Ауылдың берекесін кіргізген - «Ауыл аманаты»
Бүгінде созақтықтар табыстың тетігі кәсіпте екенін жақсы түсінді. Иә, сүйікті ісін табыс көзіне айналдырып, кәсіппен айналысқысы келетін азаматтардың қатары едәуір артқан. Кәсіп бастау үшін мемлекеттен қолдау да көп, тек ынта болса жеткілікті. Осы орайда кәсіппен шұғылданғысы келетін ауыл тұрғындарына «Amanat» партиясы Үкіметпен бірлесіп, «Ауыл аманаты» атты жобаны іске қосқаны мәлім. Бұл – Мемлекет басшысының «Халықтың табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы» аясында қолға алынған бастама.
Елді мекендерде тұратын ағайын үшін жағымды жаңалыққа айналған бағдарламаның мақсаты халықты тұрақты жұмыспен қамту, ауыл әлеуетін тиімді пайдалану арқылы ауыл экономикасын және халықтың өмір сүру деңгейін өсіру болып табылады.
Бағдарлама 6 бағыт бойынша 2,5 %-дық жеңілдетілген несие алуға мүмкіндік береді. Несие үй маңындағы жерлерді тиімді пайдалану, мал мен құстың өнімділігін арттыру, жемшөп пен жайылым проблемаларын шешу үшін пай учаскелерін ұтымды пайдалану, кооперативтерді қажетті техникамен жарақтандыру және ауылдағы бизнес-жобаларды қаржыландыру үшін беріледі.
«Ауыл аманаты» жобасының VI бағыты аясында өз кәсібін ашқан үлгілі тұрғынның бірі — Созақ ауылының тұрғыны Жамила Айдарбекқызы үй іргесінен жүн, мақта өнімдерін қайта өңдеп, қолданысқа дайындау және тігін саласын жандандыру мақсатында 5 200 000 теңгеге жеңілдетілген несие алды. Кәсіпкер ол қаражатқа заманауи үлгідегі тігін құралдарын сатып алып, бүгінде өзінің «Елжан цехын» дөңгелетіп отыр.
– Бұл саланы осыдан 15 жыл бұрын үйреніп, 10 жылға жуық басқа кәсіпкердің қарамағында жұмыс істедім. Соңғы 5 жылда өз алдыма бөлек тігін машинасын алып, жеке кәсібімді бастадым. Қолданыстағы тігін машиналарым ескі болғандықтан жұмысым баяу болды. Уақыт өте бұл салада кәсіби маман ретінде жұмыс істеуді ұйғарып, «Ауыл аманаты» мемлекеттік бағдарламасына қатысып, заманауи үлгідегі тігін құралдарын алуды шештім. Небәрі 20 күннен астам уақытта несиеге қол жеткізіп, қажетті құралдарды арнайы тапсырыспен алдырдым. Нәтижесінде, жұмысым едәуір жеңілдеп, бұл салаға қызығушылығым арта түсті. Бүгінде сұраныстың басым көпшілігі жергілікті тұрғындар тарапынан түседі. Халықтың арқасында табыс тауып отқан соң барынша сұранысқа сай үлгеріп, көптің көңілінен шығуға тырысамын, – дейді кәсіп иесі.
Қолда бар мәліметтерге сүйнесек Созақ ауданы бойынша қазіргі таңда «Ауыл Аманаты» бағдарламасы бойынша – 269 азаматтың құжаты қабылданған. 208 азаматтың құжаттары 1 147, 225 миллион теңгеге мақұлданып, 169 азамат 928, 560 миллион теңге жеңілдетілген несие алған.
Ауыл халқының берекесін кіргізген жоба аз уақытта өз жемісін беріп үлгерді. Айталық жобаны пилоттық іске қосу қорытындысы бойынша Жамбыл облы¬сының 11 ауылдық округінде ауылдардағы орташа айлық табыс 1,7 есе өсті, атау¬лы әлеуметтік көмек алушылар саны 3 есе азайды, жұмыссыздық деңгейі 36%-ға төмендеген.
Бағдарлама 2023-2025 жылдарға арналған, несиелер биылғы жылдан бастап беріле бастады. Жоба аясында қандай жеңілдік¬тер қарастырылған? Бағдарлама бо¬йынша ауыл тұрғындары өз бизнесін дамытуға немесе кооператив құрамында жеңілдетілген несие ала алады, сон¬дай-ақ техниканы лизингке рәсімдеу¬ге болады. Қарыз алу шарттары да өте тиімді, себебі ондағы пайыздық мөлшерлеме әлдеқайда төмен. Несие/шағын несие мерзімі – 5 жыл, ал мал шаруашылығы және ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру саласындағы жобалар бойынша – 7 жылға дейін. Несиенің, шағын несиенің ең жоғары сомасы қолданыстағы заңна¬ма бойынша айқындалады. Номиналды сыйақы мөлшерлемесі – 2,5 пайыз. Мұндай несиенің халыққа пайдалы екендігі сөзсіз. Мәселен, ауыл тұрғындарының бүгінде бірде-бір коммерциялық банк¬тен мұндай шарттармен несие алу мүмкіндігі жоқ. Әлемдегі инфляцияны ескеретін болсақ, 2,5 пайыздық несие – өте тиімді. Ауылда қандай да бір өндіріс ашып, оны дамыту үшін аталған жоба – үлкен мүмкіндік. Тағы бір айта кетерлігі, «Ауыл аманаты» аясында несие алған азаматтарға негізгі борыш пен сыйақыны өтеу бойынша 1,5-2 жыл жеңілдік кезеңі де қарастырылған.
Қаражатты ісін жаңа бастаған және жұмыс істеп жүрген кәсіпкерлер, зейнеткерлік жасқа толмаған жұмыс¬керлер, жеке кәсіпкер ретінде тауарлар¬ды өндіру немесе өткізу, жұмыстарды орындау және қызметтер көрсету жөнін¬дегі қызметті дербес жүзеге асыратын тұлғалар, отбасылық кәсіпкерлікте ақы төленбейтін қызметті жүзеге асыратын тұлғалар, қосалқы шаруа-шылықтың мүшелері, табысы ең төменгі күн¬көріс деңгейінен төмен өндіріс¬тік коопе¬ративтердің мүшелері ала алады.
Шағын несие алу үшін өтінім беруші жеке кәсіпкер болып тіркелуі керек. Сондай-ақ салық органдарында тіркеудің болуы, басқа несиелер бойынша мерзімі өт¬кен жарнаның, мемлекеттік кірістер ор¬ган¬дарында берешектің болмауы талап етіледі.
Несие алушыда ауыл шаруашылығын жүргізу үшін жер телімі, қора және басқа да қажетті жағдайлардың болуы шарт, сондай-ақ ауылшаруашылық өндірістік кооперативіне мүшелікке кіру және жоба аясындағы өндірген өнімін өндірістік кооперативке өткізу талап етіледі.
Айта кеткен жөн, «Ауыл аманаты» бағдарламасын жүзеге асыруға 2023 жылы республикалық бюджет қаражатынан 100 миллиард теңге бөлініп, 17 мың шағын несие беруге жоспарланған. Бұл ауылда 18 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Бүгінде бөлінген қаражаттың барлығы қаржыландыру жоспарына сәйкес облыс әкімдіктеріне аударылды. Айта кетейік, қаражат ауыл шаруашылығы, қаржы министрліктері мен облыс әкімдіктері арасында жасалатын үшжақты несие шартына сәйкес аударылады.
6 қарашадағы жағдай бойынша 88,4 миллиард теңгенің 14 284 өтінімі қаралуда, 66,2 млрд теңгенің 10 878 өтінімі мақұлданды; 53,6 миллиард теңгеге 8 761 шағын несие берілді. ШҚО-да (1,5 миллиард теңге), Қостанай (1,6 миллиард теңге) және Павлодар (1,5 миллиард теңге) облыстарында қаражат толық игерілді.
«Ауыл аманаты» бағдарламасын жүзеге асыру үшін 2024 жылы 2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджетті қалыптастыру аясында 2024 жылы – 100 миллиард теңге; 2025 жылы – 50 миллиард теңге; 2026 жылы – 50 миллиард теңге қарастырылған.