Сайрам ауданында көші-қон бойынша насихат тобы тұрғындармен кездесті

Oinet.kz 29-10-2024 279

image.png

Ел перзиденті Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылы бірқатар Ұлттық жобалар тізбесін таныстырған еді. Соның бірі – «Қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға ба¬ғыт¬талған орнықты экономикалық өсу» жобасы. Қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған бұл ұлттық жоба қарапайым халыққа берері мол.  Сондай-ақ халықтың табысын арттып, кәсіпкерлікке баулу мақсатында қолға алынған жобалардың бірі «Өңіраралық қоныс аудару» жобасы. Бұл халқы тығыз орналасқан аймақтан тұрғындарды жұмыс күші аз өңірлерге қоныс аудару болып табылады. Қоныс аударушыларға тек тұрғын үй ғана беріліп қоймай, кәсіп бастауға да жағдай жасайды. Жоба аясында халқы көп Сайрам ауданынан да Солтүстікке, Шығыс Қазақстанға қоныс аударған жандар бар.  

Осы орайда Сайрам ауданында «Өңіраралық қоныс аудару» бойынша Солтүстік Қазақстан облысынан «Қандастар және қоныс аударушылар орталығы» өкілдері аудан халқымен кездесу өткізді. 

Қоныс аударуға ниетті азаматтарға солтүстіктен келген өкілдер бос жұмыс орындары, тұрғын үй мәселесі, көтерме жәрдемақы сияқты мемлекеттік қолдаулар жайлы толыққанды ақпарат берді. Кездесуге келген көшуге ниетті азаматтардың көкейіндегі сұрақтарға жауап берді. 

Жиынға қатысқан қоғам белсендісі, «Тәуекел» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бурахан Дақанов теріскейдің климаты, ауыл шаруашылығы үшін тиімді тұстары туралы айтты. 

Қандастар және қоныс аударушыларға ақпараттық-түсіндіру орталығының директоры Әнуар Тоқпан мемлекеттік тарапынан көрсетілетін материалдық көмек пен қолдаулар жайлы айтып өтті. «Қоныс аударушылар үшін мемлекет отбасының әрбір мүшесіне 258 440 теңге мөлшерінде материалдык көмек көрсетеді. Сонымен қатар, тұрғын үйді жалдау мен коммуналдық қызмет шығындарын өтеуге жәрдем беріледі. Одан бөлек, техникалық және кәсіптік білім алу үшін оқытуға жолданады. Сондай-ақ, жаңа тұрғылықты жерінде кәсіпкерлікті дамытуға және жұмысқа орналасуға жәрдем көрсетіледі. 2023 жылдан бастап көшіп келген азаматтарға тұрғын үй сатып алу немесе салу үшін тұрғын үй құнының 50 пайызын беру көзделген» деді ұйым жетекшісі.

Кездесуге келген сайрамдықтар қойған сауалдары тұрақты жұмыс орындары, тұрғын үй, инфрақұрылым бағытында болды. Спикерлер қойылған сұрақтарға жауап беріп, оңтүстік жұртын жұмыс күші жетіспейтін өңірлерге көшуге шақырды.

Солтүстік Қазақстан облысына еліміздің еңбек күші артық өңірлерінен қоныс аударушыларды қабылдау бойынша іс-шаралар жүйелі іске асып келеді. Мәселен биыл жыл басынан теріскей өңірге Түркістан облысынан 300-ге жуық отбасы, 1200-ге тарта азамат қоныс аударған. 

«2024 жылы қандастар мен қоныс аударушылардың отбасыларын орналастыру үшін тиісті инфрақұрылымы, бос жумыс орындары мен сатылымға түскен үйлері бар 191 елді мекеннің тізімі бекітілді. 2023 жылы 2 460 азамат солтүстік аймақтарға көшіп келген. 

Сандарды сөйлетейік. Аталмыш бағдарлама 2011 жылы басталды. Ол кезде ең көп дегенде бір мың адам көшетін. Соңғы жылдары 6 мыңнан асатын болды. Биыл 7 мың квота бөлініпті. Министрліктің дерегінше, қоныс аударушылардың арасында әдетте еңбекке қабілетті азаматтардың 80%-ы жұмысқа орналасады. Арасында өз ісін ашып жатқандары да бар.

Қоныс аудару бағдарламасы аясында кез келген адам өзі тұратын өңірдің ішінде ғана емес, басқа облысқа да көшіп бара алады. Жұмыссыз, баспанасыз жүрген азаматтар мен олардың отбасыларына мемлекет тарапынан ақшалай қолдау шаралары да беріледі. Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары - Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 22 маусымдағы № 234 бұйрығымен Жұмыс күшінің ұтқырлығын арттыру үшін адамдардың ерікті түрде қоныс аудару қағидалары бекітілген.

Құжатты қайда тапсыру керек?

Қандас, қоныс аударушы мансап орталыққа жүгінеді. Қоныс аудару шарттары бойынша бастапқы консультация алып, қажетті құжаттарды жинау үшін құжаттар тізбесін ұсынады. Мансап орталықтың маманы түсіндірме жұмыстарын жүргізіп,  қажетті құжаттардың тізбесін сұратады:

1.Жеке куәлік көшірмесі

2.Неке куәлік көшірмесі

3.Білімі туралы құжат көшірмесі

4.Туу туралы куәлік көшірмесі

Мансап орталықтың маманы қоныс аударушыдан Қоныс аударатын мекенге көшуіне өтініш жаздырады.

Мансап орталықтың маманы өтініш алған күні қандас болатын болса, «Қандас» ақпараттық жүйеге , қоныс аударушы болса « Еңбек нарығы» автоматтандырылған ақпараттық жүйеге жеке сәйкестендірілген номерін ( ЖСН) жазып тіркейді.

Барлығы дұрыс толтырылса, бір жұмыс күнінің ішінде кейін ЭЦП кілтпен қол қояды. Қол қойылған электронды өтініш Еңбек мобильдігі орталығының басшысына келіп түседі. Бір жұмыс күнінің ішінде басшы өтініштің дұрыс екендігіне көз жеткізіп, ЭЦП кілтпен қол қояды. Қол қойылған электронды өтініш Жұмыспен қамту басқармасының басшысы немесе басшы орынбасарына өтініш келіп түскен соң, ЭЦП кілтпен қол қояды. Электронды өтініш Қоныс аударатын облыстағы Жұмыспен қамту басқармасына түседі.

Сондай-ақ, үйден шықпай-ақ, мобильді қосымша арқылы телефон немесе компьютерді пайдаланып, кеңес алуға да болады. Ол үшін электронды еңбек биржасының ресми «enbek.kz» сайтын пайдалану қажет.

Сайтта қоныс аудару мәселелері бойынша кеңес алып, өтініш қалдыруға мүмкіндік бар. Сол жерде жұмыс күші тапшы өңірлерге қоныс аудару бойынша барлық ақпарат жарияланған. Көшіп баруға болатын өңірдердің картасы, ал әрбір өңірдің “төлқұжатында” мектептердің саны, медициналық мекемелер, спорт нысандары және тағы басқа мәлімет көрсетілген.

Қолдау шаралары қандай?

Басқа өңірге көшіп барған адамға жан-жақты қолдау жасалады. Субсидиядан бастап оқытуға дейінгі шаралар қарастырылған.

1. Отбасы жағдайына қарамастан, әрбір адамға 70 АЕК (258 440 теңге) мөлшерінде материалдық көмек;

2. Тұрғын үйді жалдау (жалға алу) және коммуналдық қызметтерге ақы төлеу;

3. Қоныс аударуға жәрдем көрсететін жұмыс берушілерге субсидиялар беру;

4. Жұмысқа орналасуға және кәсіпкерлік бастамашылыққа жәрдемдесу;

5. Қысқа мерзімді кәсіби дайындыққа жіберу; Материалдық көмек жаңа тұрғылықты жерге келгеннен кейін беріледі.

Үйді жалдау мен коммуналдық шығындар қалай өтеледі?

Қоныс аударып келген адамның отбасына, соның ішінде жалғызбасты адамдарға тұрғын үйді жалдау және коммуналдық қызметтерге бір жыл бойы ақы төленіп тұрады.

Материалдық көмектің мөлшері:

Қалалық жерлерге қоныс аударғандарға: бір адам үшін 20 АЕК (73 840 теңге);

отбасы мүшелерінің саны 2-4 адам болса, 25 АЕК (92 300 теңге);

отбасы мүшелерінің саны бес және одан көп болған жағдайда 30 АЕК (110 760 теңге);

Ауылдық жерлерге көшіп келгендерге: бір адамға 15 АЕК (55 380 теңге);

отбасы мүшелерінің саны 2-4 адам болған кезде 18 АЕК (66 456 теңге);

отбасы мүшелерінің саны бес және одан көп болған жағдайда 21 АЕК (77 532 теңге);

Ерікті түрде қоныс аудару бойынша мемлекеттік қолдау шаралары бір рет беріледі.

Бұдан басқа, өңіраралық қоныс аударуға жәрдем көрсететін жұмыс берушілерге тұрғын үймен қамтамасыз етілген және кемінде 2 жыл мерзімге тұрақты жұмысқа қабылданған әрбір қызметкер үшін 400 АЕК мөлшерінде жұмысқа орналасуға біржолғы субсидия беріледі.

Экономикалық ұтқырлық сертификаты дегеніміз не?

Қоныстанушы үйді жеке меншігіне сатып алуға ниет білдірсе, 2023-2027 жылдарға арналған көші-қон саясатының тұжырымдамасын іске асыру аясында қоныс аударушылар, қандастар үшін тұрғын үйді сатып алуға материалдық көмек алуға мүмкіндік беретін экономикалық ұтқырлық сертификаты бар. Сертификат бір рет өтеусіз және қайтарымсыз негізде тұрғын үй құнының 50% немесе бір отбасына 4 млн теңгеге дейін беріледі. Материалдық көмек Ұлттық банк бекіткен ипотекалық бағдарлама және (немесе) Үкімет бекіткен мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасы шеңберінде тұрғын үй сатып алу кезінде тұрғын үй сатып алу, салу үшін немесе ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін жергілікті атқарушы органның ақшалай міндеттемесі нысанында ұсынылады. Тұрғын үйді меншікке сатып алу үшін сертификат алдын ала шарт немесе тұрғын үйді сатып алу-сату шарты болған кезде беріледі.

Тұрғын үй салу кезінде сертификат ҚР Жер және басқа да заңнамаларына сәйкес жеке тұрғын үйлер салу үшін меншігінде жер учаскелерінің болуын ескере отырып беріледі.Сертификатты тұрғын үй сатып алу кезінде бастапқы жарнаның бір бөлігі ретінде пайдалану үшін екінші деңгейдегі банктен тұрғын үй қарызын беруді мақұлдау туралы хат ұсыну қажет. Бұл ретте экономикалық ұтқырлық сертификаты қоныстану өңіріндегі тұрақты тұратын елді мекенде ғана тұрғын үй сатып алу үшін беріледі.

Қоныс аударушылар үшін қоныстану өңірінде 5 жыл тұрақтану шартымен қабылданады, ал шартты бұзған бағдарлама қатысушылары барлық мемлекеттік қолдауларды кері қайтаруға мәжбүр болады.

Сайрам ауданында тың жобалар жүзеге аспақ
Атакәсіпті қолға алған азамат
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу