Меңді алдыртқан дұрыс па?

Oinet.kz 21-05-2020 3682

Адам денесінде қал мен меңнің кездесуі қалыпты жағдай. Ғалымдар жер бетіндегі  Қалдыбай мен Меңдігүлдердің санын нақты айта алмайды. Себебі олар өте көп. Есесіне зерттеушілер мең мен қалдың 300-дей түрін анықтап, денедегі әрбір даққа ғылыми тұрғыда бағасын берген. Қал туа бітті немесе жүре пайда болуы мүмкін. Бет әлпетте кездесетін мең кейбір адамдарға жарасып-ақ тұрады. Ал кейде қал тым ыңғайсыз жерде орналасып, көлемі үлкен болса ол адамға, әсіресе әйел затына эстетикалық кемшілік беріп тұрады.  Сондықтан одан құтылудың жолын іздейді.  Десе де көп адамдар меңін алдыруға асықпайды. Өйткені оны Алланың сыйы және өзінің басты ерекшелігі деп санайды. Ел ішінде тіпті, меңді «періштенің өпкені» (поцелуй ангела) деп те атайды. Бүгінде  қалдың нүктедейінен, қарақаттай, тіпті, алақандайына дейін алып тастаудың түрлі әдістері дамыған. Сонымен, қалды хирургиялық жолмен алдыртқан дұрыс па және ол зиян емес пе?

 Меңіңіз сіз туралы не айтады? Alashainasy.kz

Адамға қал неге шығады?

Қал мен меңді медицинада «теріде пайда болатын пигментті невус» деп атайды. Ол денсаулық үшін қатерлі емес, ісік түріндегі кішігірім ақау. Меңнің нәрестелерде кездесетін түрі гемангиома деп аталады. Гемангиома – бұл көбіне жаңа туылған нәрестенің сыртқы тері қабатында ақаулы тамырлардан және де ұсақ каппилярлардан тұратын қатерсіз ісік. Балалардың 30 пайызы геманангиомамен туылады немесе туылғаннан кейін бір апта ішінде байқала бастайды. Алғашқы аптада байқала бастаған гемангиома бір-екіден дамып, оның саны жүзге дейін жетуі ықтимал. Терінің үстіңгі қабатында пайда болған кіші гемангиоманың мөлшері 2-3 мм болса, үлкен ісіктің мөлшері 1 сантиметрден әрі өсуі мүмкін. Сәбилерге гемангиоманың шығуына тұқым қуалаушылық немесе баланың анасы жүктілік кезінде әр түрлі вирустық аурулармен көп ауырғандығы себеп болады. Қал өзінің бітімі мен сыртқы көрінісі жағынан әртүрлі болып келеді.  Құрылымы мен түрі жағынан ол тамырлы  ангиомалар және пигментті болып екі топқа бөлінеді. Пигментті меңдердің құрылымы әртүрлі болып келеді. Көбінесе адамның терісінде қызыл-қоңыр, көлемі тарының дәніндей дақ пайда болады. Кейде адамның бетінде, баста, төстің, арқаның түк басқан жерлерінде көлемі бұршақтай, дөңгелек немесе сопақша болып келетін, қолға жұмсақ тиетін бүртік болып та өседі. Әдетте олардың түсі сарғыш қызыл, кейде қоңыр болып кездеседі. Олардың беті тегіс, көп жағдайларда үстіне селдір түк шығатын түрі де бар. Туа біткен меңдер адамның жасы ұлғайып, терісі тозғанда едәуір үлкейеді. Ал түкті меңдер – әдетте сарғыш қоңыр, қара, терісі кедір-бұдыр, бетін қылшық басып тұрады. Ол денеге жайылып шығады да, адамның келбетін бұзады.

Нүктедей мең түйедей қауіп төндіруі мүмкін

Егер сіздің денеңізде немесе ұл-қызыңызда мең болса оны үнемі назарда ұстап отырыңыз. Себебі қалдың бәрі бірдей қауіпсіз емес. Дәрігерлердің айтуынша ол кейде асқынып, қатерлі ісікке айналуы ықтимал. Адамдар меңді көбінесе екі жағдайда алдыртады. Қал өзіне ұнамаған жағдайда, яғни бет-қол терісінің тегіс, таза болуы үшін және невус киімге ілініп, ыңғайсыздық тудырғанда және ауыртқанда. Егер қалыңыз қышып, суланып, көлемі үлкейіп, түсі өзгеріп кетсе, іріңдеп немесе қанаса бірден дәрігерге көрінген жөн. Себебі меңнің ішіндегі қара дақтар – меланома өте қауіпті. Оны медицинада қара ісік деп те атайды. Денеге тез жайылады. Меланома асқынғанда адам өмірін сақтап қалу қиындайды. Сондықтан меңді ертерек дәрігерге тексертіп, қауіптің бетін қайтаруға болады.

Медицина мамандары түймедей меңнің қатерлі ісікке айналуына мынадай жағдайлар түрткі болады дейді: экологиялық әсер,  майлы, қуырылған  тағамдарды жиі тұтынудың салдарынан ағзадағы зат алмасу процесінің бұзылуынан, шектен тыс күнге теріні қыздыру, артық салмақ, меңді жарақаттап алу, түгін жұлу. Сонымен эстетика немесе қатерлі ісіктің алдын-алу үшін меңді хирургиялық жолмен жою процесі қалай жасалады?

Қай тәсілді таңдайсыз?

Егер сіз меңіңізді алдыртуға бел бусаңыз, алдымен дәрігерлік тексерілуден өтуіңіз керек. Невусты кел-келген адам алдырта алады. Алайда ол жүкті және емізулі әйелдерге, сол сәтте герпес, инфекциялық және созылмалы аурулармен ауыратындарға болмайды. Қалды жоюдың қарапайым тәсілі скальпельмен алу болып табылады. Алдымен хирург меңге ауырсынуды сездірмейтін дәрі жағып, оның әсер етуін күтеді. Кейіннен скальпельмен қалды суырып алады. Үңірейген орынға дәрі жағылып, жіппен тігіледі. Кішігірім отаның уақыты меңнің көлеміне, санына және адамның ағзасына байланысты созылуы мүмкін. Шамамен 30-40 минут. Қарапайым әдістің ұтымды тұстары көп. Біріншіден: меңнен біржолата құтылу. Егер отаны тәжірибелі дәрігер жасаған болса, онда рецидив (қайталану) болмайды. Продерура кезінде қатерлі клеткалар толығымен алынғандықтан орнына сау клеткалардың дамуына жол ашылады. Бір әттеген-айы, тыртық қалады. 

Бүгінде мұндай дәстүрлі процедураларды заманауи әдістер алмастыруда. Мәселен, диатермокоагуляция. Ол за­қымдалған аймаққа жоғары тем­пературамен әсер ету деген сөз. Бұл әдіс­пен тек кішігірім геман­гиомаларды емдейді.

Склероздеуші терапия – скле­роздеуші ерітінділерді енгізу. Кі­шігірім, терең орналасқан та­мырлы ісіктерде, әсіресе, бет ай­­мағындағы кавернозды гемангиома осы әдіспен жақсы ем­де­леді. Бұл әдістің ерекшелігі – қарапайымдылығы. Әдістің кем­­шілігі ауырсыну мен ұзақтылығы, кейде бірнеше рет егу шарасын жүргізу қажет болады.

Криогенді ем – төмен темпера­турамен әсер ету. Қазір бұл тәсіл кең қолданылады. Ерекшелігі – ауырсыну аз, қан кету және ағзаға жағымсыз әсері төмен. Осы әдіс­пен барлық қарапайым мең емделеді.

Горманальды ем гормондық дәрілер енгізу арқылы ем жүргі­зіледі.
Сәулелі ем жоғары әсерлі емге жатады. Бұл әдісті қиын орналасқан меңді, бі­ріншіден басқа емдеу әдісін қол­дануға келмейтін жағдайларда және үлкен аумақты ге­мангиомаларда қолданылады.

Қазіргі уақытта қалды емдеудің бірнеше жолдары жолға қойылған. Невус бар жерге ерітінді жібере отырып, емдегенде сау терінің маңа­йын­да­ғы жұмсақ тіндерге әсер етеді. Қан­шама тереңдікке өтіп кетке­нін қадағалау қиын болды. Ал бүгінде лазерлік аппараттармен ем жасау әлдеқайда нәтижелі. Ла­зерлік аппараттардың көме­гі­мен біраз жұмыс жеңілдеген. Бүгінде пайда болғанына бірнеше күн өткен қалды еш қиындықсыз лазерлік аппаратпен алып тастауға болады.

Жеңіл түрде өтетін заманауи оталардың ортақ артықшылығы – меңнің орнында тыртық, із қалмайды.

Сіз меңнен құтылудың қай жолын таңдасаңыз да процедурадан кейін он күндей жараның орнын тырнап, сулап, зәр тигізбеңіз. Күннің көзінен де жасырып ұстаңыз. Себебі жараның бетіне инфекция түссе тағы да дәрігердің есігін  жағалап әуреге түсіп қаласыз.

Егер қал ажарыңызға көлеңке түсірмесе, ауырып мазаңызды алмаса, дәрігерлер оған тиісудің қажеті жоқтығын айтады. Ал қазақы ырымға сенсек мең адамға ырыс әкеледі екен. Оны алдыртқан жағдайда ырыс, несібеңнен айырыласың деп түсінген.

Меңнің біз білмейтін құпиялары:

- меңі көп адамдар ұзақ жасайды;

- мең адамның кез келген дене мүшесіне шығады. Оның мына жерге шықпайды-ау дейтін орны жоқ;

- орта ғасырда өмір сүрген кейбір елдерде мең «жынның» белгісі деп танылған;

- көзінің ішінде қалы бар адамдар сұқтана қараса, сәбилер бірден сұлық түсіп, ауырып қалады екен.\

Қызылша қандай ауру?
Скрининг шығынды азайтады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу