Қалай дұрыс демалуға болады?

Oinet.kz 07-12-2019 1762

Кейде бізге демалыстан кейін де демалыс керек боп жатады. Дүйсенбі күні жұмысқа шыққанда «Тағы бір күн демалғанымызда ғой» деген тіркесті жиі еститініміз, сонымен келісетініміз жасырын емес. Неге олай? Нені дұрыс істемейміз? Жауабы қиын емес, біз дұрыс демалуды білмейміз. Көп қазақтың тойдан келіп, «Уф, шаршадым!» дейтіні де содан. Тойға барып шаршағаның, демек дұрыс демалмағаның. Ал, дұрыс демалу шын мәнінде соншалық қиын шаруа емес. Қиын болмағаны себебінен де ол «демалыс» деп аталады. 

Screenshot_1.jpg

Алдымен бізге не кедергі екенін анықтайық:

  • Уақыт аздық

  • Қаржы тапшылығы

  • Үйде ешнәрсе істемей жатуды демалыс санау

  • Жаңа дүниені істеп көруге ұмтылыстың жоқтығы

Ал, енді бұл айтылғандар неге кедергі саналатынын және оны қалай жеңу керектігін айтайық.

Уақыт аздық. Өкінішке қарай, біз уақытымызды дұрыс реттемеудің кесірінен көп жұмысымызды кейінге шегеріп, демалыс күні сол жиналған жұмысты істеумен өткіземіз. Кейін «Үйдің шаруасы біте ме?» деген жаттанды себепті желеу етіп отырып, жұмыс аптасының қайта басталғанын байқамай қаламыз. Апта дұрыс жоспарланған жағдайда екі күн демалыста істейтін артық шаруа болмайды. Сол себептен, қандай да бір істі демалысқа қалдырмай, уақытылы және жұмыс аптасының ішінде жасауды әдетке айналдырыңыз. Сол кезде демалыс күнінде өзіңізге көңіл бөлетін уақыт табылады.

Қаржы тапшылығы. Иә, жалақыңыз аз болып, күнделікті азық-түлікке ақша жетпей жатқанда қосымша шығын туралы бірнәрсе айту қиын. Десе де, тұрмысыңыздағы барлық шығынды саралап көрсеңіз сізге қажетсіз шығындар табылып қалуы ғажап емес. Ең бастысы, демалу үшін көп ақша қажет деген таптаурыннан арылыңыз. Себебі, демалыстың қаражат жұмсамайтын да түрлері жеткілікті. Мысалы, үйден тамақ жасап, арнайы ыдысқа салып, төсенішіңізді арқалап, саябаққа барып жақсы уақыт өткізіп қайтуға болады.

Үйде ешнәрсе істемей жатуды демалыс санау. Төсекте аяқты көтеріп қойып, теледидар көруді демалғанның көкесі деп санайтындар жеткілікті. Бірақ, олар қатты қателеседі. Солардың қатарынан болсаңыз, ойыңызды өзгертіңіз. Демалысты сыртқа шығып, табиғат аясында, саябақта серуендеп өткізудің әдетке айналдырыңыз. Жоғарыда келтірілген мысал да осы жерде орынды.

Жаңа дүниені істеп көруге ұмтылыстың жоқтығы. Біз ерте қартаямыз. Себебі, оқу бітіре салып жаңа нәрсе үйренуді доғарамыз, өзіміздің басқа бір қырымызды ашып көруді ойламаймыз. Сөйтіп, тұлға ретінде өсуді тоқтатамыз. Бір демалысыңызды жаңа дүниені істеп көруге арнасаңыз, өміріңіздің қалай өзгергенін байқайсыз. Мысалы, велосипед тебе алмасаңыз, алдағы демалысты соны үйренуге арнаңыз. Қызық болары және рахаттанып қалатыныңыз сөзсіз.

Дереккөз : anabol.kz

Ұялы телефонға арналған сандық кодтар
Бала күтіміне байланысты қандай жәрдемақы беріледі?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу