«Сау адамның басында алтын тәж бар, оны тек ауру адам көре алады...»

Oinet.kz 02-02-2018 3085

Ең алғаш рет 2015  жылы  желтоқсан айында жаңа жыл мерекесінің қарсаңында сырқатым туралы білдім. Ол кезде жасым 26-да болатын. Алғашқыда дәрігерлер «пиелонефрит» деген диагноз қойды.  Бүгінде әрбір екінші адамда пиелонефрит бар екенін білетінмін. Сондықтан аса қатты уайымдамадым. Дегенмен жарты ай болмай қатты науқастанып қалдым. Кейін белгілі болғандай ауруым асқынып кетіпті...  Дәрігерлер ем-домды неден бастарын білмей әбігерге түсті. Дәл сол мезетте менің бүйрегім өте ауыр хәлде екенін сезінген де, білген де жоқ едім. Яғни, бірден гемодиализ қабылдаймын деген ой болмады...

Screenshot_5.jpg

Облыстық клиникалық ауруханасында ем қабылдап жүрдім. Бүйректің созылмалы аурулары жағдайында гемодиализ бүйрек жеткіліксіздігі консервотивті терапияға көнбейтін жағдайда және терминалды сатыға көшкен кезде жүргізіле бастайды. Мұндай жағдайдағы гемодиализ демеуші әдіс болып табылады екен. Сондықтан менің гемодиализ қабыладаудан басқа амалым қалмады. 11 ай бойы гемодиализдің арқасында өмір сүрдім. 

Гемодиализде бір жылға жуық жүгінгендіктен ол апараттан біраз хабарым бар. Гемодиализге арналған аппараттар үш құрауыштан тұрады. Қанды беріп тұру құрылғысы, диализдеуші ерітіндіні дайындауға және беріп тұруға арналған диализаторден тұрады. Оның маңызды функционалды элементі жартылай өткізгіш мембрана болып табылады, ол целлюлоза табиғи материалдан немесе синтетикалық материалдан жасалатынын байқадым. Ол әдісті қабылдаудан қорықпаңыз. Бұл мәліметті гемодиализден қорқып жүрген немесе сан түрлі сұрақтар мазалаған оқырмандарыңыздың оқығанын қалаймын.  

Гемодиализ қабылдап болған соң сіңілім бір бүйрегін беретінін, маған «донор» болатынын айтты. Мен бауырымның ол ісін үлкен ерлікке балаймын. Отбасымның және жақын туыстарымның арқасында қиын күндерден аман қалдым. Күйеуімнің де қолдауы мен үшін маңызды болды. Қызым мен ұлымның анасыз қалғанын қаламадым. Содан, 2016 жылы 26 қазан күні сіңілім екеумізге ота жасалды. Ота мен күткендей сәтті өтті. Науқастардың ішінде отадан тез оңалғандардың бірі болдым. Ауруханадан шыққан соң бір айдан кейін бізден анализ алды. Сөздің шыны керек мен түптеп келгенде жазылатынымды білдім. Оған еш күмәнім болмады. Ал анализден кейін оған толықтай көзім жетті. Мен ауруды жеңдім!

Бүгінде бүйрегімді ауыстырғаныма бір жыл төрт ай толды. Сол кезде он жастағы баламның маған жазған хаты еріксіз есіме түсіп отыр. Ол хат маған үлкен күш-жігер берді. Хаттағы «Аяз ата менің анама сау бүйрек берші, анам ауруынан айығып кетсінші» деген сөздерді оқыған соң мен қалайда аурудан жазыламын деп, өмір сүруге талпындым... 

Отадан кейін төрт айдан соң жұмысыма оралдым. Бүгінге дейін үш рет шетелге іссапармен барып қайттым. Жақында, 18 ақпанда тағы да шетелге іссапармен шығуым керек. Отбасымда  да, жұмысымда  да жетістіктерге жетуді қалаймын.  

Кейде ауруханаға анализ тапсыруға барғанда дәрігерлер маған «Біздің науқасымыз қалай?» деп жағдайымды жиі сұрайды. Сол сәтте мен оларға  «Мен науқас емеспін, мен ауруды жеңген жеңімпазбын!» деп айтамын. 

Тағы айтарым бүгінде көптеген науқастар, қарапайым тұрғындар дәрігердің жұмысынан мін іздеуге тырысады. Ал өздері денсаулығының дұрысталуына ешқандай әрекет етпейді. Бір жағдай бола қалса, дәрігерлерді кінәлап, тіпті сотқа беріп жатады. Мүмкін, медицина мамандарының сол сәттегі әрекет етулері ұнамаған шығар. Бірақ, қалай  болғанда да олар сіз үшін қызмет етіп жатқанын ұмытуға болмайды. Болмашыға ашуланып, дертіңіздің дендеп бара жатқанын солардан көргендей дауыс көтеріп, жүйкеңізді жұқартудың еш пайдасы жоқ. Қайта ауруыңызды одан бетер қоздырып алуыңыз мүмкін. Сондықтан шыдамды болған абзал. 

Менің алдымнан тек қана өз ісін жақсы білетін жоғары санатты дәрігерлер шықты ғой деймін. Мен Вячаслав Лиге, Мәди Бегалиевге алғысымды айтамын. Алдымен Құдайдың, сосын сол дәрігерлердің арқасында қатарыма қайта қосылдым. Олай болмаса, қазір отбасымның алдында жүрмес те ме едім...

Негізі мен  табиғатымнан жігерлі, «мегапозитивный» адаммын, ешқашан көңіл-күйімді түсірмеймін. «Бәрі өз қолыңда!» деген ұстанымым бар. Позитивті ойлап, өзімізге сенудің маңызы зор. Егер бір нәрсені жасауға құштар болсаңыз, оны орындай алатындығыңызға сеніңіз. Тіпті ауруды алғаш естігенде өлім сияқты жаман ойлар мазалаған жоқ. Іштей кез-келген ауруды жеңуге болады. Қазіргі таңда медицина жоғарғы деңгейде деп ішкі жігерімді соған сендіріп қойдым. Бұл бір арнайы программаға ұқсайды. Мен ағзамды жақын арада жазылатыныма бей імдедім және өзім де 100 пайыз кәміл сендім. Оптимистік көзқарас өміріңізде барлығы да оңай, тамаша болады дегенді меңземейді. Бар болғаны қиындықтарды қасқайып тұрып қарсы алуға септігін тигізеді. Өмірге құштарлығым соншалық гемодиализ қабылдап жүріп те жұмыс істедім. 

Мен  кәсіби спортшымын. Шымкент қаласындағы гимнастикалық мектепте акробатикадан дәріс беремін. Аурып жүрсем де жұмысымнан, отбасымнан алыстаған жоқпын. Қайта осы батыл қадамдарым арқылы Құдайдыңғ қалауымен аман қалдым. Егер мен аурумын деп төсек тартып жатып, өзіңді өлетіндердің қатарына қосып жылай берсеңіз, уайымға салынып жанарыңыз жастан құрғамаса, онда сіз жазылмайсыз. Эйнштейн бірде «өмірдегі жетістіктер маңызды емес, адамның өзгелерге не бере алатындығы маңызды. Нағыз құндылық осында. Сол себепті табысты емес, бағалы адам болуға ұмтылыңыздар» деген екен. Сондықтан мен қазір аурумен күресіп жүрген жандарға аз да болса психологиялық қолдау көрсеткім келеді. 

Мәселен, менімен бірге ота жасатқан Зәуре есімді әйел әлі өзіне келер емес. Жұмыс істемей, бетперде киіп өмірінің өткен күндерін еске алуымен күрсінеді де жүреді. Ол дұрыс емес. Ақымақ болмаңыз, алдыңызға мақсат қойыңыз. Мен ауруды жеңемін. Сау адамдарша бақытты ғұмыр кешетін боламын деп позитивті ойлау керек. Адамның ойлары алдағы өмірінде үлкен рөл ойнайтынын айтқым келеді. Осы сәттен бастап тек жақсы ойлар ойлаңыз, шын мәнінде сау адамдардың басында алтын тәж бар, оны ауру адам ғана көре алады. Сондықтан осы күнге шүкіршілік етіп, пендешіліктен аулақ болыңыз! 

Надежда МОРОЗОВА,

Шымкент қаласы

Аспирин улучшает потенцию у пожилых мужчин
Көз астының қараюы нені білдіреді?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу