Шаруалардың еңбегі еленді

Oinet.kz 01-11-2023 238

image.png

Кешегі кеңес заманында еңбек адамына ерекше құрмет көрсетілді. Қоғам байлығы қарапайым құрыш қолды адамдардың маңдай терімен жиналды. Заманында кеңшар, астық қабылдау кәсіпорнының директоры болып қызмет істеп жүрген кезімізде алдынан жұмыс үркіп тұратын еңбек адамдарының қажырлы, қайратты ісін көріп сүйсінетін едік. Уақытпен санаспай ерен еңбектің көрігін қыздырған дала ерлері әсіресе науқандық жұмыс кезінде күнді түнге, түнді күнге ұластырып, кірпік ілмей қарекет ететін. Озаттардың еселі еңбегі өзге¬лерге үлгі етілетін. Олардың суреттері Құрмет тақтасына ілініп, әрқилы жарыстарда жеңімпаз атанып, мақтау марапаттауға ие болды. Осының өзі еңбек адамдарын топтастыра түсті, жігерлерін жаныды, көкіректеріне өлшеусіз күш-қуат құйды.

Бертін келе еңбегі адал, жұмысы қыруар, қарапайым мамандық иелеріне деген құрметтің бәсеңдеп қалып елді. Құрметке жоғары лауазым иелері, басшылар, жұлдыздар ие болып, күні-түні халық үшін еңбек етіп жүрген қатардағы мамандардың көлеңкеде қалып қойғаны  жасырын емес. Бұл жағдайға ерекше назар аударған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлықтау рәсімінде әділетті Қазақстанда еңбек адамына ерекше құрмет көрсетілетіні туралы айтқан болатын. «Әділетті Қазақстанда еңбек адамына ерекше құрмет көрсетілуі тиіс. Әсіресе, ұстаз, дәрігер, тәртіп сақшысы, құтқарушы, жұмысшы, шаруа сияқты мамандардың мәртебесін одан әрі арттыра түсуіміз қажет. Осы кәсіп иелері тиісті құрмет пен сыйға ие болғанда ғана, қоғамымыз шынымен жаңарды деп айта аламыз», - деді Мемлекет басшысы. Расында да еңбек адамына деген құрмет қай кезде де ерекше. Президенттің тапсырмасынан кейін біздің қоғамда еңбек адамдарына тиісті көңіл бөлініп, қарапайым жұмысшылардың аты аталып, түсі түстеліп, еңбегі бағалана бастады.  Барлық жерде еңбек адамының орны бірінші болуы керек. Қазіргі таңда еңбек адамының қоғамдағы өнегесі, бәсі биік. Қазақта «Адам еңбегімен абыройлы, мінезімен қадірлі» деген сөз бар. Осы еңбек пен мінез ұштасқан кезде қоғам да, адам да, отбасы да дамиды. Құрылғанына бір ғасырға жуық уақыт болған сырлы Созақ ауданының бүгінгі өсіп-өркендеп, әлеуметтік-экономикалық деңгейінің жоғарылауына әрине осы еңбек адамдарының қосқан үлесі зор. Теріскей ауылшаруашылыққа бейім өлке болғандықтан дәл осы саланың мамандары, нақтырақ айтқанда шаруалардың еңбегі еленуі тиіс. Себебі көкөніс, жеміс-жидектер, дәнді-дақылдарды базар, дүкен сөресіндегі дейін дайын күйде жеткізіп беретін осы диқандар мен шаруалар. Ерте көктемнен сарғайған күзге дейін далада маңдайының терін төгетін жұмысшыларға қандай құрмет көрсетсек те лайықты. 

Осы ретте жақында аудан орталығы «Даңқ» саябағы алдында өткен «Алтын күз-2023» ауыл шаруашылығы саласын қорытындылаған жиында созақтық шаруалардың еңбегі еленіп, қошеметке бөленді. Жиын аясында арзан бағада азық-түлік өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Сондай-ақ ауыл шаруашылық және жаңбырлатып суғару технологиясының көрмесі өткізіліп, асыл тұқымды мал басының түрлері тұрғындарға көрсетілді. 

Мерекелік шарада барша еңбек адамдарын аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков құттықтады.

-Ауыл шаруашылығы ауданымыздағы негізгі салалардың бірі. Ауылда өскендіктен бұл саланың ерекшелігін, қиындығын жақсы білемін. Біздің алдымызда өнім көлемін арттыру, асыл тұқымды мал басын көбейту міндеті тұр. Сіздердің еселі еңбектеріңіздің арқасында ауданымыздың агроөнеркәсіп кешені тұрақты дамып келеді. Жоғарғы кәсіби шеберлікпен еңбек етіп, ата- бабадан келе жатқан бұл саланы табысты қорытындылап отырсыздар,- деді аудан басшысы Мұхит Сексенбайұлы. 

Ауыл шаруашылығы бойынша жоғары көрсеткішке қол жеткізіп, мол өнім алған үздік ауыл, кент округ әкімдерін марапаттады. Барлық көрсеткіш бойынша үздік шыққан Шолаққорған ауыл округ әкімдігі 1 орын, Жартытөбе ауыл округ әкімдігі 2 орын, Созақ және Құмкент ауылдық округ әкімдігі 3 орын алды. Жәрмеңкеге тауар әкелуді ұйымдастырған үздік ауыл номинациясымен Тасты ауылдық округ әкімдігі марапатталады. 

Сондай-ақ ауыл шаруашылығы бойынша жоғары көрсеткіштер көрсеткені үшін озат шаруалар «Бірлік» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің төрағасы Мырзахан Назаров, «Жаңабай» шаруа қожалығының төрағасы Жүнісов Спандияр, «Алманат» шаруа қожалығының төрағасы Омар Іргебай, «Шегебай» шаруа қожалығының төрағасы Оспанов Қайырбек, «Қайдауыл» шаруа қожалығының төрағасы Төлепбаев Бекдауыл, Таукент кент округінен жеке кәсіпкер Қаншайым Есенгелдіқызы, Кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Ақберген Аманәліұлы, «Созақ үні» газетінің журналисті Данияр Бек, «Ырыс» Микроқаржы ұйымы ЖШС-нің өкілі Ғалым Сембекұлына аудан әкімі салтанатты түрде алғыс хат табыстады. 

Сондай-ақ, аудандық мәслихаттың төрағасы Ордабек Жәмиев, Түркістан облысы ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы Таңатар Жақыпбекев шаруаларды құттықтап, марапаттады. 

Жиын соңы аудандық «Мыңжылқы» мәдениет үйі өнерпаздарының қойған концерттік бағдарламасына ұласты. 

Айта кетейік, биылғы жылы теріскейлік шаруалар мол табысқа қол жеткізіп отыр. 8 ай қорытындысымен ауыл шаруашылығы саласындағы жалпы өнім көлемі 12 260,5 миллион теңгені құрап отыр. Осы жылы 14 393 гектар егіс егілді. Оның ішінде: 310 гектар бидай, 1049 гектар арпа, 769 гектар жүгері, 1265 гектар мақсары, 494 гектар картоп, 482 гектар көкөніс, 482 гектар бақша, 1996 гектар жаңа жоңышқа, 7516 гектар өткен жылдардағы жоңышқа орналастырылды. 

Аудан шаруалары тамшылатып суару әдісін де тиімді пайдаланып, оны толыққанды меңгеруде. 5,2 гектар жерге тамшылатып суару әдісі енгізілді. Шолаққорған ауыл округінен «Дәмен» шаруа қожалығы 40 гектар жерге жаңбырлатып суару қондырғысын орнатса, бүгінгі күнге «Атамекен» шаруа қожалығында 141 гектар жерге жаңбырлатып суару қондырғысын орнату мақсатында бассейн қазу жұмыстарын жүргізуде.

Жыл басынан бері 20 дана жаңа ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алынды. «Ауыл Аманаты» бағдарламасы бойынша Созақ, Құмкент, Шолаққорған және Жартытөбе ауылдық округтері ұсынылды. Аталған ауылдық округтерінен кооперативтер құрылды. Қазіргі таңда 194 азамат құжат тапсырды. Оның ішінде 153 азаматтың құжаты 805,160 миллион  теңгеге мақұлданып, 91 азамат 447,860 миллион теңге жеңілдетілген несие алды. 

Ауданда төрт түлік мал басы да көбейіп келеді. 47 777 бас мүйізді ірі қара, 286 364 бас қой, 38 478 бас ешкі, 32 440 бас жылқы, 16 027 бас түйе, 38 637 бас құс өсірілуде.

Созақ көш басында
Қоныс аударушыларға қолдау көп
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу