Тұмау немқұрайдылықты кешірмейді!
Тұмау – адамнан адамға оңай жұғатын жедел вирустық инфекция. Жоғарғы тыныс жолдарына түскен кезде вирус жасушалардың қабықшаларын зақымдап, оның ішіне кіреді. Жасушалардың ішінде тез көбейеді...
Қазақстанда жыл сайын эпидемиологиялық кезеңде ЖРВИ-мен және тұмаумен 800 мыңнан 1 миллонға дейін адам ауырады. Тұмауратқан адамдардың саны артқан сайын, тұмаудың асқынуы да өршиді, бұл –заңдылық. Тұмау вирусы барлық елдерде және құрлықтарда таралған. Қысқы айларда сырқаттанушылық адамдардың жұмыс орындарында, мектептерде, балабақшаларда және қоғамдық көлікте тығыз байланыста және өте белсенді болады.
Вирустар ауадағы белсенділігін төрт сағатқа дейін сақтайды.Олар төмен температураны жақсы көреді. Плюс 4 градусқа жуық температура оңтайлы болып табылады. Яғни осы температура кезінде вирус ұзақ сақталады. Сілекей мен қақырық тамшыларында болатын тұмау вирусы төсек-орында, жұмыс үстелінде және тағы басқа жайларда, кепкен соң және оларға сіңгеннен кейін екі аптаға жуық, ал бөлме шаңында бес аптаға дейін белсенділігін жоғалтпайды.
Тұмау вирусы адам ағзасының иммунитетін төмендетеді. Инкубациялық кезең бірнеше сағаттан бастап 2-3 күнге дейін созылады. Тұмаудың жеңіл түрімен ауыру ұзақтығы – 1 апта. Дене қызуының 40 градусқа дейін көтерілуі, қалтырау, әлсіздік, көзқарығу, буынның және бұлшық еттің, бастың және тамақтың ауруы, жөтелу, мұрынның бітелуі аурудың негізгі белгілері болып табылады. Тұмаудың асқынуларына құлақ, тамақ, мұрын аурулары, жүйке жүйесіне байланысты асқынулар, сондай-ақ, созылмалы аурулардың (жүрек-қантамырлық, өкпе, бронх тарапынан қант диабеті және эндокриндік жүйенің басқада ауруларының) өршуі жатады.
ЖРВИ және тұмау жүкті әйелдердің иммунды жүйесін де, эндокриндік жүйесін де бұзуы мүмкін. Мұндай жағдайда жүкті әйелдерде әлсіздік пайда болып, ұйқысы бұзылады және аурулары өршиды. Жүкті әйелдердің тұмаумен ауруы жүктіліктің 12 аптасына дейін, яғни ұрықтың органдары мен тіндері қалыптасатын кезде өте қауіпті.Тұмаудың жүкті әйелдерге қауіптілігі түсік тастауына немесе мерзімінен бұрын босанып қалуына ұшыратады. Сонымен қатар, шала туудың жиіленуін көрсететін нақты мәліметтер бар.
Өкінішке қарай, дер кезінде емдеу мекемесіне келмеген науқастарға қалыпты жағдайда жиі қолданылатын жекеленген препараттар көмектеспеуі мүмкін.
Балалар мен жүкті әйелдерді емдеу тек дәрігердің тағайындауы бойынша және дәрігердің бақылауымен жүргізілуі керек. Тұмаудың алғашқы белгілері байқалса дәрігерді үйге шақырған жөн. Дүніежүзілік денсаулық сақтау ұйымы сырқаттанушылықты, асқынуларды және өлім-жітімді айтарлықтай азайтатын, халықты тұмаудан қорғайтын тиімді іс-шара ретінде тұмауға қарсы вакцинациялауды ұсынды. Тұмауға қарсы егілгендерде инфекция жеңіл өтеді, асқынулар мен өлім-жітім жиілігі азаяды. Қазақстанда жыл сайын тұмауға қарсы егілушілер саны өсіп отыр. Егілгендер арасында вакцинадан кейінгі асқынулар байқалмайды. Вакциналарды ДДҰ сертификаты бар және Қазақстанда тіркелген.
Мемлекет аналар мен сәбилердің денсаулықтарын сақтауға көп көңіл бөлуде. «Салауатты өмір салты мен адамның өз дансаулығы үшін ынтымақты жауапкершілігі қағидаты,міне осылар денсаулық сақтау саласындағы және халықтың күнделікті тұрмысындағы мемлекеттік саясаттың ең басты мәселесі болуы тиіс»,-деді Елбасы. Қазіргі уақытта халықтың күтіліп отырған өмір сүру ұзақтығын ұлғайтуға, ана мен нәресте өлім-жітімін төмендетуге жету жолымен денсаулық жағдайын жақсартудың басым стратегиялық бағыттары белгіленді. Егілген жүкті әйелдердің ешбіреуінде вакцинадан кейінгі реакция асқыну тіркелмеді,сондай-ақ,вакцинадан кейін ешқайсысы ауырған жоқ.
Тұмаудан сақтану үшін онымен сырқаттанушылар көбейген кезде халық көп жиналған орындарда болмауға, салқын тигізіп алмауға тырысу қажет және ауа райына сәйкес киіну керек.Сол сияқты таза ауада серуендер алдында мұрныңызға оксалин майын жағып алсаңыз тұмау немесе басқа ЖРВИ вирустарының тыныс жолдарына енуі күрт төмендейді.
Ж.ПЕРНЕШОВА,
№3 Шымкент қалалық емханасының жалпы тәжірибелі дәрігері