«ART Sport» жемқорлықтың көзіне айналды

Oinet.kz 16-04-2025 93

2021 жылдан бастап іске асып жатқан «ART Sport» бағдарламасы туралы бүгінде әрқилы әңгімелер бар. Балаларды спорттық және шығармашылық тегін үйірмелермен қамтиды деген жоба қазына қаржысын жымқырудың жүйесіне айналып бара жатыр. 

Screenshot_9.jpg

Осы жөнінде жуырда сенатор Г.Шиповских бастаған бір топ депутат Премьер-министрге хат жолдады. 

– Бағдарлама басталғаннан осы күнге дейін оны іске асыру барысында еліміздің барлық өңірлерінде қаржының тиімсіз жұмсалуы, спорттық инфрақұрылымның талаптарға сай болмауы, қызмет көрсетушілердің заңсыз әрекеттері, жүйелі бақылаудың әлсіздігі секілді күрделі проблемалар анықталып келеді. Сондай-ақ, бұл мәселе Сенатта алғаш рет көтеріліп отырған жоқ. Осы ретте, кейде ойлайсың: «ART Sport» денсаулықтың кепілі ма әлде дерті ма?, - деп, түсініксіз!

Сол проблемалық мәселелердің бірқатарына тоқталып өтейік:

Бірінші. Қаржы жымқыру және жалған ақпарат беру фактілері.

Кейбір кәсіпкерлер балаларды үйірмелерге формалды түрде тіркеп, сабақ өткізбесе де мемлекеттен қаржы алған. Балалардың сабаққа қатысуын растайтын электрондық жүйе болмағандықтан, жалған мәліметтер ұсынылып, бір топтағы балаларды бірнеше секцияға қатысып жатыр деп көрсетіп, бюджеттен артық қаржы алуы анықталған.

Екінші. Спорттық инфрақұрылымның талаптарға сәйкес келмеуі.

Көптеген спорттық нысандарда ыстық су, душ, ауа желдеткіші, өрт қауіпсіздігі жүйелері жоқ. Оқу-жаттығу процесіне қажетті құрал-жабдықтар жетіспейді. Жаттықтырушылардың біліктілігі төмен, олардың көпшілігі тиісті сертификаттарға ие емес.

Үшінші. Өңірлердегі теңсіздік.

Ауылдық жерлерде спорттық секциялар жеткіліксіз, ал балалар ірі қалаларға қатынай алмайды және қаржыландыру тетіктерінің жетілдірілмеуі салдарынан кейбір өңірлерде бағдарлама жартылай немесе толық тоқтап қалған. Мәселен, осындай заңбұзушылықтар Алматы, Ақтөбе, Түркістан, Павлодар облыстарында тіркелген.

Бұдан өзге,  Бас прокуратураның ақпаратына сәйкес, 2022-2023 жылдары бағдарлама аясында түрлі заңбұзушылықтар бойынша 38 прокурорлық қадағалау актісі енгізіліп, 43 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды. 600-ден астам кәсіпкердің құқығы қорғалып, оларға тиесілі қаражат қайтарылды. Сондай-ақ, 22 қылмыстық іс қозғалып, 8 адам сотталды.

Ең сорақысы – республика бойынша іс жүзінде сабаққа қатыспаған 8 мыңнан астам баланың тіркеуі белгілі болды. Сонымен бірге, 164 секция санитарлық талаптарға сай келмейтін жертөлелерде, пәтерлерде және жабдықталмаған залдарда өткізілген. Бағдарламаның сапасын бақылау тетіктерінің жоқтығы оның негізгі мақсатына қол жеткізуге мүмкіндік бермеген,-делінген хатта.

Депутаттар осыған байланысты мемлекеттік спорттық тапсырыстарды қаржыландыруды аудандық және қалалық деңгейге беруді, бағдарламаға бөлінген қаражаттарды бақылауды күшейтуді ұсынған. 

Инфляция – 10 пайызға жетті
Айдарға кіру
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу