Білікті маман, сапалы қызмет жетістікке жеткізді
Нұр-Сұлтанда "Дені сау ұлт" ұлттық медициналық саммиті аясында "ALTYN SHIPAGER" ұлттық сыйлығының жеңімпаздарын марапаттаудың дәстүрлі рәсімі өтті. Шарада Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният еліміздің үздік медициналық ұйымдарына алтын мүсіншелерді табыс етіп, әріптестеріне табыс, ұлт денсаулығын қорғау ісінде ең үздік көрсеткіштерге қол жеткізуді, мықты денсаулық пен бақ-береке тіледі.
"ALTYN SHIPAGER" сыйлығының нұсқасы бойынша ең үздік босандыру ұйымы Түркістан облысының №1 облыстық перинаталдық орталығы атанды. Мекеме тек өңірдің ғана емес, Қазақстанның да ірі перинаталдық орталықтарының бірі болып табылады. №1 ОПО-ның төсек-орын қоры 300-ді, штат саны 600-ден астам қызметкерді құрайды. Жыл сайын орталықта 10 мыңнан астам жаңа туған нәресте дүниеге келеді. Соңғы екі жылда орталықта бірде-бір ана өлімі тіркелген жоқ.
№1 Түркістан облыстық перинаталдық орталығында балалардағы ауруларды ерте диагностикалау, туылмаған баланы медициналық қолдау, перинаталды тексеруді жетілдіру шарасына басымдық беріліп келеді.
Орталықта сәбилерге, шала туған нәрестелерге ерекше күтім жасалады. Нәресте дүниеге келген соң, перзентханада тұқым қуалайтын ауруларға неонаталдық скрининг жүргізіледі. Яғни, фенилкетонурия мен туа біткен гипотериоз тексеріледі. Сонымен қатар, жаңа туған нәресте мен балалар есту қабілетінің бұзылуын уақтылы анықтау мақсатында аудиологиялық скринингтен өтеді.
Өткен жылдан бері енгізілген әдіс – құлақ мүкістігін анықтайтын объективті аудиометрия. Бұл баланың есту қабілетінің бұзылуын топикалық диагностикалайды, әрі зақымдану орнын анықтайды. Әсіресе, шала туған баланың бойындағы ақауды ерте анықтап, дер кезінде емдеуге мүмкіндік жасалады.
Сондай-ақ, №1 Түркістан облыстық перинаталдық орталығының жаңа туған нәрестелерді реанимациялау және қарқынды терапия бөлімінің неонтолог-дәрігерлері, мейірбикелер сәби үшін астың да, дәрінің де орнын басатын ана сүтімен қоректендіруді насихаттап келеді. Ана сүті нәрестені инфекциялардан қорғайтын антиденелерді таратады. Яғни, шала туылған нәрестелер немесе иммундық жүйесі әлсіреген сәби үшін өте маңызды. Өйткені, мерзімінен бұрын босанған ана сүтінің құрамында майлар мен секреторлық иммуноглобулин көп. Сондай-ақ, шала туылған нәрестелерде асқазан-ішек жолдары дамымағандықтан бұл қоректік заттарды сіңіру қиын. Ал, ана сүтінде баланың ас қорытуын жеңілдететін ферменттер бар. Осыған орай, орталық дәрігерлері ананы баласын дұрыс тамақтандыруды үйретіп және қолдау көрсетіп келеді.
Орталық ұжымын марапаттарымен шын жүректеп құттықтап, еңбектеріне жеміс тілейміз!