Емші әлде дәрігер? Кімге көбірек жүгінесіз?
Ауруымыз асқынып, жанымызды қоярға жер таппай, қиналғанда біріміз білікті дәрігерге қаралсақ, енді біріміз халық еміне жүгінгенді жөн көреміз. Дәрігер науқастан талдау алып, нақты диагнозын табуға тырысады. Бұл мамандық үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Медицина мамандары ауырып жатқан науқастың дертін дөп басып қана қоймай, оның емін іздеп, дертін жазатын маман иесі. Халық емін де жоққа шығара алмаймыз. Себебі бүгінде фармация саласында қолданылатын препараттардың көпшілігі дәстүрлі медицинада әбден зерттелген дәрілік өсімдіктерден жасалады. Көпшілік тұрғындар халық емін қолдап, сан ғасырлар бойы науқасты емдеуде халық емінің тәжірибесі мол болғандығын айтады. Ертеректе емшілеріміз түрлі өсімдік тамырларының, шөп түрлерінің адам денсаулығына қаншалықты пайдасы барын зерттеп, қазақы ем – домда пайдаланып, іске асырған. Қазіргі таңда, түрлі жетістіктерге қол жеткізіп келе жатқан медицина саласының емдеу тәжірибелері ата – бабаларымыздың емшілік дәстүрінен алынғаны жасырын емес. Қазақ тарихында шипагерлігімен есте қалған Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы: «Емшіні шипагер деп атаған жөн, шипа жазады, қонады, дариды, айықтырады деген сенімділікпен туады. Жазылсын, қонсын, дәру болсын деген ақ тілек. Бұл науқас пендеге қуат беру» - деп өз тұжырымын ұсынған болатын. Ертеректе айықпас дертке ұшырағандарды аяғына тік тұрғызған, құлан таза айығуына шипасы тиген халық емшілері туралы көп айтылатын. Ал бүгінде емшіге барып, еміне шипа емес басына ауру тілеп алып жатқандарды да есітіп жүрміз. Десе де ел арасында емші жағалап, тәуіптің айтқанына айдай сенетіндер аз емес. Бүгінде медицина қызметкерлеріне де сенетіндердің қарасы көп. Қанша дегенмен дәрігер өз саласының маманы емес пе? Ал сіз ауыра қалсаңыз емшіге қаралғанды жөн көресіз бе, әлде дәрігерге барасыз ба? Біз бұл сұрақты бірнеше тұрғынға қойып көрген едік.
Гүлнар ШЫНЫБЕКОВА, ана: Екі саланы да қолдаймын
Екі жақты да тепе – теңдікте ұстағанды жөн көремін. Мысалы, қан қысымым көтеріліп немесе басқа да ауру түрлері пайда бола қалса бірінші кезекте жедел - жәрдемге хабарласамын. Дәрігерге қаралып, нақты диагноз бен дәрігерлік талдауды күтемін. Дәрігер қан қысымның қаншалықты дәрежеде екенін тексеріп, нақты талдау жасай алады. Жасыратыны жоқ, халық еміне де жүгінемін. Мысалы, аяғым қақсаса қойдың майын жағамын, ал тұмау басталса үйді адыраспандап шығамын. Тіпіт, емшіге де жүгінген кездерім болған. Емші емес, сынықшы дегенім жөн болар. Бір кездері, аяғым шығып жаным қиналғанда, дәрігерге қаралмай бірден сынықшыға бардым. Себебі, аяқтың шығуы немесе сынуына медицина саласы дұрыс диагноз қоя алмайды.
Айгүл ЖҮСІПБЕКОВА, мұғалім: Дәрігерден бас тартпау керек
Ауыра қалсам міндетті түрде алғашқы медициналық көмекке жүгінемін. Қанша дегенмен, қазіргі заман медицинаның дамып, түрлі аппараттардың пайда болған уақыты. Сондықтан да, қандай жағдай болмасын, дәрігерлік ем – домдан бас тартпағаныңыз абзал. Кейде дәрігерге де көп қарала бергеннен қорқамын. Ғаламтордан, теледидардан неше түрлі оқиғаларды көріп жүрміз ғой. Меніңше дәрігерлерге деген сенімнің азайып бара жатқандығы жалған ақпарат ағынының көптігінен шығар.
Айдана ЖАППАр, мұғалім: Емшілерге сенбеймін
Өз басым дәрігерге қаралғанды жөн көремін. Себебі, дәрігер нақты диагноз қоя алады. Анализ алып, жалпы жағдайыңды қарайды. Дәрігер аппаратқа түсіріп организміңнің жай – күйін біле алады. Қандай дәрі – дәрмек түрінің дертіңізге дауа бола алатынын айтады. Қазіргі ғылым мен техниканың дамыған заманы. Ауыратын жеріңді аппарат анықтап, экран бетіне шығарып береді. Сондықтан да, медицина дамыған мына заманда дәрігерлік қызметке шүбә келтіре алмайсың. Ал емшілерге сенбеймін.
Шолпан САРИЕВА, студент: Жастар медицинаны қолдайды
Дәрігерлер ауру еместі, ауру қылып шығарады деген ойды қалыптастырған адамдар, халық еміне жүгінетіндер. Десе де қазіргі адамдардың көзі ашық көкірегі ояу. Ақ пен қараны ажырата алатын дәрежеге жетті. Себебі қазір ғаламторда ақпарат жеткілікті. Кез-келген аурудың тарихын, сипаттамасын, диагностикасын оқи алады. Оның үстіне қазір медицина саласы қарыштап дамып келеді. Дәрігерлердің де біліктілігі артуда. Елімізде бұрын-соңды жасалмаған оталар жасалуда. Мұның барлығы ақ халатты абзал жандардың еңбегі. Сондықтан мен болашақ медицина маманы ретінде өз саламды қолдаймын.
Гүлнұр ҚҰТТЫБАЕВА, дәрігер: «Шымшық сойса да қасапшы сою керек»
Әркімнің өз қалауы бар. Кім қайда қаралып, қалай емделгісі келсе де өз еркі. Алайда, дәрігерлік тексеруден өту маңыздырақ. Себебі, медицина, технология дамыған заманда аурухананың есігін қаққаны жөн. Қазіргі таңда, бір реттік тексерудің өзі, науқастардың диагноздарын 5-10 минуттың ішінде дөп басып айтуда. Медицина бүгін ғана пайда болған сала емес. Ол сан ғасырдан бері қаншама зерттеуден, ізденістен, сараптаудан өткен үлкен сала. Медицина ол ғылым. Ал дәрігер адам денсаулығына жауапты, түрлі ауруларды емдейтін арнайы маман. Қазақта «шымшық сойса да қасапшы сойсын» деген керемет сөз бар. Сондықтан денсаулығыңыз сыр берсе бірден дәрігерге барған жөн. Себебі денсаулық сіздің басты байлығыңыз. Басты байлығыңызды білімі жоқ адамға тапсырмаңыз.
Сауалнаманы жүргізген: Нұрила ЖҰМАДІЛЛӘ