Тоғжанның тәттілеріне сұраныс жоғары
Ізденген, ниет еткен жанға қашанда екі қолға бір күрек табылары анық. Оның үстіне қазіргі заманда жұмыссыз азаматтарды үкімет назарға алған. Жұмыспен қамтуға арналған мемлекеттік бағдарламалар да жетерлік. Мұндай бағдарламалардың шарапатын теріскейлік тұрғындар да көріп келеді.
Түркістан облысының Созақ ауданында 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаға сәйкес жаңа бизнес идеяларға ерекше қолдау көрсетіледі. Бұрын «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы кезінде тұрғындар бір реттік қайтарымсыз грантты көбіне мал шаруашылығын дамытуға алатын. Ал енді ұлттық жоба бойынша жаңа идеяларға басымдық беріліп отыр. Айталық кондитерлік сала.
Дәмі тіл үйіретін торт пісіру, тәтті күлшелер әзірлеу, дастарханның сәнін кіргізетін түрлі кондитерлік өнімдер дайындау – бұл Созақ ауылының тұрғыны Тоғжан Асқарбекқызының ең сүйікті жұмысы. Үйінен шағын ғана цех ашып алған келіншек тәтті-дәмдінің бәрін осы жерде дайындайды. Кейіпкеріміз «Бизнес бастау» жобасымен кәсіпкерлік курсын оқып, 1 миллион 200 мың теңге көлеміндегі қайтарымсыз грантқа ие болған. Оған кондитерлік өнім пісіретін пеш, үлкен тоңазытқыш, бұлғауыш сатып алыпты. Қазір тапсырыстарды орындап жатыр. «Тойға арналған тапсырыстар өте көп. 2-3 қабатты торттар өте сұранысқа ие. Бұрындары аудан тұрғындары қаладан алдыратын тәттілерді мен енді осы ауылда өзім пісіремін. Қазіргі таңда қол астымда бір көмекшім бар. Екеуіміз бірге көптеген тәттілер шығарамыз. Соның өзінде үлгірмей жатамыз. Көбіне енді алдағы уақытта осы жерді кеңейтіп, тағы бір көмекші алатын ойым бар»,- дейді Тоғжан.
Бұл шаңырақты он саусағынан өнер тамған әулет немесе жас кәсіпкерлер отбасы деуге де болады. Себебі Тоғжанның жолдасы Малахаддин де ағаш ұстасы. Оның әкесі де темірден түйін түйген шебер. Малахаддин де осы бағдарламамен грант ұтып алып, өзіне қажетті құрал-жабдықтар сатып алған. Сөйтіп, шеберханасын кеңейтіпті. Ол барлығын ағаштан жасайды. Есік-терезе, тапшан, стол, орындық, төсектің түр-түрін қалағаныңыздай жасап береді. «Жалпы кімге не қажет соның бардығын жасай беремін. Түрлі мекемелерден де тапсырысьар түсіп жатады. Ағаштан түрлі қоршаулар да жасаймын. Биігі бар, аласасы бар, әшекейлеп жасап береміз. Тапсырыс бар. Сол тапсырысты барынша заманауи етіп жасауға тырысып жатырмыз. Екі адамды жұмыспен қамтып отырмыз. Тағы қосымша көмекшілер бар. Жеткіліксіз болып жатқанда шақыртамын. Екі адам тұрақты жұмыс істейді»,- дейді Малахаддин Абламидов.
Жалпы Созақ ауданы бойынша кәсіпкерліктің әр саласы бойынша жұмыссыздық деңгейін төмендету, отбасына табысын арттыру мақсатында жұмыстар атқарылып жатыр.