Салық саясатының жаңа кезеңі: тиімділік пен әділдікке жасалған қадам

Oinet.kz 28-03-2026

     Қазақстандағы салық саясаты – ел экономикасының тұрақтылығын қамтамасыз ететін, мемлекеттік кірістерді қалыптастыратын және бизнесті дамытуға ықпал ететін маңызды құралдардың бірі. Тиімді салық жүйесі инвестиция тартуға, кәсіпкерлікті ынталандыруға және әлеуметтік міндеттемелерді орындауға мүмкіндік береді.

image.png

     Қазіргі таңда Қазақстанда салық саясаты кезең-кезеңімен жаңғыртылып, халықаралық стандарттарға сәйкестендіріліп келеді. Салық жүйесі Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі мен Мемлекеттік кірістер комитеті арқылы жүзеге асырылады. Соңғы жылдары цифрландыру үдерісі жеделдеп, электронды декларациялау, онлайн бақылау-касса машиналары және салық төлеушілерге арналған мобильді қосымшалар енгізілді. Бұл өз кезегінде көлеңкелі экономиканы азайтуға және салықтық әкімшілендірудің тиімділігін арттыруға ықпал етті.

      Қазақстанда салық саясаты экономиканың тұрақтылығын қамтамасыз ететін негізгі құралдардың бірі ретінде жаңа кезеңге қадам басты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың IV отырысында атап өткендей, салық жүйесі – бүкіл мемлекеттік басқарудың өзегі. Егер бюджетте қаражат жеткіліксіз болса, мемлекет әлеуметтік міндеттемелерін толық орындай алмайды. Ал Қазақстан жағдайында бұл мәселе аса өзекті, өйткені бюджет шығыстарының жартысынан астамы әлеуметтік салаға бағытталған.

      Осы қажеттіліктерді ескере отырып, 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап жаңа Салық кодексі күшіне енді. Бұл құжат салық жүйесін тек жаңғыртып қана қоймай, оны нақты көрсеткіштер арқылы тиімді әрі әділетті етуге бағытталған. Мәселен, жаңа кодекс нәтижесінде салық есептілігінің көлемі бірден 30 пайызға қысқарып, салықтардың жалпы саны 20 пайызға азайды. Бұл бизнеске түсетін әкімшілік жүктемені айтарлықтай төмендетіп отыр.

      Салық реформасының маңызды бағыттарының бірі – қосылған құн салығын қайта қарау. Енді ҚҚС-тың базалық мөлшерлемесі 16 пайыз деңгейінде белгіленді. Сонымен қатар, әлеуметтік маңызы бар салаларға жеңілдіктер сақталды: дәрі-дәрмек пен медициналық қызметтерге 2026 жылдан бастап 5 пайыз, ал 2027 жылдан бастап 10 пайыз мөлшерлеме қолданылады. Ал тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі мен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясындағы қызметтер бұл салықтан толық босатылды. ҚҚС бойынша тіркеу шегі де қайта қаралып, 10 мың АЕК-ке, яғни шамамен 40 миллион теңгеге дейін төмендетілді.

     Салық саясатының негізгі бағыттарының бірі – салық жүктемесін оңтайландыру. Мемлекет шағын және орта бизнесті қолдау мақсатында жеңілдетілген салық режимдерін ұсынып отыр. Арнайы салық режимдері кәсіпкерлерге есептілікті жеңілдетуге және әкімшілік шығындарды азайтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, инвестициялық жобалар үшін салықтық жеңілдіктер мен преференциялар қарастырылған, бұл шетелдік және отандық инвесторлар үшін қолайлы жағдай туғызады.

    Жеке табыс салығы жүйесінде де түбегейлі өзгерістер бар. Бұрын барлық азаматтар табысына қарамастан 10 пайыз төлесе, енді прогрессивті шкала енгізілді. Яғни жылдық табысы 8,5 мың АЕК-тен, шамамен 33,4 миллион теңгеден аспайтын азаматтар бұрынғы мөлшерлемемен салық төлей береді, ал осы шектен асатын табысқа 15 пайыздық мөлшерлеме қолданылады. Сонымен қатар салық салынбайтын табыс мөлшері де ұлғайып, бұрынғы 14 АЕК-тен 30 АЕК-ке дейін өсті. Бұл шамамен айына 140 мың теңгеге дейін табыс табатын азаматтардың салықтан толық босатылуына мүмкіндік береді. Әлеуметтік осал топтар үшін де қолдау күшейіп, 1 және 2-топтағы мүгедектігі бар азаматтарға арналған шегерім көлемі 882 АЕК-тен 5 мың АЕК-ке дейін ұлғайтылды.   

Кәсіпкерлік сектор үшін де нақты әрі маңызды өзгерістер енгізілді. Шағын бизнеске арналған жаңа біріктірілген режим бойынша жылдық табыс шегі 600 мың АЕК-ке дейін, яғни шамамен 2,4 миллиард теңгеге дейін белгіленіп, қызметкерлер санына шектеу алынып тасталды. Ал өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар үшін 4 пайыздық бірыңғай төлем енгізілді. Оның құрамына зейнетақы жарналары, әлеуметтік аударымдар және медициналық сақтандыру төлемдері кіреді, әрі бұл санаттағы азаматтар үшін жеке табыс салығы мүлде алынбайды.

       2021 жылдан бастап Қазақстанда кәсіпкерлік саласын жаңғыртуға бағытталған жаңа реттеушілік саясат аясында «таза парақтан реттеу» қағидаты кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Бұл бастаманың басты мақсаты – бизнесті артық талаптар мен бюрократиялық кедергілерден босату. Нәтижесінде 128 мың талап қайта қаралып, олардың ішінен 10 мыңнан астамы жаңа саясаттың базалық шарттарына сәйкес келмегендіктен толықтай жойылды.

      Реформалар мұнымен шектелмей, 2024 жылы екінші түзетулер пакеті қабылданып, заңнамаға шамамен 400-ге жуық өзгеріс енгілді. Осы өзгерістер аясында мемлекеттік бақылау жүйесі де жаңаша форматқа көшіп, тексеруден гөрі алдын алу шараларына басымдық беріліп отыр.

      Кәсіпкерлерге түсетін әкімшілік қысымды азайту мақсатында Smart Data Ukimet платформасы негізінде «Гильотина» деп аталатын реттеуші тетік іске қосылды. Бұл жүйе арқылы тізілімнен шығарылған немесе уақытында жойылмаған талаптарды бұзған кәсіпкерлер әкімшілік жауапкершіліктен босатылады. Яғни, бизнес үшін негізсіз талаптарды қолдану тәжірибесіне шектеу қойылып отыр.

       Қазіргі таңда осы бағыттағы жұмыстар өңірлік деңгейде де жалғасуда. Аймақтарда қолданыстағы талаптарға ревизия жүргізіліп, жергілікті маңызы бар нормативтік-құқықтық актілер қайта қаралуда. Соның нәтижесінде базалық талаптардың жаңа тізбесі қалыптастырылып, жергілікті атқарушы органдар тарапынан Міндетті талаптар тізілімін толықтырудың нақты кестесі бекітілді.

      Сонымен қатар бизнестің әкімшілік жүктемесін одан әрі жеңілдету үшін «Рұқсаттар мен хабарламалар туралы» заңға да өзгерістер енгізу жоспарланып отыр. Атап айтқанда, өзектілігін жоғалтқан рұқсат түрлерін алып тастау және кейбір рұқсаттарды беру мерзімдерін қысқарту көзделген. Бұл кәсіпкерлер үшін қажетті құжаттарды алу процесін едәуір жеңілдетіп, уақыт пен ресурсты үнемдеуге мүмкіндік береді.

      Жалпы алғанда, бұл шаралар салық реформасымен қатар іске асып, елдегі кәсіпкерлік ортаны жақсартуға, бизнестің дамуына қолайлы жағдай қалыптастыруға бағытталған жүйелі қадамдардың бірі болып отыр.

      Қазақстанда салық саясатын дамытуда әділдік қағидаты да маңызды орын алады. Яғни, әрбір азамат пен кәсіпорын табысына қарай салық төлеуі тиіс. Осы мақсатта прогрессивті салық салу элементтерін енгізу мәселесі жиі талқыланып келеді. Бұл табыстар арасындағы теңсіздікті азайтуға бағытталған маңызды қадамдардың бірі болуы мүмкін.

       Салықтық әкімшілендіру де айтарлықтай жеңілдеді. Енді декларацияларды автоматты түрде толтыру мүмкіндігі қарастырылып, тексерулер жүйесі толық өзгерді. Жоспарлы тексерулер жойылып, бақылау тек тәуекелдерді басқару жүйесі арқылы жүзеге асырылады. Сонымен қатар салық берешегіне қатысты нақты шектер енгізілді: егер қарыз 20 АЕК-тен аспаса, тек ескерту мен өсімпұл қарастырылса, 20 мен 45 АЕК аралығында төлем талап етіледі, ал 45 АЕК-тен асқан жағдайда ғана қатаң шаралар қолданылады. Қарыз көлемі 27 мың АЕК-тен асып, үш ай бойы өтелмеген жағдайда ғана шетелге шығуға шектеу қойылады.

      Салалық салықтарда да өзгерістер бар. Мәселен, көлік салығы бойынша 10 жылдан 20 жылға дейін пайдаланылған автокөліктерге 0,7 коэффициент, ал 20 жылдан асқан көліктерге 0,5 коэффициент қолданылады. Корпоративтік табыс салығы базалық деңгейде 20 пайыз болып сақталғанымен, банктер мен ойын бизнесі үшін 25 пайызға дейін көтерілді. Әлеуметтік сала ұйымдары үшін бұл мөлшерлеме 2026 жылы 5 пайыз болып белгіленіп, 2027 жылы 10 пайызға дейін өседі, ал ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін 3 пайыз деңгейінде қалдырылды. Сонымен қатар құны 75 миллион теңгеден асатын автокөліктерге, 100 миллион теңгеден асатын кемелерге және жалпы құны 450 миллион теңгеден асатын жылжымайтын мүлікке қосымша салық жүктемесі енгізілді. Ал әр литрі 500 мың теңгеден асатын алкоголь мен әр данасы 10 мың теңгеден асатын темекі өнімдеріне 10 пайыз акциз белгіленді.

      Экономистердің пікірінше, салық реформасы – уақыт талабы. Сарапшылар бюджет кірісі мен шығысы арасындағы теңсіздік артып келе жатқанын атап өтеді. Сондықтан реформаның басты мақсаты – осы алшақтықты қысқарту және қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету.

Сонымен қатар, салық саясаты экономиканы әртараптандырумен тығыз байланысты. Мұнай-газ секторына тәуелділікті төмендету үшін өңдеу өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы және цифрлық экономика салаларына салықтық ынталандыру шаралары енгізілуде. Бұл ұзақ мерзімді перспективада экономиканың тұрақты дамуына негіз болады.

      Салық реформасымен қатар халықтың салықтық сауаттылығын арттыру да назардан тыс қалған жоқ.  Осы мақсатта «Халық бухгалтері» акциясы жүзеге асырылып келеді. Қаржы министрлігі кәсіби бухгалтерлік ұйымдармен бірлесіп қолға алған  бұл бастама биыл да өз жалғасын тауып,  5 қаңтарда бастау алды.  Акция 2026 жылғы 30 маусымға дейін жалғасады.  Жоба облыс орталықтарындағы мемлекеттік кірістер басқармалары базасын және Астана, Алматы, Шымкент қалаларын қамтиды. Мамандар халыққа оңтайлы салық режимін және ауысу кезеңін таңдау, салықтық жеңілдіктер мен шегерімдер, электрондық шот-фактуралар беру, ҚҚС шегі, ҚҚС бойынша тіркеу және тіркеуден шығу (арнаулы салық режимі және жалпыға бірдей белгіленген режим үшін), жеке кәсіпкерлерге рұқсат етілген қызмет түрлері және тағы басқа мәселелерге қатысты кеңестер беріп, қызмет көрсетеді.  Кеңестер аптасына екі рет өткізіледі. Акция бастау алған алғашқы екі айдың өзінде 38 000-нан астам салық төлеушіге кеңес беріліп, 879 ашық есік күні ұйымдастырылғанын айта кетейік. 

      Жалпы алғанда, Қазақстандағы жаңа салық реформасы – нақты есеп пен теңгерімге негізделген жүйелі қадам. Бюджет кірісі мен шығысы арасындағы алшақтықты қысқарту, салықтық әділдікті қамтамасыз ету және бизнесті қолдау – реформаның басты мақсаттары. Ең маңыздысы, бұл өзгерістер салық жүйесін тек фискалдық құралдан экономиканы дамытатын тиімді механизмге айналдырып отыр. 

      Қазақстандағы салық саясаты – экономикалық өсудің маңызды драйвері. Оны дамыту үшін цифрландыруды тереңдету, әділ әрі түсінікті салық жүйесін қалыптастыру және бизнеске қолайлы орта құру басты міндет болып қала береді. Тиімді салық саясаты елдің бәсекеге қабілеттілігін арттырып, халықтың әл-ауқатын жақсартуға ықпал етеді.

Елде жұмыссыздық төмендеп, әлеуметтік төлемдер өсті
Айдарға кіру
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу