Ментопластика. Пайдалы ма, зиян ба?

Oinet.kz 03-03-2020 1493

Жаратқан иеміз Құран Кәрімде «Адам баласын ең көркем мүсінде жараттым» деген екен. Расында, біздің түр-тұлғамыз бен тік жүруіміз жер бетіндегі өзге тіршілік иелері ішінде ең сымбаттысы. Тәңірден асқан суретші жоқ болса да, бүгінде адамзаттың жасанды сұлулыққа деген таласы толас­тар емес. Медицинаның ішінде  пластикалық хирургияның үлкен индустрияға айналғаны қашан. Қалтаңда ақшаң болса классикалық, еуро­палық қас-қабақ, бақырайған көз, жабысқан жақ, томпақ, дүр­диген ерін, сопақ бетті болып шыға келе­сің.

Пластикалық хирургияның бірнеше түрі бар. Аутопластика түрінде кемістікті түзетуге не жамауға қажетті тінді науқастың өз денесінен (тін, тері, ішек, т.б.), гомопластикада операцияға қажетті тінді басқа адамның (кейде мәйіттің) организмінен алады. Ал, гетеропластикада арнайы пластикалық материалдар үшін жануарлар тіні пайдаланылады. Сондай-ақ жасалу жолына қарай пластикалық ота реконстуктивті және эстетикалық болып екіге бөлінеді. Реконструктивті операциялар сыртқы пішінінде туа бітті кемістігі бар адамдарға немесе абайсызда болған жарақаттарды қалпына келтіру үшін жасалады. Эстетикалық пластикалық операциялар сырт келбетті жақсарту мақсатында  қолданылады. Солардың ішінде ментопластика елімізде кеңінен жасалып келеді. Қазақшалап айтқанда иекті түзету.

 Screenshot_30.jpg

Ментопластиканың қыр-сыры

Әдетте біздер иекке көп мән бере бермейміз. Ақын-жыршылар да адамның қас-кірпігін, көз бен ернін жырлауға құмар. Негізінде иектің формасы дұрыс болмаса ол бүкіл бет-әлпеттің ажарын бұзады екен. Ментопластиканың көмегімен қазір пластикалық хирургтар туа біткен немесе қандай да бір жарақаттың салдарынан формасы бұзылған иекті түзулеп береді. Әрине, мұндай қадамға бармас бұрын қалауыңызды жеті рет өлшеп алған дұрыс. Себебі ота мінсіз жасалуы тиіс.

Иекті түзетудің екі жолы бар. Алғашқысы иек терісін сыртынан кесу арқылы орындалса, екіншісі ауыздың ішінен яғни еріннің төменгі жағынан кесіледі. Пациент иегін үлкейтуі немесе керісінше кішірейтуі мүмкін.  Сондай-ақ кейде иектің асынан иек пайда болатын кездер болады. Мойында салбырап тұрған артық иекті ешкім қаламайтыны анық. Статистикалық деректер бойынша ерлер көбінесе батырлардың түр-кескіні секілді иектерінің кең, төрт бұрышты болғанын қаласа, әйелдер көбінесе кішкентай иектерін үлкейтуге немесе алдыға шығып кеткен иектерін кішірейтуге құмар екен. 

Сонымен ментопластикалық отаны жүргізудің бірнеше тәсілі бар: иек ішіне имплантат орнату (имплантат пациенттің тінінен немесе синтетикалық материалдан әзірленеді), остеотомия (жақтың астыңғы сүйегін егелеу немесе жақ сүйегін алдыға шығару), липофилинг (иекте майлы тіндерді тірілту арқылы иекті үлкейту). 

Ота қалай жасалады?

Иекті үлкейтудің бір тәсілі – липофилинг иекті 5 миллиметрден  1 сантимерге дейін ғана үлкейтуге мүмкіндік береді. Хирург алдымен иекке жіңішке ине егеді. Иненің ұшымен биологиялық жұмсақ тіндер жаңа формада орналастырылады.  Липофилингте тері кесілмейтіндіктен, тыртық, тігістің орны болмайды. Процедура амбулаторлық жағдайда жүргізілетіндіктен пациент оны жеңіл қабылдайды. Ойдағыдай иекті имплантат арқылы жасауға болады. Имплантаттар жергілікті анестезиядан кейін салынады. Отаға шамамен жарты, бір сағат уақыт кетеді. Эстетикалық процедурадан кейін иекке компрессиялық таңғыш тағылады. Пациент онымен 2 күн жүруі тиіс. Кейіннен тігістің жібі алынады. Отадан кейін науқастың иек тұсы біраз ісінеді. Мүмкін болса қатты тағамдардан бас тартып, иек пен жақты ауыртып алмас үшін сұйық, жұмсақ асты ішкен дұрыс. Жалпы алғанда ментопластиканың орны 2 айдан кейін жазылады.

Отаның ең негізгі құралы жасанды имплантат жоғарыда атап өтілгендей гипоаллергенді синтетикалық материалдан жасалады. Көп жағдайда пациенттер тығыз силиконды таңдап жатады. Сондай-ақ политетрафторэтиленді протездер де бар. Олардың арасы ұсақ тесікті болып келеді де айналадағы тіндердің қайта өсіп шығуына жағдай жасайды. Силикондарға қарағанда аталған протез шыдамды, сапалы болып келеді. Ал биологиялық имплантат адамның майлы тіндерінен және шеміршегінен дайындалады. Донорлық шеміршекке мұрын, құлақ, қабырға қалқаны жарайды. Бұл операцияның ең қауіпсіз түрі болып саналады.

Ментопластиканың қиын әрі сирек жасалатын тәсілі остеотомияда астыңғы жақтың ортаңғы бөлігі арнайы құралмен егеленеді. Сүйек бөлігі алынған соң жақтың екі жағы бірігіп иектің формасы кішірейеді. Екі жақ сүйек бір-бірімен шуруп және титаннан жасалған пластиналармен біріктіріледі. Титаннан жасалған пластиналарды кейде коллагенді пластиналар алмастырып жатады. Остеотомияның өзге ментопластикаға қарағанда оңалуы ұзаққа созылады. Пациентке де бұл оңай тимесі анық.

Екінші (қосарланған) иек төменгі жақтың шеті мен мойнында майдың және терінің бүктелуін қалыптасады. Екінші иектің пайда болуы тұлғаның тартымдылығын айтарлықтай төмендетеді. Сондықтан оның иелері мүмкіндігінше тез арада осы кемшіліктен құтылуды қалайды. Қосарланған иек зиянды диета мен салауатты өмір салтын ұстанбаған жағдайда, адамда артық салмақ пайда болған кезде пайда болады. Сондай-ақ жаяу жүргенде басты тік ұстамау, биік жастықта ұйықтау секілді факторлар да қос иекке иек қосып береді екен. Мұндай кемшілік көп жағдайда 40 жастан асқан адамдарда анықталады. Уақыт өткен сайын адамның терісі серпімділігін жоғалтып, салбырай бастайды. Иек те осы кезеңде әдемі қалпын бұзады. Мини-липосакция әдісімен иық аймағында артық майлы тіндерді алып тастауға болады. Бұл операция шағын кесіктер арқылы жүзеге асырылады. Операциядан кейін тыртық қалмайды.

Дәрігерлер  имплантаттар адамға  өмір бойы қызмет етуіне кепілдік береді. Мамандар иектің формасын өзгерту адамның түрін айтарлықтай өзгертетінін айтады. Кейде отадан кейін жүзін көрген пациенттер өз-өзін танымай қалатын жағдайлар да болады екен. Сол себепті хирургтан отаны жасатпас бұрын бет-әлпеттің қалай өзгеретінін болжайтын макетті көрсетуін талап етіңіз.

Сұлулық үшін құрбандыққа барған дұрыс па?

Адам баласының әдемі­лікке деген құштарлығында тұрған еш оғаштық жоқ. Сұ­лулықтың құрбандықты қалайтынын ескерсек пластикалық хирургияға жүгіну заман талабы екенін аңғаруға болады. Алайда ментопластиканың дәмін татпас бұрын бірнеше қағиданы есте сақтаған жөн.

Ота жасатар алдында пациент дәрігерді дұрыс таңдау керек. Қазір ғаламтордың дамыған уақыты. Түрлі пікірлерге, клиниканың статусына мән бергені жөн. Одан бөлек сол дәрігерден кеңес алса да артық етпейді. Адам бет-пішіні негізгі нәрсе болғандықтан, барлығына аса мұқияттылықпен қараған жөн. Әдемі иекке жасанды жолмен қол жеткізуге болады. Дей тұрғанмен оның кері жақтары барын да ұмытпағайсыз.

Дәрігерлер ментопластиканы сүйек тіндерінің толық қалыптасып болғаннан кейін жасатуға кеңес береді. Шамамен 23-25 жастан бастап. Онкологиялық, қант диабеті, жүйке жүйесінің сырқаты, ЖИТС бойынша есепте тұрған адамдарға, тері ауруымен және созылмалы дертке шалдыққандарға, жүкті және емізулі әйелдерге  пышаққа түсуге болмайтыны айтпаса да түсінікті шығар.

Ментопластиканың да өзге оталар секілді кемшілігі жетіп артылады. Біріншіден білімі төмен дәрігердің қолынан шыққан отадан кейін иегіңіз қисық болып қалуы әбден мүмкін. Екіншіден иекке салынған имплантатты ағза бөтен зат деп қабылдамауы мүмкін. Мұндай жағдайда жасатқан отаңыз текке кетеді. Үшіншіден имплантаттың кесірінен тіндер қайта өсіп шықпауы мүмкін. Егер табиғи тіндер өспесе иегіңіз жансызданып қалады. Және де ота барысында санитарлық-тазалық  жағдайлар сақталмаса инфекция түсу қаупі басым болады. Ал инфекция түсті дегенше сау басыма сақина тілеп алдым дей беріңіз.   

Балаларды есірткімен улаған
«Вупи Пай» тортының тарихы
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу