Мезотерапия құпиялары

Oinet.kz 11-03-2020 1244

1.jpg

Шаш – адамның көркі. Әсіресе қыз бала үшін шаштың орны ерекше. Белден асатын бұрымдар қашанда сәнде болған. Алайда барлығымыз жылтыр, қалың шашымызбен мақтана алмаймыз. Қазіргі таңда адамдардың басым бөлігі шаш проблемаларымен жиі ұшырасады. Қайызғақтың түсуі, шаштың жұқаруы, сынғыштығы секілді... Аталған қиындықтардың ішінде жиі кездесетіні – шаштың түсуі. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек,  ерлердің 96 пайызында, әйелдердің 79 пайызында шаш түсуі өте жиі байқалады екен. Мұның соңы таз болуға алып келеді. Медицинада бұл ақау алопеция деп аталады. Бұл терминді ұғу үшін алдымен шаштың морфологиясы мен физиологиясын зерттейтін трихология ғылымына түсінік бере кеткен жөн шығар. 

Шашты зерттейтін ғылым

Трихология яғни, шаш пен бас терісін зерттейтін ғылымға әлем елдері айырықша назар аударып отыр. Өйткені бүгінде әртүрлі экологиялық жағдайларға байлансты таз адамдардың қатары өсе түскен. Әрі тазданған басына шаш өсіруге талпынғандардың сұранысы да артып отырған көрінеді. Сондықтан да трихологиялық орталықтар ашып, шаш-етектен пайда тауып отырған елдер де бар. 

Шаштың бүге-шүгесіне дейін зерттейтін ғылым түрі Батыста жеке ғылым ретінде тек XX ғасырда  дами бастағаны белгілі. Әу баста жәй мектеп түрінде ашылса бүгінде трихологиялық институттар деңгейіне жеткен. Лондонда трихология институты мен бірнеше орталықтар бар. Бүгінде Халықаралық трихологтар ассоциациясы мен еуропалық шаш зерттеу қоғамы бар. Ресейдің өзі бұл ғылыммен 90-шы жылдары ғана танысса, мамандарын тек 2000-шы жылы ғана дайындап шығара алды. Ал біздің республикада кадр тізімінде бұл мамандық жоқ, тек дерматокосметологияның бір тармағы ретінде ғана қарастырылады. Бізге тосын кәсіптің дабырасы тек 90-шы жылдары жетті. Еліміздегі ірі қалаларда ашылған трихологиялық орталықтағы мамандардың басым бөлігі шетелде оқып, білімін жетілдіріп келгендер. Бір қарағанда бұл мамандық басқа дәрігерлердің жұмысына қарағанда оңай сияқты. Бірақ бас пен шаштың айналасында  шешілмеген «мәселе» көп. Дей тұрғанмен, жас та болса «шаш шаруашылығында» жаңалық көп. Солардың бірі, алопецияны емдеудің бірден-бір жолы – мезотерапия. 

«Ғажайып коктейль»

Бастың  тазданған бөлігін қалпына келтіріп, қайта шаш шығуға мүмкіндік беретін бұл терапияны бүгінде сұлулық салондарында, трихологиялық орталықтарда жасатуға болады. Сондықтан мұны эстетикалық процедура деуге болады. Әрине, ол 10 минута тырнағыңды бояп немесе қасыңды жұлып бере салатын жеңіл-желпі тірлік емес. Мезотерапияны тек қана трихолог маман жасауы қажет. Сонымен шаш емдеудің маманы алдымен алдына келген адамның физиологиялық жағдайын жіті тексеріп шығып, шаштың түсіп, тазданудың себебі неден екенін анықтап алады. Ол үшін пациент бірнеше анализдер тапсыруы шарт. Анализ талдауларынан соң ғана, ем тағайындалады. Бастың қасқалануы да, жиі терлеуі де, қайызғақтан арылмауы да шаш ауруларына жатады. Асқазан ішек жолдары, эндокриндік және иммундық жүйенің бұзылуы да шаштың сыпырылып түсуіне сеп болатын көрінеді. Одан қалса экология, шашты дұрыс күтпеу, стресс, инфекция да әсер етеді. 

«Адамның шашы күндігіне 50-ден 80 талға дейін түседі, бұл қалыпты жағдай» дейді мамандар. Оның орнына жаңадан шаш өсіп шығады. Алайда патологиялық ауытқуларда шаш өспей қалады. Әйелдер үшін шаштың көп түсуі косметикалық дефект болғанымен психологиялық дискомфорт яғни, неврозға ұрындыратын төте жол. Статистикаға жүгінсек, бүгінде елімізде ерлердің 60 пайызы, әйелдердің 37 пайызы тазданудан зардап шегеді. Жасанды сұлулыққа ден қойғандар бүгінде шаштарын қалыңдатып, қас пен кірпікті де қолдан өсіруге ден қойған. Сұраныс көп. Аталмыш емдік тәсілдің екі түрі болады. Біріншісі қолмен (мануальді) жасалатын процедура. Мұнда маманның біліктігі өте маңызды роль ойнайды. 

Екіншісі – аппаратты мезотерапия. Яғни, ине аппарат арқылы егіледі. Сонымен мезотерапия барысында  тазалық және инфекция түспес үшін басты антисептикпен сүртеді. Егер пациент қаласа сол аймаққа ауырсынуды басатын дәрі салады.  Кейіннен шаш шықпаған тұстарға өте жіңішке ине арқылы (қалыңдығы адамның бір тал шашындай) дәрілік преппарат егіледі. Әр егілген аймақтың арасы 1 сантимерден болады. Ине 2-4 мм тереңдікте және өте аз мөлшерде салынады. Сондықтан ол ағзаға ауырлық түсірмейді. Арнайы сұйықты дәрі бас терісінің ауруын емдеп, шаштың шығуына жол ашады. Дәрі теріден өтіп, шаштың буылтығына (волосяная луковица) енеді. Нәтижесінде қанайналым процесі жақсарып, тері клеткалары қалпына келеді. Тірлік біткен соң бас терісі этил спиртімен сүртіледі. 

Дәрінің құрамы әр түрлі болуы мүмкін. Әдетте «шаш коктейлінің» құрамында А, Е, С, В дәрумендері, қантамырдың белсенділігін арттыратын заттар, гиалуронды қышқыл, амин қышқылы, олигоэлементтер (мырыш, мыс, марганец, селен, кремний). Дәрігер пациенттің жағдайына қарай дәрінің құрамын таңдайды. Жақсы нәтижеге қол жеткізу үшін кемінде 10 сеанс жасатқан дұрыс. 7-14 күнде 1 рет ине егіледі. Әр терапия шамамен 1 сағатқа созылуы мүмкін. Мезотерапиядан кейін мейілінше екі-үш күн бойы шашты жумау керек. Бассейн, ваннаға мүлдем түсуге болмайды. Қарапайым емдік тәсіл болғанымен біраз уақыт денеңізге физикалық күш түсірмеген абзал. Мезотерапия курсы косметикалық проблемаларды ғана шешіп қоймайды, сонымен қатар ұйқыны реттеп, көңіл-күйді көтереді. Қолаңшашқа айналудың әр процедурасы 18 мың теңгеден басталады. 

