Дәрігерлер де пациенттермен бірге өмір үшін арпалысады

Түркістан облыс орталығына айналғалы бері шаһар халқы айтарлықтай көбейіп, қалалық орталық ауруханасының жүктемесі де артты. Соған сай жедел жәрдем алгоритмдері автоматизмге дейін пысықталған емдеу мекемесінде қызметкерлердің бәрі әбігерсіз тез және үйлесімді әрекет етеді екен. Біз оған медицина қызметкерлерінің күні мерекесі қарсаңында ауруханаға барғанда куә болдық.
Емдеу мекемесінің қабылдау бөліміне жеткізіліп жатқан науқастармен бірге реанимацияға қалай барып қалғанымызды өзіміз кейін аңғарыппыз.
– Бізге науқастар ауыр диагноздармен түседі. Атап айтсақ, ми қан айналымының өткір бұзылуы, миокард инфаркті, есін жоғалтқан, төмен қысымы бар, тұрақсыз жағдайда, комада, ентіккен, асқазан-ішек қан кетуімен, зәр шығармау, бүйрек қызметінің бұзылуы, аллергиялық реакциялар, анафилактикалық және травматикалық шокпен, жалпы жедел медициналық көмек қажет болған пациенттер барлығы осында жеткізіледі. Сондықтан реаниматолог дәрігер – кең профильді маман. Науқастар негізінен жедел жәрдем арқылы бөлімшеге түседі. Қазақстандағы барлық ауруханалар сияқты, біз де 3Н жүйесі бойынша жұмыс істейміз: жасыл, қызыл, сары – өмірге қауіп деңгейлері. Қызыл деңгейде шұғыл көмекке мұқтаж пациенттер келеді. Көбінесе есінен танып қалғандар жеткізіледі, бұл диагноз қоюды қиындатады. Тексереміз. Қажет болса, арнайы құрал-жабдықтарды қолданамыз. Арнайы шкала арқылы ес білу жағдайын, тыныс алуын, қан қысымын тексереміз, лабораториялық анализдер жасаймыз. Сонымен қатар, аспаптық зерттеулер де жүргізіледі. Жарақаттар болғанда бас сүйек рентгені, КТ, төс қуысы мен іш қуысының УДЗ-сын жасаймыз. Қан тамырларының аурулары мен өткір тромбоз кезінде УДЗ жасайды. Пациенттердің басым бөлігі бізге өткір мидың қан айналымы бұзылыстары, қан кетулер, жабық бас ми жарақаттары, жүрек патологиялары, инфаркттармен түседі. Олар үшін шұғыл көмек көрсету уақыты өмірлік мәнге ие. Минуттарға дейін есептеулі. Өмірді құтқару реанимация бригадасының кәсіби біліктілігі мен үйлесімді жұмысына байланысты. Пациентті құтқаруға барлық маман қатысады – дәрігерлерден бастап санитарларға дейін. Әрқайсысының өз функциясы бар, ешқайсысы басқаға қарағанда маңыздырақ немесе кем маңызды емес. Егер адам реанимацияға түссе, бұл оның жағдайы ауыр немесе өте ауыр деп бағаланатынын білдіреді және ол тәулігіне 24 сағат интенсивті бақылауды, қолдауды және шұғыл көмек көрсетуді қажет етеді, – дейді анестезиология және реанимация бөлімінің меңгерушісі Г.Ултияров.
Елдің ең көп халқы бар облысы дәрігерлерге демалуға мүмкіндік бермейді. Соған қарамастан ауруханада шетелдік мамандар тұрақты түрде мастер-класс өткізеді. Дәрігерлер әлемнің жетекші клиникаларында тағылымдамадан өтеді. 15 жылдық тәжірибесі бар реаниматолог-анестезиолог Елмұрат Диметов реанимация жұмысы туралы көп біледі және өз білімін әріптестерімен қуана бөліседі.
– Адамдар реанимацияға жылдам, қарқынды және үздіксіз емдеуді қажет ететін жағдайларда, көбінесе арнайы жабдықты қолдану қажет кезде жеткізіледі. Бастапқыда реанимация ағзадағы тоқтап қалған органдар мен жүйелердің қызметін алмастыратын бөлім ретінде қаралатын еді. Адам өзі демалай алмай қалса, оны жасанды тыныс алдыру аппаратына немесе экстракорпоральды мембраналық оксигенацияға қосады. Бүйректері жұмыс істемесе, жасанды бүйрекке қосады. Жүрек-қан тамырлары жүйесі артерияларда қажетті қысымды сақтамаса, қысымды көтеретін препараттар көмегіне жүгінеді. Формалды түрде реанимацияға көрсеткіш – адам ағзасының бір ғана жүйесінің дұрыс жұмыс істемеуі. Ақиқатында жансақтау бөліміне қазірше бәрі дұрыс сияқты көрінетін адам да түсуі мүмкін. Негізгі сөз – «қазірше». Көптеген ауруларда жағдайдың тез нашарлауын анықтап, алдын алуға болады. Мысалы, ауыр өкпе қабынуы кезінде. Сырттай өкпе дем алып жатыр, жүрек соғып тұр, бүйректер жұмыс істейді, адам есін біледі. Ал талдау нәтижелері мен компьютерлік томография бойынша ол біздің пациент. Егер уақытында жансақтауға жатқызсақ, ауыр салдардан сақтануға болады. Біздің пациенттердің екінші категориясы – жағдайын үнемі бақылауды қажет ететіндер. Адам жүрегінің соғу ырғағы бұзылуы мүмкін. Ырғағы қалпына келтіріледі. Бұл жұмысты жедел жәрдем де атқара алар еді, бірақ аритмияның қайталанбайтынына көз жеткізу үшін оны кардиореанимациядағы мониторға қосады. Немесе асқазан мен 12 елі ішектен қан кету. Қанды эндоскопист дәрігер тез тоқтатады, бәрі жақсы сияқты, бірақ пациентті бір тәулікке реанимацияда қалдырады, қан кету қайталанбайтынын білу үшін. Ертеңіне бақылау гастроскопиясынан кейін бәрі қалыпты болса, бөлімге жіберуге болады. Неліктен ертеңіне дейін? Өйткені қайта қан кету белгілері бізде монитордағы өзгерістер арқылы тез байқалады. Бізде кең көлемді операциядан кейінгі науқастар бар. Ерте операциядан кейінгі кезең – ең қауіпті уақыт. Пациент оны мониторингпен және дәрігерлер мен медбикелердің үздіксіз бақылауында өткізсе, бәрі тыныш болады. Неліктен бұл кәдімгі бөлімшеде мүмкін емес? Себебі бізде арнайы құрал-жабдықтар және дайындалған персонал бар. Реанимацияда әр науқас тек мониторингте ғана емес, сонымен қатар медбикенің көз алдында және дәрігердің қол жетімділігінде болады. Реаниматологтың міндеттері – науқастың өткір жағдайын тұрақтандыру және оны қалыпты денсаулық деңгейіне қайтару. Мысалы, пневмонияны емдеу, қан кетуді тоқтату, ауыр анемия кезінде эритроциттерді құю. Мұндай науқастар бізде көп, – дейді Елмұрат.
А.ДОС


