Шығармалары әлем медицинасын өзгерткен Александр Беляев

Oinet.kz 11-03-2020 2363

05_tVLOeSa.jpg

Медицина үнемі өсіп-өркендеу үстінде. Бүгінге дейін қаншама ғалымдар қазір қолданып жүрген препараттар мен емдеу тәсілдерін зерттеп, ойлап тапты. Оған жылдап уақыттары мен сағаттап күш-жігерлерін сарп етті. Кейбірі өз өмірлерін құрбан етті. Десе, медицина өз жемісін беруде. Мәселен, осыдан бірнеше ғасыр бұрын адамзатқа ағза ауыстыру, тірі адамның көшірмесін жасау (клондау), қолдан ұрықтандыру ертегідей көрінген. Сол секілді орыстың атақты жазушысы Александр Белявтың шығармаларын қоғам сол кезде сандырақ, қиял-ғажайып деп санады. Орыстың Жюль Верні саналған Беляев жалпы медицина тақырыбына бірнеше туындысын арнады. Фантаст-жазушының мүмкін емес идеялары бертін келе ғалымдарға қанат бітіріп, медицинаның шексіз ғылым екенін дәлелдей түсті. 

Александр Беляев Кеңес Одағы тұсында фантастика жанрына ерекше ден қойып, осы салада ең көп шығарма жазған алғашқы тұлға. Жоқшылық пен аурудан көз ашпаған Александр қаламымен әлем медицинасына жаңа леп әкелді. Ол дәрігер де, ғалым да болмаған, тек қиялы ұшқыр қаламгер ғана. Әдебиет әлемінің өкілі Беляевтің медицинаға не қатысы барын басынан баяндасақ.

1884 жылы Смоленск өлкесінде дүниеге келген жазушы жастайынан жаңашылдыққа құмар болды. Өзге балалар доп теуіп, жасырынбақ ойнап жүргенде Саша жалғыз өзі қиялданып жүретін. Үнемі бір нәрселерді құрастырып, тәжірибе жасағанды ұнатқан. Осындай бала күндегі шалалықтың кесірінен оның көзі жараланып қалады да, көру қабілеті нашарлайды. Балақай тағы ұшуды армандады. Қолына сыпырғыны байлап «қанат қағып» көрді, шатырдан қолына қолшатыр ұстап ұшып та көрді. Ол болмағасын төсек-жаймалардан парашют жасап та секіріп көрді. Экстрималды ойын кезінде бірде ол шатырдан оңбай құлап, арқасын жаралап алады. Бұл жарақат оның өмірінің соңына дейін маза бермеді. Жылдап аурухана төсегіне таңылды. Тіпті, денесін ала алмай «тірі өліктің» күйін кешті. Міне, Беляевті медицина тақырыбына жақындатқан да осы оқиға еді. 

Аурухана мен дәрігерлердің күнделікті өмірі оған таныс болды. Ол ауру-сырқау, дәрі-дәрмек пен түрлі диагноз атауларын бір кісідей білген. 1915 жылы  Беляев сүйек-буын  туберкулезімен ауырады. Салдарынан оның екі аяғы сал болып қалады. Қатерлі дерт оны алты жылға төсекке таңды, оның бақандай үш жылын гипсте өткізеді. Осы кезеңде науқас өз денесін мүлдем сезген жоқ. Бір сөзбен айтқанда Александрдың басы ғана «тірі» болды. Аурухананың төрт қабырғасына қамалып жатқанда оған адамның басы өзін денесіз қалай сезінетіндігі туралы шығарма жазу туралы ой келеді. Осындай тың ойлар мазалап жүргенде жазушының қолына бір журнал түседі. Онда француз физиологы Шарль Броун-Секардың иттің басын тірілткені туралы жазылыпты. Өкінішке қарай тәжірибе сәтсіз аяқталған. Иттің оқиғасы шығарманың алғашқы сюжеттерінің туындауына себеп болды. Сөйтіп 1925 жылы «Профессор Доуэльдің басы» атты романы дүниеге келеді. Туындының құрылысы алғашқыда әңгіме болған. Кейіннен автор оны толықтырып, фантастикалық-көркем шығармаға айналдырады.   

Романның қысқаша мазмұны мынадай:  Париждік профессор-хирург Керн белгісіз жағдайда қаза болған өзінің ұстазы профессор Доуэльдің басын құпия түрде тірілтумен айналысып жүреді. Одан бөлек хирургтің зертханасында тағы да тірі екі бас болады.  Олар ымдайды, сөйлейді және ойлай алады. Медицинадағы таңғажайып жаңалық негізінен профессор Доуэльге тиесілі болған. Ал Керн болса оның идеясын ұрлап алады. Денесіз өмір сүріп жатқан бас кімге керек? Мұндай жағдайда «толық емес» адамның өмірі мәнсіз болмай ма? Бұдан гөрі өлгенім артық деп ойлайтыны анық емес пе? Ия, мұндай өмір жұмыр бас үшін тозақпен тең, ал профессор Керн үшін нағыз тәжірибе және сұмдық атақ-абыройдың көзі. Өз пайдасын ойлайтын ғалымның құпиясын жас ассистент қыз Мари Лоран біліп қояды. Жас маман Керннің сырын жаһанға жайып салғысы келгенімен професоордың қоқан-лоққысынан кейін тілін тістеп қалады. Ол аз болғандай Мари зертхананың тұтқынына айналады. Ол әлгі бастарға күтім жасаумен айналысып жүреді. Осы уақытта профессор Доуэльмен достасып үлгерген қыз сұмдық жайттарға қанық болады. Қария (профессор Доуэль) көз көріп, құлақ естігенімен аяқ-қолсыз өмірдің қаншалықты қиын екенін айтады. Мұндай жағдайды автор өз басынан өткізді емес пе? Доктор Доуэль арқылы Беляев өз сезімін былайша білдіреді: «Қызық, мен өмірде жұмыстан өзгені ойламайтынмын. Ғылым жолында жүріп, шаршағаннан мен тіпті өз денемді сезбей қалатынмын. Кейіннен денемнен шын мәнінде айырылғанда мен қандай байлықтан, қандай асыл дүниеден айырылғанымды білдім. Қазір мен ен далада жайқалған гүлдердің аңқыған иісін, орман алқабындағы жасыл шөптерді, топырақты басып жүрген кезімді, теңіз үстінде толқыған теңіздің дауысын көз алдыма елестете ғана аламын. Денемді жоғалтқан соң мен әлемді жоғалтып алдым. Бұрын мән бермеген қолмен ұстап көруге болатын заттарды, ең бастысы өз денеңді, өз-өзіңді сезіне алатын өмірді сағындым. Шіркін, тым болмаса бір рет  қолыма кішкентай тасты ұстап, оның ауырлығын сезінсем ғой». 

Міне, тірі бастардың өмірі осылай өтіп жатқанда профессор Керн пойыз басып кеткен актриса Анжелика Гайдың денесін зертханадағы Брикенің басына жалғап береді. Осы тұста Брике мен професордың диалогы әлі күнге дейін ғалымдардың екі жақты пікірін тудырып келеді. Брике айтады: «Мен денеге ие болуым үшін өзге адам өлуі керек қой». Сонда профессор былай жауап береді: «Оның денесіне басты берген сіз». Расында да адамның денесі маңызды ма, әлде басы ма? Екеуін жалғаса кім кімге өмір сыйлаған болып тұр? Толыққанды адам болған Брике ұстазынан қашып шығып, жаңа өмір бастауға бекінеді. Алайда көп ұзамай Брике денені бөтенсінуді шығарады. Оның аяғы қайта-қайта ісініп кете бергесін хирургке қайта келеді. Керн Анжелика мен Брикені қайта бөлуге мәжбүр болады. Қысқасы романның аяғында үш бастың бірі бақилық болады да, қалғандары сол күйі жаңа денеге ие бола алмай кетеді. Ал адамның өмірін ойыншық еткен профессор Керннің қылмысы әшкере болады. Полиция оны тұтқындауға келгенде ол өз-өзін атып өлтіреді. Ал тәжірибенің көзіне айналған бастардың одан кейінгі тағдырлары туралы автор жақ ашпайды. 

