Түркістан ауруханасы көрші облысқа да кешенді көмек көрсетеді

Oinet.kz 05-07-2026

ТКОА.jpg

Түркістанның қалалық орталық ауруханасында биыл алғашқы алты айда 11157 адам емделді. Былтыр 6 айда 9123 пациент түскен. Бұл туралы аталған медициналық ұйымның басшысы Гүлмира Марданова айтты.

G.-Mardanova.jpg

– Биыл алғашқы алты айда 11157 адам емделді. Былтыр 6 айда 9123 пациент түскен. Бұл аурухана осы өңірдегі стационарлық көмек көрсететін жалғыз мемлекеттік медициналық мекеме. Бізде барлық қажетті жабдықтар бар, ең бастысы – мамандар. Денсаулық сақтау басқармасының бұйрығына сәйкес барлық мамандар мен жедел жәрдем жабдықтары да осында шоғырланған. Барлығы бір жерде. Жеке клиникаларда мұндай қамтуды қамтамасыз ету мүмкін емес. Олар әдетте мамандандырылған: кардиолог бар – хирург жоқ, травматолог бар – уролог жоқ, травматолог бар – нейрохирург жоқ, кардиология бар – стенттеу жоқ. Біз терапевтік, хирургиялық және жоғары технологиялық шұғыл және жоспарлы медициналық көмек көрсететін жалғыз ауруханамыз. Мұнда Түркістан, Кентау қалалары мен Созақ, Отырар, Бәйдібек, Сауран аудандарынан және Қызылорда облысының Жаңақорған ауданынан экстрагенитальды патологиясы, басқа да аурулары бар босанатын әйелдер келіп түседі. Мемлекеттік стандартқа сәйкес реаниматологиялық көмек тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде, МӘМС бойынша және шұғыл немесе жоспарлы тәртіппен ақылы түрде көрсетіледі, – дейді Түркістан қалалық орталық ауруханасының басшысы Гүлмира Марданова.

Түркістан қалалық орталық ауруханасында мұқтаж жандардың барлығына шұғыл көмек көрсетіледі. Басты мақсат – науқасты құтқару. Содан кейін оның медициналық сақтандыру мәртебесінің бар-жоғын анықтайды. Аурухананың модульдік кешені мен С.Қожанов көшесіндегі екінші ғимаратындағының бәрін қосқанда 415 төсек орын бар. Оның 171-і жеті терапия бөлімшесінде, 149-ы алты хирургиялық бөлімшеде. 65-і балаларға және 30-ы ересектерге арналған инфекциялық төсек орындар. Онда аса қауіпті жұқпаға шалдыққан науқастар жатқызылады.

Түркістан халқы соңғы жылдары айтарлықтай көбейді. Жүктемесі де артқан қалалық орталық ауруханада жедел жәрдем алгоритмдері автоматизмге дейін пысықталған. Барлығы әбігерсіз тез және үйлесімді әрекет етеді. Ауыр және өте ауыр жағдайдағы науқастардың кенеттен жүрегі тоқтауы, тыныс алуы нашарлап есін жоғалтуы, ауыр жарақаттар кезінде олардың өмірін сақтап қалу үшін шұғыл медициналық шаралар кешені жүргізіледі, жүрек-өкпе реанимациясы жасалады: жанама жүрек массажы, жасанды тыныс алу, қарқынды терапия.

Пациенттер арнайы құралдармен үздіксіз бақылауда болады, ол жүрек соғуын, қан қысымын, қандағы оттегі деңгейін және ЭКГ-ны нақты уақыт режимінде тіркейді. Қажет болған жағдайда жасанды тыныс алдыру, жүрек қызметін дәрі-дәрмекпен түзету және ішкі органдардың өмірлік қызметін қолдау қолданылады.

Түркістан қалалық орталық ауруханасының басшылығы медициналық ұйымды мамандармен қамтамасыз етуге және олардың біліктілігін арттыруға кешенді түрде қарайды. Мұнда дәрігерлер мен медициналық қызметкерлер үшін бірдей қолайлы жағдай жасауға тырысады. Тәжірибелі дәрігерлер мен мейірбикелерді осында жинау керектігін жақсы біледі.

A.-Sandybaev-2.jpg

– Медициналық оқу орындарының түлектерін, ұлттық ғылыми орталықтардың мамандарын жұмысқа шақырамыз, Негізінен, әрине, Түркістан облысының тұрғындарын жұмыспен қамтуға тырысамыз. Бұл мамандардың бәрі жергілікті болуы тиіс деген сөз емес. Аурухана артықшылығы – заманауи жабдықтар және кеңею перспективасы. Біздің медициналық ұйым базасында 2027 жылы 579 төсек орында облыстық клиникалық аурухана (ОКА) ашылады. Сол уақытқа дейін Денсаулық сақтау министрлігі мен облыс әкімдігінің келісімі бойынша біздің қызметкерлерімізге жүз қызметтік пәтер салынады. ОКА жанында мамандандырылған орталықтар ашылады – неврология, травматология, диализ, нейрохирургия, онкология. Қазірдің өзінде бізде істейтін дәрігерлердің санаттары астаналық мамандардан кем емес. Одан да мықты болуы керек. Біздің ауруханада және шетелде профильді мамандардың біліктілігін үнемі арттыру жүйесі ұйымдастырылған, – дейді аурухана басшысының кеңесшісі Әмірхан Сандыбаев.

Барлығы Түркістан және облыс тұрғындарына сапалы әрі уақытылы медициналық көмек көрсетуге, халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған. Нәтижелері – мыңдаған құтқарылған өмірлер және аурухана мамандарының өсіп келе жатқан беделі айқын көрінеді.

Асыл ДОС

 


Жаңа туған нәрестеге күрделі ірі операция жасады
Дәрігерлер де пациенттермен бірге өмір үшін арпалысады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу