Кенесары қырғыздарға неге барды?
06-11-2023
Түсіру барысында – «Серік пен Берік», сәл кейін «Ағайындылар» деп аталып, ақыры жұртшылыққа «Қара шаңырақ» («Дорога домой») деген атаумен жол тартқан режиссер Асқар-Мұхит Нарымбетовтың тұңғыш толықметражды фильмі Тәуелсіздік күні қарсаңында отандық телеарналардан көрсетілді.
Соңғы жылдары жарыққа шыққан қазақстандық фильмдерге тән ерекшелік «Қара шаңырақта» да жоқ емес екен:
а) Кейіпкерлер қос тілді. Бұл, әрине, қазақ көрерменіне таңсық нәрсе емес. «Амангелдіден» бастап, «Шаңырақпен» қостап, қос тілді қос қанаты етіп қолданған фильмдер аз болмаған. Дегенмен осы жайдың қазақ киноларында дәстүрге айналып бара жатқаны алаңдатады. Кейіпкердің бірі қалалық болса да, «таза қазақы тілмен-ақ оның «төркінін» аңғартуға болатын еді ғой» деп ойладым көріп отырып. Есесіне, өмір бойы ауылда өскен егіздің сыңары Берік орысшаға тым жүйрік, бұл да күмәнді.
ә) Оқиғалар кей тұста өте тез өрбіп, тез аяқталып жатады. Мүмкін, режиссер сондай жылдам эпизодтар арқылы кейіпкерлер басындағы оқиғалар ырғағын бергісі келген болар. Мысалы, Беріктің қалаға келіп, шаһар аруына ғашық болып қалатыны да, бұл сезімі жауапсыз болмайтыны да жылдам. Беріктен емтихан қабылдаған оқытушының теріс әрекеті әшкере болып, газет бетіне шыға қоятыны – тіпті космостық жылдамдық. Нашақор жастардың тез ұсталатыны да ойландырып қойды. Мұндай ерекше қарқынды эпизодтар баршылық және олар режиссердің жанкешті еңбегін үстірт етіп көрсететінін ұмытпауымыз керек.
б) Ауылды тым аңқау етіп көрсететін әдет бұл фильмде де бар. Бір есептен, осы жайт ауыл тұрғындарының сенгіштігін, ақкөңілділігін, қонақжайлығын байқататыны да рас. Бірақ «Қара шаңырақтың» негізгі тіні – ауыл мен қала арасында соншалық айырмашылық жоқ екенін аңғарту ғой. Ендеше, қаладан келе қалған Серіктің құшағына еркін еніп, билеп кететін «жеңгейдің» әрекеті тым сенімсіз. Қыздардың шөмеле салуға өңірі ашық көйлекпен (кофтамен) баратыны да бас шайқатады.
Жә, мұндай азды-кем кемшіліктерді теріп отырсақ, фильм жайлы негізгі айтар ойымыздан ауытқып кетуіміз мүмкін. Режиссер А.Нарымбетов те, сценарийдің авторы Ғ.Елтай да «Қара шаңырақтың» басты идеясы – қала қазағы мен дала қазағының түбірі бір екенін аңғарту болатынын бірнеше рет айтты. Осы мақсат фильмде орындалды ма, байқалды ма? Меніңше, идея жақсы болғанмен, фильмде, керісінше, қала мен ауылдың айырмашылығы тіпті дараланып көрсетілген сияқты.
Шетелде оқитын Серік Алматыға оралды. Шешесінің еркесі ол. Өз тілімен айтқанда, «он у мамы единственный». Келе сала, бәлеге ұрынды. Казиноға ертіп барған досы өтірік ұтылған болып, Серікті тәуекелге итермелейді. «Гольф» мінген қос бозбала Алматы көшелерінде «Мерседестен» сытылып кетеді. Былайынша, аса сенімсіз жағдай емес. Одан әрі досы Серіктің анасы Жаннаны ұрлайды. Бұл тұста режиссердің қылмыскер аузына: «Сіздің балаңыз ештеңеден кемдік көрмей өсті. Мен неге сондай емеспін? Мен қиналғанда, неге сіздің Серігіңіз шалқып-тасып жүруге тиіс?» – дегенге саятын сөз салғаны өте дұрыс. Өйткені, бүгінгі замана жастарының басым бөлігінде осындай іштарлық бар. Өзінің өмірдегі сәтсіздігін біреуден көру, өзгенің аты озғанын күндеу дегеніңіз күн сайын кездеседі. Оқиға ширығып келіп, қылмыскер-нашақорлардың қолға түсуі, оған Серік пен Беріктің әкесі Оспанның себепкер болуы, соңында Жанна мен Оспан арасындағы нәзік жіптің қайта жалғанатындай көрінуі – бәрі-бәрі фильмнің өне бойын шиеленіске толтырып тұр.
Берікке келейік. Қарапайым ауылдың баласы. Жанна оны анасына теліп кеткен. Атасы бастап, бітпей қалған үй (қара шаңырақ) және тұр. Берік қалада оқығысы келеді. Емтихан тапсырып жатыр. Экзаменатор оқытушы дереу бірнеше жылға шегініп (неге?), емтиханды ауызша ала бастайды. (Қазақстанда, фильм шыққан 2012 жылмен салыстырсақ, талапкерлер оқуға түсу үшін тура 19 жылдан бері тест тапсырып келе жатыр). Беріктің аузын аштырмай, аудиториядан шығарып жібереді. Салы суға кеткен Берік Серікті ертіп, ауылға оралады. Үй құрылысын жалғастыруға кіріседі. Серік мұнда да тыныш жүрмей, таяқ жей жаздайды («жеңгеймен» билейтін тұс). Айсұлуға ғашық болады. Қыз жүгіріп келіп, Серіктің бетінен сүйіп кететіні – өте таныс көрініс. Қазақ киносының ешбірінде жоқ шығар, бірақ қазақ кітаптарының бір-екеуінде бар.
Соңында егіз жігіт жолға шығады. Айсұлу Серікті шығарып салып үлгермейді. Аяулы кадрлар. «Күндердің күні біз бәрібір қара шаңыраққа ораламыз» деп фәлсафа айтады Серік.
Серіктің алкеуде өрлігі, мақтаншақтығы, алды-артын онша ойлай бермейтіні бәрібір оның ауылдық негізі жоқ екенін байқатып тұр. Шынында да күндердің күні ол қара шаңыраққа оралатын болса, не үшін емес, кім үшін оралатынын бәрібір аңғарасыз. Ол Айсұлу үшін оралады. Фильм атауы «Қара шаңырақ» болғандықтан, оның дәл осы шаңырақ үшін оралуы қажет сияқты еді. Осы бір нәзік тұс ширатылмай қалған сияқты. Ал Беріктің қалаға барып оқитыны, қала мәдениетін сіңіріп, айналып келгенде миллионнан астам тұрғыны бар абатқа өгей бала болмайтыны еш таңсық емес. Өйткені, қаланың қантамырына қан жүгіртетіндердің қатарын жыл сайын мыңдаған ауылдықтар толтырып жатыр, толтыра береді де.
Міне, идея тұрғысынан келгенде «Қара шаңыраққа» осындай сәл жетіспейтін тұстар бар. Бірақ жалпы алғанда фильм – сәтті. Режиссер мен сценарист әуелі фильмнің көтерер жүгін тым ауыр етіп алып, түсіру барысында оны жастар аудиториясына лайықтауға тура келгені немесе мәжбүр болғаны да байқалмай қалмайды. А.Нарымбетовтың дебюті ретінде қарасақ, бәрібір сәтті. Бұл фильм біздің отандық режиссерлердің күндердің күні бәрібір өз қара шаңырағына – қазақтың өміріне оралатынын көрсетеді. Ең қызығы, Серік пен Берік – бітпейтін тақырып. Қаншама Серік өмірді қауырсын көріп жүріп, қара тастай ауырлығы түскенде жайрап қалып жатыр... Қалаға арман қуып келгенде қаншама Беріктің қанаты қайырылып жатыр...
«Қара шаңырақ» – қалалық рухтағы перзенттердің дала рухы алдына бас июінің бір қадамы. Солай қабылдадым.