Әлем әдебиетін дүр сілкіндірген шығармадан кейін адамзат расымен де адамның денесін, ағзасын ауыстыруға бола ма деген сұраққа бас қатыра бастады. Көп ұзамай Кеңестік физиологтар Брюхоненко мен Чечулин иттің басын тірілтуге тырысады. Олар денесіз қалған иттің басын қан айналдырып тұратын аппаратқа жалғап қояды. В.Демихов болса сау итке тағы бір иттің басын жалғап, сенсация жасайды. 1954 жылы америкалық хирург Джозеф Мюррей әлемде алғаш рет адамның бүйрегін сәтті ауыстырса, 1967 жылы оңтүстікафрикалық дәрігер Кристиан Барнард тұңғыш рет адамға жүрек салды. 1980 жылдары ғалымдар адамның өкпесін ауыстыруды үйренді. Бүгінде бұл трансплантацияның ең қиын оталарының бірі болып табылады. Себебі онда жалғанатын қан тамырлары өте көп. Араға 10 жыл салып адамға қол жалғана бастады. Өмірімізге аса қажетті медицина ғылымы осылайша дами берді. Алайда бейшара професоор Доуэль армандаған ота жер бетінде әлі орындалған жоқ. Әрине, ақ халаттылар жануарларға тәжірибені әбден жасады. Бірақ адамның басына келгенде бірде-бір дәрігер Беляевтің батылдығын таныта алмай жатыр. Ғалымдар бұл медицина мамандарының білмсіздігінен емес дейді. Айтуларынша профессор Доуэльдің арманының орындалуына медицина әлдеқашан жол тауып қойған. Тек мұндай күрделі отаға қажеттілік болмаған. Болашақта бүкіл денесі сал болып қалған адамдарға осындай транспланталогия жасалуы мүмкін дейді ғалымдар.      

Беляевтің 1929 жылы жазылған  «Жүзін жоғалтқан адам» романынан да жазушының сәуегейлігін байқауға болады. Роман қаламгердің заманында дами қоймаған генетика мен эндокринология саласының жетістігін баяндайды. Оқиға Сан-Франциско мен Ресей арасында өрбиді. Шығарманың бас кейіпкері Тони Престо ергежейлі әрі ұсқынсыз болады. Оның кемістігін Питч өз пайдасына асырып, циркке қызметке алады. Құбыжық бейнесімен Тони балаларды қуантып жүріп, керемет атақ-даңққа қол жеткізеді. Алайда жеке өмірі сәтсіздікке толы еді. Ол Американың сұлу актрисасы Гедда Люкске өлердей ғашық болады. Ал халықтың хас сұлуы құбыжықты менсінеді дейсіз бе?! Гедда бірнеше рет Тонидің сезімін кері қайтарады. Махаббатта жолы болмай жүргенде ергежейлі физикалық кемістікті жоя алатын орыс дәрігері Сорокин жайлы естиді. Сөйтіп Престо жасырын түрде дәрігерге жол тартады. Атағы мұхит асқан ақ халатты сол заманда медицина үшін әлі арман болған гормоналды терапияның көмегімен құбыжық Тониді нағыз ханзадаға айналдырады. Шын мәнінде цирк әртісі кретинизм дертімен туылған көрінеді. Сырқаттың кесірінен оның бойы өспей, түр-әлпетінде ақаулар болған. Дәрігер Престоны кретинизмнен айықтырады, яғни Тонидің сау болып туылған жағдайдағы шынайы денсаулығын, келбетін қайтарады. Еліне қайтқан сұңғыла бойлы мен әдемі ажарлы әртісті ешкім тани алмады. Тони Гедданы өзі екеніне әрең сендіргенімен, қыз жігіттің бетін тағы да қайтарады. Престо циркке де қайта орала алмады. Ғажайыпты армандаған жігіттің осылайша өмірі күл-талқан болады. Ол халықпен қоштасу үшін соңғы рет цирк сахнасына шығады. Кенет залдағы бүкіл ел ғайыптан жоғалып кетеді. Оның ішінде сүйіктісі Люкс те бар. Арада біраз күндер өткесін ел ішінде ергежейлі құбыжықтар көбейе бастайды. Ал Гедда болса  ертегі кейіпкері Алиса секілді үздіксіз өсе берді. Оның бойының ұзындығы 287 сантиметрге бір-ақ жетеді. Ал оның сөз байласып жүрген жігіті сүйкімсіз қортыққа айналады. Кейін анықталғандай мұның барлығы Тонидің ісі болып шығады. Ол адамдарды ұрлап сұйықтық дәрі ішкізген. Нәтижесінде олар құбыжыққа айналады. Жолы болмаған жігіт осылайша барлығынан кек алғысы келген екен. Жұрттың жағасын ұстатқан жағдайдан кейін дәрігер Сорокин өзгеріске ұшыраған адамдардың барлығының бұрынғы келбетін қайтарып береді. Туындының соңында елден қуылған дәрігер кемеден бет-жүзін өзгертіп берген пациенті Тониді кезіктіреді.  

