Қатерлі ісіктен қалай сақтануға болады?
Қатерлі ісік – қауіпті ауру, себебі оның қоздырғыштары адам ағзасына жабысса клеткада өте тез «көктейді» де, тез жайылады. Қысқа мерзім ішінде қан тамырлары арқылы барлық мүшеге ұялап үлгереді. Бұл процестің асқан жылдамдықпен жүретіндігі соншалық, өзінің дертке шалдыққанын аңғармай да қалатын науқастар дәрігерге сырқаты әбден асқынғанда ғана көрінеді.
Ғасырлар бойы жан-жақты жүргізілген ғылыми зерттеулер нәтижесі көрсеткендей, қатерлі ісік сау ағзада өне алмайды. Оған негіз болатын, алдымен, ертеден келе жатқан созылмалы, кезінде емделіп жазылмаған түрліше жара-жарақаттар. Сондықтан аталған ауруға қарсы күрестің ең тиімді шараларының бірі – халықты жаппай медициналық тексеруден өткізіп, қатерлі ісік қаупін туғызардай ақаулар табыла қалса, алдын-ала емдеп жазу. Бұл үшін дәрігерлерге әрбір азаматтың саналы түрде жәрдем көрсеткені дұрыс.
Бүгінде етек алып,еркін жайыла бастаған қатерлі ісік ауруы адам ағзасында түрлі жағдайда пайда болады.
Ағзаның басқа мүшелеріне қарағанда ол теріде жиі кездеседі. Бұл ыстық күн сәулесі мен аңызақ желдің теріге зиянды әсерінен де болуы мүмкін. Сондай-ақ, денедегі күйік орны мен түсі, көлемі тез өзгерген сүйел, қалдарды, жазылмай ұзақ жүрген жараларды салақсынбай, кезінде емдеп, жазу қажет.
Орта Азияда кең тараған жеңіл есірткі түрі – насыбай атушыларда қатерлі ісік еріннен, ауіз қуысынан басталады. Ал бауыр рагы тағамнан келетін нәубет.
Қазақта «қылтамақ» деген атауға ие болған өңеш рагы тамақты не шайды ыстықтай ішуден, не асты шайнамай, түйіле жұтудан зақымданған жұтқыншақта пайда болған жарақаттың асқынуынан болады.
Темекі шегушілерде де рак ерінге үйір келеді. Себебі, өне бойы қыздырған шылым еріннің жұқа астарын күйдіріп, жазылмайтын жараға айналдырады.
Шықшыт, иек мойын қапталдарындағы кейбір домбыққан, ісінген бездерді де емдетпей, соза беруге болмайды. Тамақтын қарлығуы мен құрғақ жөтел кетпесе, оларды жіті тексеру керек.
Ішімдіке үйір жандарда қарын рагы жиі кездеседі. Арақ асқазанның астарлық – ішкі қабығын күйдіріп, жұқартады, кейде ісіндіреді (полин). Мұндай жағдайда ішімдіктен арылған жөн. Науқастың себепсіз арықтап жүдеуі, іші шаншып ауруы, жүрегі айнып құсуы, тәбеттің жоғалуы, жұтқыншақтан астың түйіле өтуі – аурудың алғашқы белгілері.
Рактың аса қауіпті түрлерінің бірі – өкпе рагы. Ол көп жағдайда ауаның ластануынан, темекі түтінінің көп жиналуынан болады.
Темекінің мүштектегі қара майында фенол және басқа да зиянды химиялық заттар болатындығы анықталған. Ол адамның бронхы түтіктеріне аз-аздап жиналып, көбейген сайын олардың ішкі сілекейлік астарын қабындырып (метаплазия), ісіреді.
Жылма-жыл жиі қайталанатын тұмау – сүзек ауруы да рактың пайда болуына негіз бола алады. Аурудың алдын алудың бір жолы – асқындырмай тез емдету.
Әйелдерде рак көбіне емшекте болады. Әуелі ол ауырмайтын түйін ретінде белгі береді. Түйін жанға батпаған соң, көпшілігі көңіл бөле бермейді. Дұрысында 18-20 жастан бастап әрбір әйел айына бір рет емшегін ұстап, байқауға тиіс. Қатқыл түйін білінсе немесе сыққанда ұшынан қан тәрізді сұйық тамса, дәрігерге тез қаралғаны дұрыс.
Медицина ғылымы бүгінде ракты емдеуде үлкен жетістіктерге жеткен. Ерте анықталған ракты үш түрлі әдіспен – химиялық препараттармен, хирургиялық әдіспен және сәуле күшімен емдеп, жазуға болады. Ал асқынған рак кейде емдеуге келмейді.
Дертті асқындырмау үшін науқастың мына жағдайда дәрігерге шұғыл түрде көрінгені жөн;
- егер ас жұтқанда түйіле берсе;
- жиі-жиі құрғақ жөтеліп, кейде қан түшкірсе, ентіксе, бұл белгілер ұзаққа созылса;
- орта жастан асқан жандардың ас қорытуы бұзылып,емделгенде тез жазылмаса, жүдеп, қаны азайса;
- қарында немесе ұлтабарда ескіден келе жатқан ойық жаралы ауруы (язвенная болезнь) мазаласа;
- ішек қызметі ұдайы бұзылып, іш қуысында томпайған түйін(ісік) байқалса, үлкен дәретке қан араласса;
- жыныстық қатынастан кейін қан келсе, не етекір мезгілсіз басталса, тіпті әйелдің климактерия (45 жастан асқан соң етекір бөлінуінің тоқтауы) кезінде де келсе;
- несеп жолынан қан араласа шықса (гематурия) және бұл қанның көрінуіне өзге себептен болмаса, т.б.
Академик И.Павлов адамның әрбір әрекетін билеп отыратын жүйке талшықтары, ал оның орталығы ми шеңбері екендігін дәлелдеген-ді. Егер адамның миы тынымсыз жұмыс істесе, қаттты қайғы-қасірет шексе, жүйке жүйесінің қызметі бұзылады. Мұның өзі түрлі аурулардың, әсіресе, рак ауруының бас көтеруіне мүмкіндік туғызады. Аурудың бұл түрін қазақта «күйік» не «құсалық» дейді. Сондықтан жүйкені әлсін-әлсін тынықтырып, дене жаттығуларына көп көңіл бөліп отырған жөн.
Медицинаның соңғы жетістіктері адам өміріне аса қауіпті қатерлі ісіктен ісіктен арылудың жолдарын тауып отыр. Дегенмен, «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген халық даналығына сүйене отырып, дерттің алдын алған әлдеқайда оңай болары анық.
А.МАЙМАҚОВ,
Облыстық қатерлі ісік диспансері
хирургия бөлімінің меңгерушісі