмек әдетте көмекке мұқтаж адамға емес, сол көмекке лайық адамға келеді. Үнділердің мына мақалын ұмытпаңыз: «Если только просить – не выпросишь и смерти». Сұрамаңыз, сұрасаңыз – ақша түгіл ажалды да қимайды.