Күтпеген жаңалық

Бір қызығы, мезотерапия аяқ астынан ашылған жаңалық болған. Француз дәрігер Мишель Пистор 1958 жылы бронхты демікпемен ауыратын науқасты емдеу кезінде оның ұстамасын басу үшін теріге әлдебір ауырсынуды басатын преппарат егеді. Науқастың ұстамасы лезде басылып қалады. Тынышталған сырқат сонда «Дәрігер, маған қандай дәрі ектіңіз? Мен өзімді қазір сондай жақсы сезініп тұрмын. Тіпті, ауыр еститін құлағым ашылды. Қазір дыбыстарды ажырата аламын» дейді. Оған дейін әлгі науқастың құлағы да нашар естіген екен. Мишель сонда барып преппаратты тереңірек зерттеуге кіріседі. Нәтижесінде ол теріге енгізілетін  дәруменді иньекцияның ғажайып туғыза алатынына көз жеткізеді. Ал Мишельдің жаңалығына дейін «ғажайып коктейль» тек ауруды басатын дәрі ретінде қолданылып келген. Айта кетерлігі, мезотерапия тек шашқа ғана қолданылмайды оны терінің барлық аймағына егуге болады. Сонда тері жасарып, көптеген аурулар мен проблемалардың алдын алады. Терапияның нәтижесін бір айдан кейін байқауға болады. Бұл кезде жылтыраған басыңыз қарайып қалады, әрі шашыңыз тез өсетін болады. Егер шашыңыз тым құрғақ немесе майлы болса процедурадан кейін ол қалыпқа келеді. Ал шаштың сынғыш келетін ұштары қатайып, қуаттана түседі. Косметологтар иньекция арқылы шаш өсіру күз (қыркүйек-қазан) бен көктем айларында (сәуір-мамыр) пайдалырақ дейді.  

«Коктейль» кімге болмайды?

Жоғарыда атап өткеніміздей, мезотерапия күрделі ем емес. Соған қарамастан кейбір адамдарға оны жасатуға болмайды. Қызыл жегі, васкулит секілді жүйелік аурулар, қан айналымы бұзылған науқастар, антикоагулянттар мен кортикостероидттар секілді медикаментозды препараттарды қабылдап жүрген пациенттер, қан диабеті, онкологиялық дерт бойынша есепте тұрғандар, жүктілік кезінде, фурункулез, псориаз, экзема сиқты бас терісінің ауруларында, жедел инфекциялық, эндокринді ауруларда, зат алмасу процесі бұзылғанда, эпилепсия, неврозда иньекцияны қолданбаған жөн. Сондай-ақ әрбір трихолог маман 14 жасқа дейінгі және 65 жастан асқандарға мезотерапияны қолдануға болмайтынын білуі керек.   

Ұқыптылық пен тәжірибе болмаса... 

Басқа  егілетін ампула химиялық қоспа болып табылмайды. Сол себепті улану қаупі жоқ. Оның үстіне ол тек дәрумендер мен ағзаға қажетті заттардан құралғандықтан зияны болмасы анық. Бірақ мезотерапияны қауіпсіз процедура деуге келмейді. Сеанс басында маман алдымен инені қол терісіне бір тамшысын енгізіп көруі қажет. Егер тері бөртіп, қышып, ауырмаса және пациент өзін жақсы сезінсе, демек дәріге аллергиясы жоқ деген сөз. Егер сынақ жасалмаса, ем барысында пациентте дәрі құрамындағы қандай да бір затқа аллергиясы болса, жағдай қиындауы мүмкін. Осыдан сақ болған жөн. Шаш өсіремін деп басқа да пәле тілеп алуыңыз мүмкін. Мәселен, тәжірибесіз маманға жүгінген болсаңыз, егу кезінде теріге инфекция түсуі әбден мүмкін. Ал бүлінген терінің жазылуы қиын болады. Оның үстіне бас терісі қатты болғасын ине салынған жер біраз уақыт ауыртуы мүмкін және көгереді. Бұл уақытша процесс. Ең қауіптісі трихолог инені дұрыс салмаса немесе өзге де қателіктер жіберсе бастағы тіндер «өліп қалады». Тіндер жансызданып қалған жағдайда шаштың шығуын армандамаса да болады. Трихолог мамандар шаштың таздануына жеткізбес үшін оған үнемі күтім жасау керектігін айтады. Түрлі емдік шөп, майлармен жуып тұруға кеңес береді. 

Қазақ «бас аман болса шаш шығар» дейді. Басымыз да, шашымыз да аман болсын!   

Абдоминопластика. Сіз армандаған дене мүсіні ме?
Травмы и ушибы: как оказать первую помощь?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу