Кебіннің терең тарихы

Oinet.kz 04-02-2020 1656

1999-дың көктемі еді. Мен Қарасудағы медресеге жиі барып, жария зікірден қалмайтын кезім. Сол жерде оралдық Санат атты жігітпен жақсы дос болдым. Ол молда болатын. Бірде Санатқа:

– Сәке, осы мен мәйіт жуып көрмеппін. Сүйекке түсу қандай болады?

Соны көргім келеді. Ол да бір түбі үйренетін өнер ғой, – дедім. Ол:

– Жаназа болғанда хабар берем, – деді. Бір күні сол маңайда тұратын 80-нен асқан қария қайтты. Хабар беріп, мені Қарасуға шақыртты. Тәртібі былай екен. Молда жігіттер жаназадан бір күн бұрын барып, алдын ала марқұмға кебін пішіп дайындайды екен. Оларға еріп, қаза шыққан үйге мен де бардым. Қаралы үйге жеткен соң молда жігіттер:

kafan-400x250.jpg

– Мәйітті көрейік. Бойын өлшейміз, – деді. Үлкен баласы дене жатқан бөлмеге алып кірді. Екі жігіт марқұмның денесін әрі-бері аударып қарап жатыр. Қасындағы Қанат деген молда жігіт:

– Тақуа кісі болыпты. Соғысқа да қатысқан екен. «Соғыста оразасын үзбеген» деп айтып жатыр балалары. СССР кезінде де өкіметтен тығылып өлгенше намаз оқып, ораза ұстапты. Сандығында ескіше жазылған кітаптар толып жатыр, – деді де: – Сәке, жолыңыз болды. Тақуа адамды жуындырамыз ертең. Бұл – жақсылық. Көрдің бе, денесі дым да иістенбеген. Болмаса, ауа райы ыстық. Қарттың жүзіне қара. Нұрланып жатыр. Бейне бір тірі кісі сияқты. Тақуа адамды жуындырған – әрі жағымды, әрі сауапты іс, – деді. Расында да маған мәйіт қорқынышты көрінбеді. Қария ұйықтап жатқан кісі сияқты. Соғыста бір санына снарядтың жарықшағы тиіп, жарты етін жұлып кетіпті. Молдалар денені көріп болған соң:

– Кеттік ішке, – деді. Үйге кірген соң балалары бір құшақ ақ шыт мата алып келді. Мен матаның қомпиған көлеміне қарап ішімнен «Бір адамды кебіндеуге осынша мата кете ме екен?» деп ойладым. Екі жігіт нағыз молда екен. Өз істерінің хас шебері. Шытты алды да, қайшымен сатырлатып тесе бастады. Бұл тесіктермен жіп өткізіп байлайды екен. Екі шетінен жіңішкелеп жыртып, кебіннің өзінен қалың жіптер жасап жатыр. Мен:

– Бұл не үшін? – дедім. Олар:

– Шарты солай. Адам ақиретке бұл дүниеден бір сабақ жіп те алмай кету керек. Сондықтан кебін тіккенде ине мен жіп араласпайды. Қайшымен қиясың, қайшымен тесесің. Шыттың өз жібін өзіне жаратасың, – деп кебін пішіп жатыр. Қарап тұрсам, кебіннің саны үшке жетті.

– Неге үшеу? – дедім.

– Екеуі – ішкөйлек. Кейде мәйкісі деп те атай береміз. Ішкиім сияқты

ғой. Ал мына оратылған үш белбеу денені үш жерден буу үшін керек, – деді. Сосын матадан мәйітті жуындыратын қолғаптар жасай бастады. Оны да бір сабақ жіпсіз жасап шықты. Олардың өнері мұнымен де бітпеді. Енді олар жыртылып алынған бір жапырақ матадан шиыршықтап жазатын қалам сияқты жіңішке заттар жасады.

– Мынау не? – дедім.

– Мынау – тісін тазалайтын щёткасы. Ана екеуі – мұрынды тазалағыш. Ал ана екеуімен құлағын тазалайды. Орысша айтқанда ухочистка, – деді. Ондай заттарды бірінше рет көріп, бірінші рет естідім. Екі жігіт кебіндерді бүктеп, бірінің үстіне бірін жинай бастады. Астында жалпақ үш кебін жатыр. Сосын белбеулер. Одан кейін қолғап. Ең соңынан тісі мен құлағын тазалайтын бұйымдарын қойды да, балаларын шақыртып көрсетті. Марқұмның соңғы бұйымдары пирамида сияқты қаланып қалды.

Dead-MuslimЕртесіне мәйітті жуындыру басталды. Екі молда ісіне барынша ыждаһатпен кірісті. Дененің жуылмаған жері қалмады. Сабындап, көпіртіп, сапалы шомылдырып, денені жарқыратып шығарды. Құлақ, мұрын, ауыз қуысы түгел шайылды. Тірі адам тап осылай тазарып жуына алмас, сірә. Бәрі біткен соң сүйекке түскендер барынша баппен қимылдап, денені киіндіре бастады. Екі қабат тап-таза көйлек кигізіліп, сыртынан кебінделді. Үш жерден буылып ақырға аттануға дайын жатты. Бір туысы:

— Әтір себеміз бе?-деп сұрады

— Қажеті жоқ. Күн ыстық болса да иістенбеген. Оразаны үзбей ұстағаны қандай жақсы болған. Біз кейде насыбай ататындар мен темекі шегетіндердің сүйегіне түсеміз. Оларды неше рет жуындырсаң да тазармайды. Денеден аққан суы жап-жасыл боп ластанып кетеді. Оларға мейрам суы шақ келмейді. Денесі сонда да сасып кетеді. Әтірді соларға себеді,-деді Қанат молда.

Мен осыған қарап тұрып «Осының бәрі қайдан шықты екен? Марқұмды бір сабақ жіпсіз шығарып салуды қайдан үйренді екен? Неге үш қабат киіндірді?» деп ойлап кеттім. Осыған дейін жалаңаш адамды бір қабат матамен кебіндеп жерлейді деп келіппін.

Адамды не себепті үш қабат етіп кебіндейтінін арада 15 жыл өткен соң, «Салт-дәстүр сөйлейді» кітабын жазып жүрген кезде бір-ақ білдім. Оның да өте қызық аңызы бар екен. Оқиға қадым дәуірінде болған. Ұлық Алла Адам ата мен Хауа анаға бидай ағашын жеуге тыйым салады. Ібіліс есебін тауып, алдап-сулап Хауа ананы ақыры көндіреді. Хауа ана еркелеп еріне жегізеді. Ері келіншегінің көңілін қимай бидайды жеп қояды. Осылайша Құдайдың сынағы басталады. Асқазанға жерде өсетін ас барған соң қорытылады. Артынша оларды дәрет қысады. Пейіш былғанатыны анық болды. Сол кезде Ұлық Алла:

– Мына екеуін пейіштен шығарып, жерге тастаңдар, – деп періштелерге әмір етеді. Періштелер бұл бұйрықты бірден орындай алмай тұрып қалады. Себебі олар күні кеше ғана оған сәжде жасаған еді. Қала берді, Адам атаның беліндегі Мұхамбет пайғамбардың нұрына ғашық болған періштелер ертелі-кеш оның ізінен қалмай, рахатқа батып жүруші еді. Осы сәтті пайдаланған Адам жас Хауаның білегінен ұстап, қаша жөнеледі. Жәннаттағы барлық ағаштар оған жапырылып жол береді. Сол кезде жиде ағашы ғана әмірге қалтқысыз бағынады. Ол Адам мен Хауаның үстінен бұтақтарымен бас салып, мыжғылап тастайды. Қарсыласқандарына қарамастан қинап, киімдерін шешіп алады. Хауа ананың нәзік тәнін бұтақтары жырып, қол-аяғын қанатып қояды. Сол кезде Ұлық Алла:

– Әй, жиде, әдепті болсаң етті! Қалай болғанда да, бұлар – менің орынбасарым. Әйел адамның денесіне жара салғаның қалай? Тұрпайы әрекетің үшін сені де жазалаймын. Олармен бірге сен де жерге кетесің. Діңгегің қатты болады. Бұтақтарың тікенді болады. Адамдар сені арнайы екпейді. Судан жырақ өсесің. Бірақ гүліңнің пейіштегі хош иісі сақталады, – деді.

Содан бастап жиде жерде өсетін болыпты. Оның гүлі адамды мас қылатын жұпар иісті болса да, адамдар оны арнайы екпейді екен. Адам ата мен Хауа ана тәндері жалаңаш қалған соң, арша ағашының астына барып тығылады. Арша оларды бұтақтарымен бүркеп, көрсетпей жауып қалады. Ұлық Алла аршаның адамға жаны ашып, оларға болысқанын хош көреді. Сосын аршаға қарап:

– Арша, сенің мына қылығың маған ұнады. Бөтенге жаны ашып, жапа шеккенге болысу – Менің сүйетін ісім. Сондықтан саған ерекше қасиет берем. Бұтағыңа мың бір шипа дарытам. Бұтағыңды отқа жақса, сенің түтініңнен жын-сайтан тұншығатын болсын, – деді. Содан бастап арша ерекше қасиетті ағашқа айналыпты. Адамдар аршаның бұтағын отқа жағып, отбасы ошақ қасынан жын-сайтандарды аластап, қуатын болыпты.

Содан не керек, Алланың әмірі екеу болмайды. Адам ата мен Хауа ана жерге барып, азапты өмірлерін сүруге кетуге амалсыз көндігіп тұрады. Олар жалаңаш болғандықтан, әуретті жерлерін қолмен жауып, қатты қысылып, ұялып тұрды. Осы кезде інжір ағашы оларға өзінен жапырақ беріп жатып:

– Әй, Адам, мә, мына үш жапырақта ал. Үстіңе көйлек тігіп киерсің. Алланың халифасына жалаңаш жүрген жараспайды. Хауа, сен бес жапырақ ал. Саған омырауыңды жауып тұратын екі жапырақ артық берем. Әуретің жабық жүрсін, ұят болады, – дейді. Олар сол кезде ғана жалаңаш тәндерін жапырақпен жауып, шыдатпай бара жатқан ұяттың азабынан құтылды. Ұлық Алла олардың осы інжір берген киіммен жерге түсіп, дүния тіршілігін бастауына рұқсат етті. Ұлық Аллаға інжірдің мына мейірім-шапағаты қатты ұнады. Алла тағала:

– Інжір, ісіңе ризамын. Мен – мейірім-шапағат еткенді жақсы көретін рахымды кең Құдаймын. Маған сенің жұмсақтығың ұнады. Адамға жаның ашып, оларға болысқаның үшін саған да айрықша қасиет бітірем. Адам ұрпағы сенің жемісіңді аршымай жесін. Қабығың да, дәнегің де мың бір дертке шипа болсын, – деді. Содан бастап інжірдің жемісі адамзат үшін ең дәмді, ең пайдалы жидектің түріне айналды.

Dead-Muslim.jpg

Осылайша Адам ата жер бетіне үш қабат киіммен келді. Хауа ананың үстінде бес қабат көйлегі ғана болды. Олар өлгенше осы киімді үстерінен тастамады. Дәм-тұздары мен көрер күндері таусылған соң, олар бақиға аттанды. Ұрпақтары оларды әу баста пейіштен киіп келген киімдерімен шығарып салды. Содан бастап ер адамды үш қабат етіп, әйел баласын бес қабат етіп кебіндеу салтқа еніпті.

Дереккөз: Санжар Керімбай

Туылған айына қарай әйел адамның мінезі
Жырық ыдыспен ас ішпе
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу