Екпе денсаулыққа пайдалы ма, зиян ба?
Вакцинация – бұл балаларды және ересектерді жұқпалы аурулардың алдын алудың ең жоғары, тиімді тәсілі. Жалпы вакцинацияның арқасында аурушаңдықтың пайда болуы төмендеді. Мемлекеттік вакцинация бойынша саясат екпені қолжетімді дәрежеге дейін жеткізді. Әрбір бала күнтізбеге енгізілген екпелермен жергілікті мекенжайлары бойынша емханада ақысыз түрде егіле алады.
Вакциналардың әрбір түрі ағзаға әртүрлі тәсілмен салынады. Ішке қабылданатын инъекция және тамшы болуы мүмкін. Қазақстан Евразия аумағының ортасында орналасқандықтан, күнделікті жұқпалы аурулардың сырттан енуінің де қаупі зор. Осыған орай, иммунопрофилактика саласындағы мемлекеттік саясат аурудың алдын алуға бағытталған, ал сырттан жұқпалы ауру енгізілгенде басты мақсат таралуына жол бермеуге және жоюға бағытталады. Вакцинаның тиімділігі екпені уақтылы және толық алуға тікелей байланысты.
Ата-аналар балаларының гепатит, туберкулез бен полиомиелитке қарсы алғашқы егулер босану үйлерінде басталатынын білуі керек. Иммундау анасының қатысуымен босану үйлерінің егу бөлмелерінде жүргізіледі. Егер анасы денсаулық жағдайымен баласының егілуіне қатыса алмаса, онда медицина қызметкері егуді анасының жазбаша келісімімен жүргізеді. Егу алдында бала дәрігерге қаралады. Вакцинаны енгізген баланың реакциясын босану бөлімдерінің балалар дәрігері күнделікті бақылайды. Босану үйінен шығар алдында анасына алынған егулері енгізілген бірыңғай үлгідегі егу паспортын табыс етеді.
Баланы әрбір вакциналау алдында егу жүргізуге арнайы үйретілген және рұқсаты бар дәрігер қарайды. Баланың карточкасында денсаулық жағдайына қарай егуге болатындығын және бала қандай жұқпаларға қарсы егілу қажеттігін анықтайды. Дәрігер баланың анасына қандай жұқпаға қарсы егілетінін, вакциналауға қандай реакция болу мүмкіндігін және анасы ондай жағдайда не істеу қажеттігін түсіндіруі қажет. Егілген бала иммунитет қалыптасуы кезінде белсенді медициналық бақылауға алынады.
Вакцина көмегімен сырқат жағдайларды және көптеген жұқпалы аурулардан болатын өлім-жітімді едәуір қысқартуға, ал олардың бірқатарын (шешек, полиомиелит) толық жоюға болады.
Халықты вакциналауды тоқтатпау керектігін естен шығармаған жөн. Егу жүргізуде азғантай ақаудың болуы жұқпаны қабылдағыш адамдардың жинақталуына әкеліп, аурудың ошағы бұрқ ете қалуы мүмкін. Осындай бұрқ етпе жағдайлар елімізде 1995 жылы болған, онда дифтериямен 1005 адам науқастанып, оның 66-сы қайтыс болған. Дифтерияның бұрқ етпе жағдайын басу мақсатында 1995-1996 жылдары елде 3-тен 60 жасқа дейінгі халықты жаппай иммундау жүргізіліп, 10 миллионнан аса адам егілді.