Жылына 20 мың тоннан құбыр шығарады
Түркістан облысында соңғы жылдарды құрылыс жұмыстары қызу жүріп жатыр. Көптеген нысандар ашылып, оларға қажетті құрылыс материалдарын түркістандық кәсіпкерлер қамтуға тырысуда. Соның ішінде Сайрам ауданының кәсіпкері бұған бей-жай қарап отырған жоқ. Қарапайым жеке кәсіпкерден бастап, қаржысы мол ірі кәсіпкерлерге дейін құрылыс заттарын өндіруге күш салуда. Олар қарапайым қыш құюдан бастап, есік-терезе, шатыр, құбырға дейін бәрін өздері жасап шығарып жатыр. Бұл отандық өндірістің қарыштап дамып жатқандығын білдіреді.
Биылдан бастап Сайрам ауданындағы зауыт жылына 20 мың тонна құбыр шығарады. Зауыт ауылдық жердегі 33 адамды жұмыспен қамтып отыр. Жақында Түркістан облысы әкімі Дархан Сатыбалды Сайрам ауданына арнайы іссапармен барып, полиэтилен құбырларын шығаратын зауыттың жұмысымен танысты.
Жоба құны 2000,0 млн. теңгені құрайтын «ЮКЗПТ» зауыты 2015 жылы ЖШС «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы аясында іске қосылған. Бүгінде кәсіпорын өнімдері елімізде сұранысқа ие. Оны жан-жақтағы обылстардан арнайы іздеп келіп, көтерме бағада сатып алатын ірі сатып алушылар да бар. Олар зауыттың жұмысын жүргізуге өз үлестерін қосып отыр. Зауыт клиент іздеп әуре болмай, барлық күш-жігер, назарды сапалы өнім шығаруға жұмсап отыр.
«ЮКЗПТ» зауыты Қазақстандағы сумен жабдықтауға және газбен жабдықтауға арналған полиэтилен құбырларының, сондай-ақ технологиялық ұңғымаларға арналған қаптама құбырларының ірі өндірушісі болып саналады. Өндірісте ғылыми-зерттеу нәтижелерінің ең маңызды жетістіктері қолданылуда. Мұнда диаметрі 50 миллиметрден 600 миллиметрге дейінгі ПЭ-100 маркалы полиэтилен су құбырлары, диаметрі 50-630 мм аралығындағы ПЭ-100 маркалы полиэтилен газ құбырлары шығарылады.
Полиэтилен құбырларды тек құрылыста емес, басқа көптеген салаларда да жиі пайдаланады. Атап айтсақ, орта және төмен қысымды газ құбырлары (ең жоғарғы жұмыстық қысымы 10 атм); Суық су, соның ішінде ішуге қолданатын су құбырлары жүйесі (ең жоғарғы жұмыстық қысымы 16 атм); Қысымды және қысымсыз канализация жүйелері; Сорғытқыш жүйелері; Химиялық агрессивтік өнімдерді тасымалдауға арналған өндірістік құбырлар; Мелиорация және жер суландыру (ирригация) жүйелері; Ирригация және тамшылы суландыру жүйелері; Зауыттардың техноголиялық құбырлары; Қойыртпақ (пульпа) және басқа да құрамында абразиві бар сұйықтарды тасымалдауға арналған құбырлар; Уақытша немесе айналмалы құбырлар; Су төмендеткіш жүйелері;
Айта берсек көп. Полиэтилен құбырларды құрылыстан бөлек, ауылшаруашылығы саласында жиі қолданады. Әсіресе тамшылатып суаруда полиэтилен құбырлардың қосар үлесі мол. Яғни тамшылы суару, сондай-ақ ағыстық суару, микро суару немесе жергілікті суару ретінде белгілі, өсімдіктің тамырына қарай немесе жердің үстіңгі бөлігіне немесе тікелей тамырлық зонасына қақпақшалардың торы, құбырлар, түтіктер, эмиттер арқылы суды баяу тамшылатып суару кезінде су және тыңайтқыштарды үнемдейтін суару түрі. Ол өсімдіктің негізіне су тасымалдайтын жіңішке құбырлар арқылы жасалады. Өсімдіктер осы жіңішке құбырлардан тамшылап ағып тұрған сумен қоректенеді.