Шығармадағы Александр сипаттаған ем ХХ ғасырдың екінші жартысында дами бастаған гормональді терапияға ұқсайды. Алғашқы гормональді препараттар 1950 жылдары дәрігерлердің қолына тие бастады. Беляевтің ауызға салған кретинизм ауруы қазақшалап айтқанда меңіреулік деп аталады. Бала кемақыл, көбінде саңырау болып туатын жағдай. Бұл әдетте, анасының диетасында йодтың жетіспеуінен болады. Балаларда қалқанша бездің қызметі жеткіліксіз болғанда, ойлау процесі баяулайды, дене бітімі мен үлкен ми сыңарлары қыртысының қызметі бұзылады, өсу және жыныстық жетілу тоқтайды. ХІХ, ХХ ғасырларда оны емдеу мүмкін болмаған. Қазіргі таңда кретинизммен ауырған балалар Беляев ойлағандай түбегейлі емделіп, бойлары өсіп кетпесе де оған қарсы ем қолданылып келеді. Дәрігерлер сырқат қылаң бере бастаған күннен бастап ем жүргізілсе  ауруды жеңуге болатындығын айтады. Ол үшін науқасқа  бүгінде шындыққа айналған автордың қиялындағы гормондар тағайындалады. 

Ал Тони Престоның жаңа түрі бүгінде фантастика емес. Бет-әлпеттің кем-кетігін қазір қолданысқа кеңінен енген пластикалық операциялардың көмегімен түзеуге болады. Медицина ғалымдары қаламгердің дәл осы шығармасынан кейін кретинизм ауруына ден қойла бастағандығын мойындайды. Сондай-ақ құбыжықтың оқиғасы пластикалық отаның да қанат жаюына жол ашқанын айта кету керек.     

Әдебиет өкілі Александрды медицина тақырыбы қызықтырғаны соншалық ол бір емес бірнеше туындысын осы салаға арнады. Солардың бірі автордың есімін әлемге жайған «Адам-балық» (Человек амфибия) шығармасы. Роман су астында өмір сүре алатын  жігіт жайында.  Алыс  қиырдағы  ыстық  елде  су  жағасындағы  жартастың ұшар  басында  бір  үй  тұр.  Бұл  үйде  Құдай  өмір  сүреді.  Жергілікті аборигендер  өзінің  ізгі  еңбегімен  кедей  шаруалар  мен  балықшыларға қайыр қылып, сауап жасайтын данышпан хирург, доктор Сальваторды осылайша  атайды.  Бірақ  доктор  тек  қана  ем-дом  жасап  табиғаттың қателіктерін  түзетумен  ғана  шектелмейді,  ол    Құдайға  лайықты  іс-әрекетке барады. Ғылымның ең озық жетістіктерін пайдалана отырып және өзінің талантының арқасында ол екі құрлықта өмір сүре алатын, бірақ адамдық тіршілік шындықтарына  икемделмеген  адам  жасап шығарады. Сальватор Ихтиандрды бала күнінде өлім аузында жатқанда жас акуланың желбезегін салып аман алып қалады. 

Романның 1928 жылы жарыққа шыққанын ескерсек, ол заманда жануарларға жасалған бір-екілі тәжірибе болмаса адамға трансплантация жасалған жоқ. Шығармадан кейін су әлемін бағындырған Ихтиандрдың қабілетіне ие болу үшін ғалымдар іздене бастады. Су астында оттегімен демалатын құрлығылардың түр-түрі шықты. Қазір  ғалымдар  әлемнің әр түкпірінде адамның су астында қандайда бір құрылғысыз өздігіне тыныс алу мүмкіндігін қарастырып жатыр. Дәрігерлердің айтуынша адамның өкпесі су астында да тыныс алуға қауқарлы. Тек соның ғылыми жолын табу керек. Айтпақшы, жақында корей студенті Джебьюн Йеон ыңғайлы тыныс алу аппаратын ойлап тапты. Құрылғы судың өзінен оттегіні бөліп алуға көмектеседі. Яғни, қолыңызға аппаратты ұстап алып  қанша уақытқа болса да теңіз түбіне саяхат жасап келуіңізге болады. Бір айта кетерлігі, құрылғы әлі тәжірибеден өтуде.      

Александр Беляевтің әдебиет әлеміндегі фантастикасы медицинаның өсіп-өркендеуіне жол ашты. Оның көк сиясынан туындаған шығармалары адам ағзасын ауыстырудың, табиғи бет-әлпетті өзгертуге болатындығын  дәлелдеді.

Пирсинг қалай тағылады?
7 преимуществ вызова врача на дом
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу