Ерғали Әлімбаев: «Облыста аналогы жоқ жоба Арыс тұрғындарына қызмет етеді»
Ерғали Әлімбаев, Арыс аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері
– Ерғали Сәдуақасұлы, сіз басқаратын Арыс аудандық орталық ауруханасы деп аталады. Бірақ, Арыстың статусы қала ғой...
– Ойыңызды түсіндім... Бүгінде біздің аурухана тіркелген пациенттер саны 60 мыңнан асатын болса, соның 34 мыңы Арыста тұрады. 27 мыңға жуық тұрғын қалаға қарасты ауылдарды мекен етеді. 7 елдімекен бар, оларда 7 дәрігерлік амбулатория халыққа медициналық қызмет көрсетеді. Оларға қарасты 14 медициналық тірек, 4 фельдшерлік-акушерлік пункт жұмыс істейді. Оның арасында шаһардан 90 шақырым қашықтықта орналасқандары да бар. Осының өзі аудандық аурухана деп атауға негізгі себеп қой деп ойлаймын. Бұл Шымкент қаласында облыстық клиникалық ауруханасының орналасқаны секілді болып тұр. Ол да облыс тұрғындарымен қатар шымкенттіктерге де дәрігерлік көмек көрсетеді ғой.
– 60 мыңнан аса тұрғынға медициналық қызмет көрсететін аурухананың қазіргі тыныс-тіршілігі қандай?
– Облыс әкімінің қаулысымен аудандық аурухана мен аудандық емхана биыл біріктіріліп, Арыс аудандық орталық ауруханасы болып қайта құрылды. 130-дан астам білікті дәрігеріміз, 500-ге жуық орта буынды медицина маманымыз бар. Жалпы алғанда ауруханада 900-дей адам жұмыс істейді.
– Шаһардан шалғайда жатқан ауылдарда да дәрігер тапшы еме пе?
– Бұрын педиатр, жапы тәжірибелі дәрігер тапшылығы болған. Қазір ондай проблема жоқ. Байырқұм, Қожатоғай сияқты шалғайдағы ауылдық округтерде жетіспеушілік байқалатын. Аурухана мен емхананың біріктірілуі ең алдымен осы кадр жетіспеушілігі мәселесін реттеді. Яғни, жалпы тәжірибелі дәрігерлер ауылдарда кемінде екеуден бар. Реорганизалциялаудың ең тиімді тұсы осы болды. Дәрігер мен емхана мамандары бір ғимаратта болғандықтан кадр тапшылығы жоқ.
– Біріктірудің бұдан өзге де тиімді жақтары бар шығар?
– Әрине. Мені қатты ойландыратын мәселе – емханада ұзақ уақыт істеп қалған мамандар ауруханаға баруға ұмтылмайды. Ауруханаға түсіп жатқан науқастарды инфаркт, инсульт, акушерлік қан кету, естен тану сияқты қиын кезеңдерден қалай аман алып шығады? Стационарда қайтып емдейді? Осы сияқты қиын жағдайларды күнделікті практикада өткермесе, маманның оқығанының бәрі бекер болып қалады. Іс жүзінде бейхабар болған соң баруға да жүрексінеді. Ауру асқынған кезде оны емханада емдей алмайды. Ол ауруханаға түседі. Ал, ауыр жағдайда науқас қабылдап үйренбеген маман ауруға баға да бере алмайды. Білсеңіз, тәжірибе де жинақтай алмай қалып қойған дәрігердің біліктілігі төмен болады. Бір сөзбен айтқанда бір орнында тоқтап тұрып қалған дәрігер тәжірибесіз болып шыға келеді. Ондай адам қоғамға да қауіпті. Бұл менің емхана дәрігерін төмендеткенім емес. Оны кез келген мықты маман ажыратып бере алады. Ауруханада істеген дәрігер мен істемеген адамның айырмасы кәдімгідей көзге көрініп тұрады. Бірігу осындай жағдайлардың алдын алуға, болдырмауға, медицина мамандарының өзара тәжірибе алмасуына жол ашты. Білім мен біліктілікті ұштастырып, кәсібилігін шыңдауда аурухананың рөлі өте үлкен. Бір мекеме болған соң тәжірибе алмасу бағытында емхана қызметкерін аурухана деңгейінде, тиісінше аурухана маманын емханада жұмыс істету үрдісін қолға алдық. Кезекшілікке ауысып түседі. Бұдан ұтпаса, ешкім жапа шекпейді. Нәжижесінде күнделікті жұмыстарымызға талдау жасау, кеңесу бірігіп жүзеге асырылады. Екі жақтың да жауапкершілігі артады.
Сосын медициналық құрылғыларды тиімді пайдалануға жол ашылды. Кейбір аппараттардың қолданылмай тұрып-ақ істен шығуын болдырмауға басымдық берілуде. Науқасты емдеуде бұрынғыдай екі бөлек мекеме болмаған соң арада кездесетін қиындықтар жоқ. Емдеу мекемесін медициналық аппараттармен қамту біршама жеңілдеді. Екі жақта да бар лабораториялардың мамандары еш кедергісіз бір-біріне көмектесе алады. Дәрігерлер де солай. Жүйеленген жұмыс тұрғындар үшін де тиімді. Бұрынғыдай науқас жатып ем қабылдау үшін емханада бір, ауруханаға жолдама алып келген соң мұнда екінші рет анализ тапсырып әуре болмайды. Негізінде оған ауруханада қаржы қарастырылмаған. Сондықтан ауруының кезеңін дәл анықтау үшін ақылы болса да пациентке қайта анализ тапсыруға тура келетін жағдайлар да кездесетін. Портал мәселесін реттеу де жеңілдеді.
Дегенмен, бізде бәрі керемет деп айта алмаймын. Мысалы, Жапония тұрғындары жылына кемінде 15 рет денсаулығын тексертіп тұрады екен. Ал, бізде пациенттерімізді жылына бір рет те шақыртып келтіре алмайтын кездеріміз жиі кездеседі. Егер емханаға келе қалса, жарты сағаттың ішінде бәрін бітіріп кетуге асығады. Ол мүмкін де емес. Осылай азаматтарымыздың өз денсаулықтарына немқұрайлы қарауларының салдарынан, өкінішке қарай, ауырып қалар болса, ең алдымен дәрігерді кінәлау тоқтамай тұр. Өз өмірлеріне жауапкершілікті өзгеге артып қою негізінде ақылға да сыймайды ғой. Мәселен, ақшаңызды қайда жұмсау керектігіне, кімге қанша беруіңізге не алуыңызға келгенде осы жақсы есептейді деп танымайтын адамға табысыңызды сенім бере салмайсыз ғой. Сол сияқты өз өміріңіздің жауапкершілігін өзге біреуге, дәрігерге артып қоя салуға болмайды. Осыны халықтың санасына сіңіру қиын болып тұр. Мүмкін, түсіндіру жұмыстарының басқа амалдарын тауып, күшейту керек пе? Мысалы, Жапонияда шылымқорларға темекі шекпейтін адамдарға қарағанда айлық жалақы белгілі бір мөлшерде аз жалақы беріледі екен. Бізде де сондай әдіс ойлап тауып, айына бір рет дәрігерге қаралмайтын адамдардың айлығынан белігілі бір бөлігін айыптұл секілді ұстап отыруды заңдастырып қою керек пе? Мүмкін, солай етер болсақ, тұрғындар өздеріне тиесілі табысынан айырылып қалмау үшін болса да өз денсаулықтарына алдымен өздері жауапты екенін ұғынар ма еді... Әйтеуір, түсіндірудің бір амалын ойлап табу керекпіз. Бұл бағытта Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі бізге көмекке келеді. Отандастарымыздың медициналық мәдениетін арттыру үшін міндетті медсақтандырудың тезірек іске қосылғанын қалаймын.
– Бүгінде еліміздің барлық емдеу мекемелерінде, әсіресе емханалардың дәліздерінде кезек күту мәселесін жою, жұмысты жүйелеу жолдары қолға алынып жатыр. Мұндай жүйелі жұмыстар аудандық деңгейде де жүзеге асып жатқан болар?
– Дұрыс айтасыз, әлемнің озық елдерінде ендіріліп, тиімділігін дәлелдеген 3Н жүйесі облыс орталықтарында ғана емес, аудан-қалаларда да іске қосылып жатыр. Сол үш жолақты жүйені алғашқылардың қатарында қолданысқа енгізгендердің бірі – Арыс аудандық орталық ауруханасы. Қабылдау бөлімінде өте сәтті шыққан жұмысымыз Денсаулық сақтау басқармасы тарапынан аудан деңгейінде жоғары бағаланып, үздік деп табылып, өңірдің өзге аудандарына үлгі ретінде ұсынылды. Тәжірибе алмасу бағытында Түркістан қалалық ауруханасының бас дәрігері, Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік унивеситетінің медицина ұйымы басшысының орынбасары, Кентау қаласы мен Сарыағаш, Шардара аудандарындағы әріптесеріміз келіп көріп, тәжірибе алмасып, олар да жақсы баға беріп кетті. Олардың мақтауларына аса сеніңкіремей, «көңіліме қарап емес, шын бағасын беріңіздер» дедім. Егер шынында да бізден көргендерін өздерінде ендірер болса, онда еңбегіміздің әділ бағаланғаны деп білемін.
Былтыр облыс әкімдігі мен Оңтүстік Корея мемлекетінің медицина саласындағы меморандумы негізінде Денсаулық сақтау басқармасының ұйымдастыруымен Сеулдің әлем мойындаған клиникаларына барып тәжірибе жинақтап қайтқанбыз. Сонда халқының саны Қазақстаннан бес есе көп мемлекеттің клиникаларының дәліздерінде кезек күтіп тұрған адамдарды көрген жоқпыз. Олар электронды кезекке жазылып, тиісті мерзімінде медициналық тексерулерден өтеді екен. Біз де сондай дәрежеге жетуге ұмытылып, Кешенді медициналық ақпараттық жүйесіне қосылуға тіркелген тұрғындардың денсаулық паспорттарын 99,8 пайызға дайындап үлгердік. Құдай қаласа, қағазсыз қызмет көрсететін ауруханаға айналамыз. Ешкім қағаз тасып, дәліздерде кезек күтіп әуреленбейтін болады.
– Арыс аудандық орталық ауруханасы облыста аналогы жоқ инновациялық жобаны жүзеге асырып жатыр деп естідік. Ол қандай жоба? Тарқатыңқырап айтып берсеңіз...
– «Даму» банкі арқылы ауруханаға инвестиция тарттық. Екі-үш қатарынан құжаттармызды тапсырып жүріп, аталған банктің энегроқуатты үнемдеу бойынша 55 миллион теңгелік инновациялық технология жобасын жеңіп алдық. Қазіргі кезде ауқымды жұмыстары жүргізіліп жатыр. Құрылысты жүргізу құқығын жеңіп алған қызылордалық компания аурухананың электр жүйесін түгел жаңалап, 1800 лампаны диотты жарық шамдарға ауыстыруда. Сонымен қатар, сантехника жүйесін толық жаңалап, соның ішінде су бұрандаларын сенсорлық крандарларға ауыстырды. Енді мұнда су ағызу үшін бұрап ашатын бұрандалар жоқ. Оның орнына су кранына қолыңызды жууға ыңғайлап жақындатсаңыз болды, су өздігінен ағады. Асхана, ота жасау бөлмелерінде, лабораторияларда, палаталарда, барлығында сондай. Біліумше, мұндай инновация облыс орталығындағы бірде-бір емдеу мекемесінде жоқ. Тіпті жекеменшік клиникаларда да кездеспейді. Сосын жылу таратқыш радиаторлардың барлығының қабырға жақ бетіне жылтыр фольгалар орнатылды. Олар қыста жылуды қабырғаның бойына сіңірмей палатаны жылытуға, қалыпты бөлме температурасын ұстап тұруға көп көмектеседі. Терезелеріміздің бәрін ауыстырды. Жаздың аптабында күн ыстығын ішке ендірмейді, ал қыста жылуды сыртқа жібермейді. Сонымен қатар, есіктерімізді де жылуүнемдегіш есіктермен алмастырды. Жылыту орталығынан келетін құбырлардан бастап, аурухананың жылыту жүйесін жаппай ауыстырды. Үшінші қабаттың төбесін де жылыту материалдарымен жабдықтады. Мұндай инвестиция тарту – меніңше, денсаулық сақтау саласындағы ауқымды істердің бірі. Өйткені осындай жобаны облыста бірде-бір емдеу мекемесі жүзеге асырып жатқан жоқ.
Ауруханадағы биылғы құрылыс мұнымен ғана бітпейді. Жергілікті демеушілердің көмегімен ғимараттың алдынан науқастарға келген туыстардың, жанашыр адамдардың күту залын салып жатырмыз. Ұзындығы 14 метрді құрайды. Бұл халықтың келіп-кетуіне, суық күнде сыртта тоңып тұрмауына, ең бастысы дәрігердің не бөлімшенің есігін қағып, медицина мамандарын жұмыс барысында мазаламауға мүмкіндік береді. Қыста – жылы, жазда – салқын, адамдар үшін барлық жағдай жасалады. Құдай қаласа, жақын арада барлық жұмыстар аяқталған жоқ, арнайы таныстырылымын жасаймыз.
– Жыл өткен сайын мемлекет тарапынан денсаулық сақтау саласына бөлінетін қаржы еселеп көбеюде. Соған сай аурухананың медициналық құрылғылармен жабдықталу деңгейі де артып жатқан болар...
– Былтыр Денсаулық сақтау басқармасы жалпы құны 200 миллион теңгенің медициналық құрылғыларын сатып әперді. Биыл да 156 миллионның медициналық жабдықтарын алдық. Аурухана базасын жаңалау бүгінде 67 пайыздан асты. Мұндай көрсеткішке соңғы екі жылда басқарма басшысы Мұқан Кеңесбекұлының қолдауымен қол жеткізілді.
– Біздің қоғамда медицинаның деңгейін республикалық, облыстық, аудандық деп қарастыру дағдыға айналған. Тіпті медицинаны терең білмейтін қарапайым тұрғындарда да сондай көзқарас бар. «Аудандық аурухана дәрігерлері ештеңе білмейді, Шымкентке апарайық» дейтіндерді жиі естиміз. Бұған не себеп? Шынымен сондай ма?
– Ондай бірен-саран пікірлерді естіп қаламыз. Бірақ, 25 жылдан бері Арыста денсаулық сақтау саласында еңбек етіп келе жатқан дәрігер ретінде аудандық орталық ауруханадан облыс орталығына барып ем қабылдауға ешқандай қажеттілк жоқ екенін сеніммен айта аламын. Қайта керісінше, бізге көрші аудан-қалалардан, басқа облыстардан келіп, сауығып кетіп жатқандар жетерлік. Мысалы, облыста адам болмайды деген, денесінің 80 пайызын күйік шалған адамды емдеп жаздық. Ол пациенттің әлі көзі тірі, туыстары да куә болған. Менің өзім жоғары дәрежелі хирургпін. Оталардың бірнеше түрін Арыста жасаймыз. Тәжік-ауған шекарасында жарақат алған интернационалист сарбаздар бізге келіп ем қабылдаған кездер де болды. Жүре алмай қалған бір сарбаз бір жыл емделіп, аяғынан тік тұрып кетті. Өзіме де Маңғыстау облысынан келіп ота жасатқандар бар. Менің ұстазым Лев Николаевич Шепочкин 116 отаның түрін осы Арыста істеген. Сол кісіні үш-төрт шәкірті бармыз. Сондықтан облыс деңгейіндегі оталарды осында да жасауға болады. Дегенмен, қазіргі кезде кімнің қайда барып емделем десе де таңдау құқығы бар. Оған ешкім шектеу қоя алмайды. Бірақ, бұл Арыс аудандық орталық ауруханасы емдеп жаза алмайды деген сөз емес.
– «Ұстаздан шәкірт озады» емес пе? Өзіңіз де ота жасап тұратын шығарсыз?
– Денсаулық сақтау саласындағы 40 жылға таяған еңбек стажымда екі мыңға жуық ота жасаған шығармын. Қазір отаға қатысып жүрген жоқпын. Қажеттілік туындаса, жасаймын. Оған кез келген уақытта дайынмын.
– Дәрігерлеріңізден нені талап етесіз?
– Шындықты. Медицинада ешнәрсені жасыруға болмайды, егер ол адам тағдырына қатысты болса. Дәрігерлік қателіктің көбі жасыру салдарынан орын алған.
– Дәрігер өтірік айтпайтын шығар. Науқастың туыстарын жұбату үшін алдарқататын болар...
– Олай етуге болмайды!
Сосын мен дәрігерлерімнен алдына келген адамға өз туысындай қарауды талап етемін. «Әжеге өз әжеңіздей, әкеңіздей адамға әкеңіздей, қызыңызбен шамалас болса қызыңыздай, сәбиіне өз шақалағыңыздай қараңыз» деймін. Бұлай дейтінім, пациенттің көңіл-күйін сезінсе, адамдарды жақсы көрсе, одан өте жақсы дәрігер шығады.
– Талапшыл басшы сияқтысыз, бәріне қалай үлгересіз?
– Бұрын әскери дәрігер болғаным мені көп нәрсеге үлгеруге үйретті. Жақсы басшы болу үшін жұмысқа қарамағыңыздағы қызметкерлерден бір-екі сағат бұрын келіп, бір-екі сағат кеш қайтуға тура келеді. Бұл ерте жатып, ерте тұру ғана емес, көбірек еңбектену, іздену. Кейде барлығы менің бақылауымды, қолдауымды сезінсін деп түннің бір уағында болса да ауруханаға жаяу барып, аралап қайтам. Үйімнен жұмысыма дейін 4 шақырым, жаяу жүрудың пайдасы орасан.
– Дәрігер болуды өзіңіз қаладыңыз ба?
– Менің анам емші болған кісі. Сол кісінің тазалығы, адам емдеуі менің медицинаға бет бұруыма себепкер болды. Басқа балалар секілді мен де ұшқыш, ғарышкер болғым келген. Бірақ, 6-сыныпта оқып жүргенімде-ақ дәрігер болатынымды сездім. Сол кезден бастап өзімді солай бейімдеп, өзім қаладым.
– Перзенттеріңізден сіздің жолын қуғаны бар ма?
– Бар. Бір ұлым Сызғанов атындағы ұлттық хирургия орталығында дәрігер. Қызым да медицина саласын таңдады...
– Уақыт бөліп, сыр бөліскеніңізге рақмет!
Сұқбаттасқан Асыл ДОС