Ұлттық құрылтай – ұлттық мүдде мінбері
2022 жылы маусымда Ұлттық құрылтай Президент жарлығымен құрылып, оның орнына жұмыс істеген Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі таратылған болатын. Құрылтай – Президент жанындағы кеңесші орган ретінде қоғамды біріктіруге бағытталған ұсыныстар мен нақты қадамдарды әзірлеуді мақсат етеді. Ол жылына кемінде бір рет немесе қажет жағдайда өткізіледі.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл бастаманың тарихи тамыры тереңде жатқанын атап өткен. Оның айтуынша, қазақ даласында құрылтайлар ел тағдырын шешкен маңызды кезеңдерде шақырылып отырған. Мысалы, Талас құрылтайы Алтын Орданың дербес мемлекет болуына ықпал етсе, Ордабасы құрылтайы халықты ел қорғауға жұмылдырды. Ал Бірінші қазақ құрылтайы Орынбор кезінде «Алаш» партиясы құрылып, келесі жиында Алаш автономиясы жарияланған. Тәуелсіздік жылдарында өткен Дүниежүзі қазақтарының алғашқы құрылтайы шетелдегі қандастарды тарихи отанына шақыруда маңызды рөл атқарды.
Бүгінге дейін Ұлттық құрылтайдың төрт отырысы өтті. Алғашқы жиын Ұлытау облысы ұйымдастырылса, кейінгі басқосулар Түркістан, Атырау және Бурабайда өтті. Биылғы құрылтай Қызылорда қаласында ұйымдастырылды. Әр жиында өңірлік мәселелер көтеріліп, қоғам белсенділері түрлі ұсыныстар айтып келеді.
Құрылтай жұмысының нәтижесінде 26 заң жобасы қабылданып, бірқатар маңызды реформалар жүзеге асты. Атап айтқанда, Республика күні ұлттық мереке мәртебесін алды, Түркістан қаласына ерекше статус берілді. Сонымен қатар әйелдер мен балаларды қорғау, есірткімен күресті күшейту, лудоманияға шектеу қою бағытында бастамалар қолға алынды. Соңғы отырыста салық реформасы, интернет-алаяқтық және жасанды интеллект мәселелері де талқыланды.
Президенттің пікірінше, Ұлттық құрылтай – ел тарихында өз орны бар маңызды институтқа айналды. Бұл алаң қоғам мен билік арасындағы ашық диалогты қамтамасыз етіп, ортақ шешім қабылдауға мүмкіндік береді. Сарапшылар мен депутаттар да оны елдің өткенін саралап, болашағын жоспарлайтын маңызды саяси платформа ретінде бағалайды.


