Трамп Украинадағы соғысты қалай шешеді?
30-10-2024
Мұның ақыры ақырзаманға апарып соғуы мүмкін бе?
«Егер аралар жер бетінен жоғалып кететін болса, арада төрт жыл өткенде адамзатқа ақырзаман төнеді. Аралар жойылған соң тозаңдану болмайды, оның ақыры өсімдіктер пен жануарлардың, адамдардың өлуіне апарып соғады». Атақты ғалым, Нобель сыйлығының иегері Альберт Эйнштейн осылай деп айтып кеткен көрінеді.
А.Эйнштейннің осындай болжамы алғаш рет 1994 жылы, яғни, атақты физиктің өзі дүниеден өткен соң 40 жылдан кейін еуропалық басылымдарда жарияланып, омарташылардың халықаралық жиындарында айтылыпты. Бірақ А.Эйнштейннің көз тірісінде осындай сұмдық сәугейлік жасап кеткеніне кейбіреулер күмәнмен қарайды. Ғалымның 80 мыңға жуық құжаттары сақталған жеке мұрағатының кураторы Р.Гросц «Эйнштейннің дәл осылай дегеніне ешқандай дәлел жоқ» деп кесіп айтыпты. 1996-2011 жылдар аралағында Эйнштейн айтты деген сөздердің жинағы жарық көрді. Мұнда ара туралы бір ауыз сөз жоқ. Зерттеушілердің пікірінше, Эйнштейннің өсімдіктер мен жан-жануарлар әлеміне деген оншалықты қызығушылығы да, терең білімі де болмағанға ұқсайды. Бұған Эйнштейннің 1895 жылы Цюрихтегі Жоғары техникалық училищеге түсерде ботаника пәнінен тапсырған емтиханнан құлағанын дәлел ретінде келтіріпті. Олар «Бұл белгілі бір мақсатқа жету үшін өзінің қиялынан туған сөзді атақты тұлғаның аузына салып жіберудің классикалық үлгісі» деген қорытынды жасаған. Болашақта бал аралары жойылып, оның соңы ақырзаманға алып барады дегенді уақтысында атақты болгар балгері Ванга да айтып кетіпті-мыс. Сөзбе-сөз келтірер болсақ ол былай депті: «Күндердің күні келеді, жер бетіндегі көптеген өсімдіктер мен жануарлар жойылады. Бал арасына да кезек келеді. Сүт ішуге жарамсыз болады». Ванга айтты деген сәугейлік болжамдар ел арасына ауызша таралды. Көпшілігі күмәнді. Кейінгі жылдары әлемде үлкен саяси оқиғалар, төтенше жағдайлар орын алса «мұны пәлен уақытта Ванга айтып кеткен» деген әңгімелердің көбейіп кеткені рас. Кейбіреулер оның тіпті Курск сүңгуір кемесінің суға бататын алдын ала болжағанына да сенімсіздікпен қарайды. Атақты балгердің өмір бойы қасында болған адамдар Ванганың осылай дегенін растай алмаған көрінеді. Бірақ...иә, бірақ бал араларының құрып бара жатқаны қиял немесе бос дабыра емес, шындық. Мұны табиғатты зерттеуші ғалымдардың өздері де мойындап отыр.
90 пайызы өліп бітті
Бал араларының күрт азайып кетуі 2006 жылдан бастап Еуропа, Америка құрлығында байқалған. Еуропа елдерінде бұл туралы алғаш рет дабыл қаққан ел – Ұлыбритания. Қоғамдық ұйымдар алдағы онжылдықта бал араларының толықтай жойылып кетуі қаупі бар екенін, осыған өкімет тарапынан шұғыл шара қолданбаса болмайтыны туралы үндеу жариялаған. Үндеуге жүз мыңдаған адам қол қойыпты.
– Егер ешқандай шара қолданбай, қол қусырып отыра берсек, енді он жылдан кейін бал арасы толықтай жойылады,– деген мәлімдемені Ұлыбританияның Қоршаған ортаны қорғау министрі Джефри Уильям Рукердің өзі де айтқан. Бір ғана мысал келтірейік. Соңғы он жылда АҚШ-та жабайы аралардың 90 пайызы, қолда бағылатын бал араларының 80 пайызы жоғалып кеткен.
Егер аралар жойылып кететін болса, мұның соңы неге апарып соғады? Бұл бір-бірімен біте байланысқан тіршілік үшін үлкен қауіп. Ғалымдардың пікірінше, өсімдіктердің 80 пайызы аралар арқылы тозаңданады екен. Аралардың құрып кетуі өсімдіктердің уақтылы тозаңданбауына, оның ақыры жасыл-желектің кемуіне алып барады. Мұның соңы жан-жануарларға, адамзатқа апат алып келері айтпаса да белгілі. Осындай алаңдаушылықты Германии, Грекия, Италия, Португалия, Испания, Польша және Украина елдерінің де омарташылары білдірген. Олар соңғы үш жылда қырылып қалған аралардың санын есептей отырып, мұндай қарқынмен алдағы он жылда бал аралары мүлдем жойылады деген қорқынышты қорытынды жасапты. Омарташылардың айтуынша, соңғы уақытта бал тасуымен айналысатын жұмысшы аралардың ұяларына оралмай қалуы жиілей бастаған. Тап бір майдан даласынан қайтпай қалған солдаттар тәрізді. Бал жинауға шыққан жұмысшы аралардың ұядағы аналық араларды аш қалдырып, кері оралмай қалуын омарташылар түсіне алмай дал. «Бұл әдеттен тыс жағдай, бал арасының өмірінде бір сұмдық жайттың болып жатқаны анық» дейді олар.
«Аралардың әміршісі»
Бал арасы туралы көнеден келе жатқан көптеген аңыз әңгімелер бар. Ежелгі мысырлықтар өліп бара жатқан адамның жаны кеудеден ара түрінде ұшып шығады деп сенген екен. Ара көне діни кітаптарда да кездеседі. Құран кәрімнің «Нахыл» сүресінде («Нахыл» деген сөз араб тілінен аударғанда «ара» деген мағынаны білдіреді): «Раббың араға: «Таулардан, ағаштардан және лапастардан ұялар жасап ал», – деп нұсқады. Сонан соң әртүрлі өсімдік гүлдерінен же де, Раббыңнын қолайластырған жолына түс». «Араның қарындарынан түрлі-түсті бал шығады. Онда адам баласы үшін шипа бар. Шынында мұнда да ойлайтын қауым үшін әлбетте ғибрат бар» («Нахыл» сүресі, 68-69) деп жазылған. Палеонтологтардың зерттеуінше, бал аралары жер бетінде 30 миллион жыл бұрын мекен ете бастаған. Салыстырып қарар болсаңыз, адам баласы мұның алдында әлдеқайда жас. Алғашқы адамдар осыдан 2 миллиондай жыл бұрын өмір сүре бастаса, сіз бен біздің арғы тегіміз «гомо сапиенстің» пайда болғанына ары барса 100 мыңдай ғана уақыт өтті. Балдың не екенін адамдар тас дәуірінен бастап біледі. Бұған жартастарда салынған суреттер дәлел бола алады. Мәселен Испанияның аумағындағы өрмекші үңгірінде бал жинап жүрген адамдардың суреттері бейнеленген. Ғалымдар бұл суреттің осыдан 7 мың жыл бұрын салынғанын дәлелдепті. Омарташылық кәсіптің қай кезден басталғаны туралы талас көп. Археологтар ол шамамен 6 мыңдай жыл бұрын көне Мысырда басталған деген тұжырым жасайды. Ніл жағалауы бал арасын өсіруге таптырмайтын мекен болған көрінеді. Ара бағу, бал жинау мысырдағы ең киелі кәсіптердің бірі саналған. Перғауындардың барлығында «Аралардың әміршісі» деген титул болған. Перғауындардың тәждері, өлгеннен кейін олардың табыттары ара бейнесімен әшкейленген. Омарташылық кәсіп көне грек-рим елдерінде де кең тараған.
Бәріне кінәлі – ұялы телефон
Жер бетін миллиондаған жылдардан бері мекен етіп келе жатқан аралардың жаппай жойылу себебі неде? Ғалымдар бірнеше болжамдарды алға тартады.
Біріншіден, аралардың жаппай қырылуына ауыл шаруашылығында зиянкестерге қарсы қолданылатын химикаттар кінәлі. Екіншіден, кейбір зерттеушілер бал аралары белгісіз аруларға шалдыққан болуы мүмкін деп есептейді. Белгісіз ауруға «ара тұмауы» деген ат берілген. Үшінші себеп, бал араларының жаппай жойылуына ұялы байланыс телефондарының радиотолқындары кінәлі.
Аралардың азаюы теңдесі жоқ тағам, мың да бір дертке дауа—бал өндірудің кемуіне алып келеді. Қазір әлемде бал өндіру жағынан жетекші орынға Қытай шыққан. Америка, Еурпа елдерінің нарығына бал аспан асты елінен тасымалданады. Бірақ қытай балының табиғилығы күмән тудырады. Жұмыртқадан жүн қырқып, пайда табудың сан түрлі тәсілін меңгерген қытайлықтар балдың құрамына қоспаларды көп қосатын көрінеді. Ресейде де омарташылық кәсіп жақсы дамыған. Көрші елде аралар құрып бар жатыр деп дабыл қағып жатқан әзірге ешкім жоқ. Қайта Ресей ғалымдары алаңдаушылықа негіз жоқ дейді.
– Аралар өте ызақор және төзімді келеді. Олар кез-келген жағдайға бейімделе алады. Аралар жойылып кеткен күннің өзінде ол өсімдіктер дүниесіне айтарлықтай әсер етпейді. Өйткені өсімдіктердің барлығы бірдей аралармен тозаңданбайды. Жел арқылы тозаңдалатын жеміс-жидектер де бар,– депті ұзақ уақыттан бері «Жануарлар әлемі» бағдарламасының жүргізушісі, биология ғылымдарының докторы Николай Дроздов. Кейінгі жылдары Қазақстанда да өтпелі кезеңде ұмыт бола бастаған омарташылық кәсіп қайта жаңдана бастады. Омарташылардың одағы құрылып, оған экс-премьер С.Терещенконың жетекшілік ететінінен де хабардармыз. Қазақстандық омарташылар да «құрып бара жатыр», «жойылып бара жатыр» дегеннен аулақ.
Десек те әлемде сақтық шаралары қызу қолға алынған. Қазір бірқатар Еуропа елдерінде аралардың жойылуына тікелей кінәлі деген улы химкат—пестицидтардың көптеген түрлерін қолдануға тиым салынды.
Айтқандай, ұялы байланыс телефондарының радиотолқындары ара ағзасына кері әсер ететінін Пенджаб университетінің ғалымдары ғылыми түрде дәлелдеп шығыпты. Тәжірибе кезінде бойына радиотолқын «сіңірген» аналық аралар жұмыртқа салуды екі есеге қысқартқан. Таңқаларлығы сол, ұялы байланыс аумағында ұшып жүрген жұмысшы аралар бал жинап болған соң үйлеріне қайтпай қалған. Зерттеушілердің пікірінше, ұялы байланыс толқындары аралардың жол табуына, бағыт-бағдар алуына кері әсер ететін көрінеді. Араларды сақтап қалу үшін улы химкаттарды азайтуға болатын шығар, ал ұялы байланыс телефоны шектеу мүмкін бе? Қайта күн санап сымсыз байланыс саласы қарыштап дамып жатыр емес пе?
Эйнтшейн айтсын айтпасын, Ванга болжасын-болжамасын бал араларына бір зауалдың төнгені анық-ау шамасы.