Оқушы сөмкесін таңдай білесіз бе?
Әр оқу жылының басында оқушылардың ата-аналарымен бірге дүкендер мен базарларға барып мектепке арналған сөмке таңдап сатып алатыны өмір шындығы. Өйткені оқушы сөмкесі қажетті де, маңызды оқу құралдарының бірі болып табылады. Сонымен қатар, оның бала денсаулығына да әсер ететінін ұмытпаған абзал. Сондықтан ата-ана оқушы сөмкесін таңдауда нені ескергені жөн? Бұл туралы Түркістан облысы Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің жетекші маманы Гүлнәр Оспанова түсіндіріп береді.
– Жалпы, мектеп оқушыларының іші толы «қоржындарының» ауырлығы мен шамадан тыс заттарды тасуы денсаулыққа кері әсерін тигізбей қоймайды. Баланың қан қысымының қалыптан шығуына септігін тигізеді. Тіпті әлі қатая қоймаған оқушының кеуде сүйектерінің қисаюына әкеп соғады. Ол аз болса, мұның салдары мидың қалыпты жұмысына кері әсерін тигізеді. Қандай да болмасын ауыр салмақ оқушының омыртқа жотасымен арқа бұлшық еттеріне кері әсер етеді. Және жас ұлғайған сайын оның зардабы үлкейе түседі, – дейді Г.Оспанова.
Маманның айтуынша, арқаға ілгенде сөмке салмағы екі иыққа теңдей түсуі қажет. Өйткені дәрігерлер бастауыш сынып оқушыларының күнделікті мектепке ауыр сөмке тасуы тек бойын тежеуден бө¬лек, қимыл-қозғалыс жүйесі мен омыртқа¬сын зақымдайтынын алға тартады. Бұл балалардың көбінің сколиоз, кифоз дерттеріне шалдығуына, яғни иық және кеуде сүйектерінің қисаюына әкеп соғады. Тіпті майтабандылыққа да әкелетін қаупі бар.
Ауыр сөмкені еңсеріп жүру үшін балаға еңкейіп жүруге тура келеді. Одан баланың жүрек қан-тамырларының қызметі бұзылып, көру қабілеті төмендейді. Одан бөлек, үнемі бас айналуы, жүрек айнуы, арқа мен аяқ ауру¬лары көбейе бастайды. Ата-ана бұған көп мән бермеуі мүмкін, бірақ баланың бұл ауру¬лар туралы айтып, шағым жасауы жиі¬лейді. Ауыр сөмкені бір қолда ұстау немесе сөмкені бір иыққа асыну оқушы үшін зиян. Оның зардабы омыртқа жотасының бір бүйірге қарай қисаюына – сколиозға шалдықтырады. Сондықтан бірге бір иыққа сөмкені асуға болмайды. Тіпті ауыр салмақ бір иыққа түсетіндіктен дене сүйегі бір жаққа қисайып бүйректің төмен түсуіне әкеліп соғады.
Мектеп сөмкесінің асқыншақтары жалпақ болу керек. Қымбат болса да әйгілі брендтердің сапалы өнімін таңдаған дұрыс. Оқушының жас және жыныс ерекшелігіне сай таңдау керек. Өз формасын өзгертпейтін болғаны абзал. Сөмкенің түсі мен суреті өте маңызды. Баланың өз қалауымен таңдаған жөн. Баланың бойымен жасының ерекшелігіне сәйкес ортопедиялық арқасы бар сөмке таптырмас құрал болып табылады. Тағы бір ескеретін жағдай – қараңғы кезде жарыққа шағылысатын жарқын түсті жолағы бар сөмке жаяу жүргіншілер жолынан өтер кезде, жүргізушілердің көзіне бірден түсіп, қауіпсіздікті қамтамасыз етеді.
– Құрметті ата-ана! Балаңызға сөмке сатып алар кезде оның материалына мән беріңіз, сапалы болсын. Сосын сөмкенің көлемі арқадан жалпақ болмауын ескеріңіз. Оның төменгі бөлігі белден төмен түспегені абзал. Ішіне заттар салғанда салмағы иыққа батпас үшін иықбауы жалпақ болуы керек. Ішіне салынатын оқушы құралдарының салмағымен қоса есептегенде сөмкенің ауырлығы баланының салмағының 10 пайызынан аспауы тиіс. Оқулықтар бір-біріне тығыз орналасатын болса, кітап-дәптерлер жыртылмайды, қалам сиясы төгілмейді. Материалы сапалы болғаны жөн, – дейді маман.
Нормативтерге сәйкес, 1-4 сынып оқушылары үшін бір оқулықтың салмағы 300 грамнан, 5-6 сынып оқушылары үшін 400 грамнан, 7-9 сыныптықтар үшін 500 грамнан, ал 10-11 сынып оқушылары үшін бір оқулықтың салмағы 600 грамнан аспауы тиіс. Оқулықтар мен оқу құралдарының жиынтық салмағы 1-3 сынып оқушылары үшін 1,5-2 келіден, 4-5 сынып оқушылары үшін 2-2,5 келіден, 6-7 сынып оқушылары үшін 3-3,5 келіден, 8-9 сынып оқушылары үшін 4-4,5 келіден аспауы керек.
Балерке БӨРІБЕК