Баспана сыйлады
Қоғамның ең басты байлығы ол сол елдің азаматы, яғни тұрғындар. Сондықтан мемлекеттің саясаты ең алдымен халықтың әлеуметтік тұрмысын түзеу және жоғарылату болып табылады. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Парламенттің бірлескен отырысында «Аса маңызды, өзекті мәселелер назардан тыс қалды. Халықтың тұрмыс сапасы әлі күнге дейін жақсы емес. Құқықтық әділетсіздік белең алды. Бай мен кедейдің арасы алшақтай түсті. Алдағы 5 жылда Үкімет және Парламент осы негізгі мәселелердің шешімін табуы қажет. Біз еліміздің белдеуін бекемдеп тартуымыз керек. Экономикада және әлеуметтік салада жылдар бойы жиналып қалған түйткілдер бар. Оның барлығын ретке келтіруіміз қажет. Сол үшін жұрттың бәріне бірдей жаға бермейтін, бірақ тиімді әрі қажетті шешімдер қабылдау керек болады», - деген болатын.
Президенттің тапсырмасы бойынша бүгінде қала, өңір, ауыл-аймақтарда халықтың тұрмысын түзеу мақсатында түрлі әлеуметтік шаралар мен қолдаулар көрсетіліп келеді. Тұрмысы төмен отбасылар әрдайым әкімдіктің назарынан тыс қалған емес және тиісті көмектерін алуда. Бір қуантарлығы мұқтаж отбасыларға тек билік өкілдері, халық қалаулылары ғана емес кәсіпкерлер, тіпті қарапайым адамдар да қол ұшын созуда. Мұқтаждықтың ең жаманы басыңда таспанаңның болмауы. Қазақ атам «Үйің болмаса, күйің де болмайды» деп бекер айтпаған. Тағырдың түрлі сынағына үшырап, бүгінде баспанасыз болған жандарға мемлекет те, жанашыр азаматтар да қолдан келгенше көмектерін аянып қалмауда. Мұқтаж жандарға мұндай қамқорлық Созақ ауданында да көрсетіріп келеді.
Осындай игі істің бірі жақында Құмкент ауылында өтті. Құмкент ауылында аз қамтылған қос отбасына «Қазфосфат» ЖШС-нің демеушілігімен салынған үйлер берілді. Аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков тұрғындарға жаңа баспананың кілтін табыстап, үй иелерін қоныс тойымен құттықтады.
– Бұған дейін «Қазфосфат» ЖШС-нің басшыларымен бірнеше рет кездесіп, алда атқарар жұмыстар мен халық алдындағы жауапкершіліктерді бірге сараладық. Осының нәтижесінде біраз жобаларды іске асыруды қолға алып, бүгін міне Құмкент ауылында баспаналы болған қос бірдей отбасының қуанышты сәттерінің куәсі болып отырмыз. Алдағы уақытта да кәсіпорынмен бірлесіп атқарар нақты жоспарларымыз бар. Осылайша, тұрғындардың мұң-мұқтажын, талап-тілектерін назарда ұстап, халық сұранысына орай туындаған түйткілді мәселелерді бірлесе шешу үшін бар мүмкіндіктерді пайдаланамыз, – деген аудан әкімі «Қазфосфат» ЖШС бас директорының әлеуметтік даму және мемлекеттік органдармен байланыс жөніндегі орынбасары Ерсін Берікұлына арнайы алғыс хат табыстап, құрмет көрсетті.
Ауыл ақсақалдары мен баспана иелері игі іске арқау болған барша азаматтарға ізгі тілектерін арнады.
– Біздің өтінішімізді аяқсыз қалдырмай, осы іске арқау болған барлық азаматтарға тек алғыс айтамыз, – деген алтын құрсақты батыр ана Бақытгүл Сәтиева қоныс тойындағы қуанышымен бөлісті. Сонымен қатар, ұлының баспаналы болғанына айырықша қуанған 83 жастағы Күләнда әжей де: «Ел іші даусыз болсын, елде тек береке-бірлік, татулық болсын», деп шараға жиналған жұртшылыққа ақ батасын арнады.
Айта кетейік, Құмкент ауылынан берілген 5 бөлмелі жаңа баспаналарда су, жылу сынды коммуналдық қызметтері үшін жеке бөлмелер қарастырылып, жылу жүйелері толықтай орнатылған. 30 сотықтан астам жер учаскелері арнайы шарбақпен қоршалған. Ол қосалқы шаруашылықты дамытуға және бау-бақша дақылдарын өсіруге мүмкіндік береді.
Ауданда баспаналы болып, қоныс той тойлап жатқан жалғыз құмкенттіктер емес, бұған дейін Қаратау ауылында жалғыз басты анаға да баспана бұйырған еді. Адан әкімі Мұхит Тұрысбеков аталмыш ауылдағы екі бірдей мүгедектігі бар азаматқа қарап отырған жалғыз басты анаға демеушілер есебінен алынған тұрғын үйдің кілтін табыстап, үй иесін қоныс тойымен құттықтап барған болатын.
-Бүгін біз өнегелі істің куәсі болып отырмыз. Маңайыңдағы адамдарға мейірімділік пен ізгілік таныту – адамгершіліктің белгісі. Қайырымды болу – адамның болмысына біткен ізгі амал,-деген аудан басшысы Мұхит Сексенбайұлы тұрғын үй иесіне сый-сияпат табыс етіп,игі іске арқау болған "Central Asia Mining Co" ЖШС-нің басшылығына алғыс хат табыстады.
Төрт бөлмелі үйдің ауласы әрленген. Бау -бақша өсіруге арналған жері бар. Жер учаскесі қосалқы шаруашылықты дамытуға мүмкіндік береді. Жаңа баспанаға ие болған Боранбаева Шакизада осы игі істі ұйымдастырып отырған барша азаматтарға алғысын айтып, қуанышымен бөлісті.
Шолаққорған ауылының тұрғыны Тілеуқабылов Медеттің отбасында 11 қараша күні түнгі уақытта өрт шығып, баспанасы өртке оранды. Қызыл жалынды сөндіруге өрт сөндірушілер дер кезінде келіп, өртті сөндіріп үлгерген. Тілсіз жаудан қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ. Өрттің салдарынан барлық бөлмелері жанып кеткен және үйдің шатыры толықтай зақымданды.
Орын алған жағдай аудан әкімі Мұхит Тұрысбековті бей-жай қалдырмай, жақында оқиға орнында болып, отбасының жай – күйімен танысты. Аудан басшысы өз сөзінде қыстың қатал мезгілінде Медет Қойшыбайұлының отбасында орын алған бұл сынақты ел болып еңсеретінін және демеушілер мен кәсіпкерлер тарапынан үйді қалпына келтіру үшін тиісті жұмыстар атқарылатынын атты.
Қазіргі таңда аталған отбасы уақытша баспанаға орналастырылды. Аудан басшысы мен бірқатар ауыл азаматтары, кәсіпкерлер мен аудандық мәслихат депутаттары атынан жеке есепшотына қаржылай көмектер аударылуда.
Қасиетті мекен Созақ ауданында мектеп бітіруші түлектер арасында жақсы бір игі дәстүр қалыптастып келеді. Ол қандай десеңіз айтайық. Осы күнде мектеп бітіріп 20 жылдықтарын аста төк дастарханда емес, сауап алайық, халқыма, еліме пайдасы тисін деген ниетпен бір қайырымды іс жасап көпшіліктің алғысына бөленетіндей жағдайда тойлап жүрген түлектер қатары көбейді. Олардың былтыр ғана мектеппен қош айтысып, үлкен өмірге қадам басқандарына 20 жыл толғандарын атап өту рәсімін ауданнан жағдайы жоқ жалдамалы пәтерде тұрып жатқан бір отбасыға бастарына баспана салып берумен өткерген-тұғын. Биыл да мінеки сол үрдіс қайта жалғасып, 2003 жылы 11 жыл бір партада отырған сыныптас достарымен үлкен өмірдің айдынына желкен керіп болашаққа беттеп шыққан 1986 жылғы аудан орталығы Шолаққорған елді мекеніндегі Тәкен Әлімқұлов атындағы меткеп-интернат пен Ахмет Байтұрсынов атындағы мектептің 30 түлегі жағдайы жоқ бір отбасын баспаналы етті.
Түлектер қаражатымен тұрғызылған үйдің кілтін ресми әрі салтанатты жағдайда табыстауға сауапты іске мұрындық қос мектепті жиырма жыл бұрын бітіріп кеткен түлектері, олардың ұстаздары, жалпы жаңа шаңырақ иелерінің туыстары мен жақындары жиналды. Осынау баспаналы болған жандардың қуанышын бөлісуге аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков те келген болатын. Аймақ басшысы түлектердің бастамасына қолдау білдіріп, жаңа қоныс иелерін баспаналы болуларымен шын жүректен құттықтады.
«Тәкен Әлімқұлов атындағы меткеп-интернат пен Ахмет Байтұрсынов атындағы мектептің 2003 жылғы өздерінің жиған қаражатына салған үйдің кілтін табыстап тұр. Осындай қайырымдылық іс жасап, бір отбасының үйлі болуына септігін тигіздендері үшін оларға мың да бір алғыс. Расында да үлкен азаматтың іс бітірді. Кейінгі толық інілер олардан, ел ішінде айта жүретін нағыз қайырымды амал болды. Әсіресе әлеуметтік жағдайынан бөлек көпбалалы отбасын таңдағандары дұрыс болған екен. Бәрінен бұрын мына жақта біз қуанып отырмыз. Осындағы түлектердің барлығының атын жақсы білеміз. Кішкентай кезінен көз алдымызда өсті. Қазір міне жігіттік шағына жетіп, елдің абыройы жолында қызметтерін сіңіріп жатыр. Мен бұл жерге үй кілтін табыстау үшін келгенім жоқ. Бұл жұмыстың барлығы түлектердің өз ықтиярымен, бастамасымен атқарылған тірлік. «Қуанышпен бөліссең көбейеді» демекші біздікі тек қуанышты сәттің куәсі болып, інілерге ақ тілегімізді арнау. Құдайға шүкір ауданда атымтай Жомарттар көп. Жария түрде немесе жасырын халыққа көмегін тигізіп жатқан жандар баршылық. Ауылда бір шаңырақ үйлі болса соның өзі біз үшін үлкен жетістік. Өйткені әрбір отбасының жаңа қонысқа ие болуымен қайырымды жандар ауданның гүлденуіне өзіндік үлесін қоса түседі» деген әкім кезінде мектеп түлектерін оқытқан жоғарыда аталған қос білім ұясының бір топ білікті ұстазын арнайы Алғыс хаттармен марапаттады.
Өз кезегінде құттықтау тілегін арнаған азаматтар арасында ауданның бас имамы Мейрамбек Әбдіқұлов сөз сөйлеп, осынау игі істің жасалуына ұйытқы болған түлектерді нағыз ізгі жандарға теңеді.
«Алла Тағаланың бір жақсы қасиеті қол жайып дұға тілек жаудырған момын кісінің алақанын бос қайтарудан ұялады. Сондықтан бүгінгі қуаныштың болуына бірден-бір себеп осында отырған азаматтардың қол жайып тілек арнаған игі бата-дүғалары болуы мүмкін. Сол үшін әрдайым Алла Тағаладан жақсылықтар сұрап жүрейік. «Жақсы сөз жарым ырыс» демекші тек жақсы сөйлеп, Жаратушыдан үмітімізді үзбесек, әрбір отбасының шаңырағында береке-бірлік орнайды. Көпшіліктің дұғасымен бірге сұраған тілектер орындалмай қоймайды. Сол себепті бір-бірімізге жақсы тілегімізді арнап жүрейік. Сонымен бірге Пайғамбар хадисінде былай деп айтылады: «Кімде-кім өмірде жаман жол қалдырса және оның соңынан адамдар еріп кетсе, жамандыққа бастағаны үшін ол адамға күнәлар жазылады және артынан ерген адамдардың да күнәсін қоса көтереді. Ал егер керісінше кімде-кім өмірде жақсы із қалдырса және оның соңынан адамдар ерсе, жақсылыққа бастағаны үшін ол адамға сауаптар жазылады және артынан ерген адамдардың да сауабын қоса алады». Сондықтан түлектер салған сара жол олардың ақиреттік мол сауап жинауына және соңдарынан ерген кейінгі толқын түлектердің де бір отбасының қайғысын көтеріп, халықтың елдің қуанышына бөленуге асыққан ізгі адамдар қатарынан болуына себепкер болады деген үміттеміз. Алла Тағалам барлықтарының істерін оңғарып, елдің тыныштығын беріп, ырыс-несібемізді молайта түссін» деді ауданның бас имамы.
Ал баспаналы болған отбасының қуанышында шек жоқ. Осындай үй салып берген, сөйтіп өмірдегі ең басты қиындықтарының шешілуіне қолұшын созған түлектерге Алладан тек жақсылықтар тіледі.
«Баспаналы болғаныма өте қуаныштымын. Түлектерге Алла риза болсын. Істеген жақсылықтары өздеріне, бала-шағаларына мың есе сауап болып қайтсын. Бұған дейін 24 жыл бұрынғы ПМК-нің ескі балабақшасын паналап келдік. Осы күнде ол жерде тозып, әбден ескірді. Көпбалалы отбасы қатарына кіремін. Бес бала-шағам бар. Бір ұлым 11 сыныпты, екіншісі 9 сыныпты бітіріп жатыр. Үлкен қызым тұрмыста. Одан кейінгісі студент. Күйеуім вахталық әдіспен жұмыс істейді. Өзім болсам қоғамдық жұмыспен айналысамын. Осы күнге дейін жаңадан үй сатып алуға да жаңасын салуға да мүмкіндіміз болмады. Сол үшін 1986 жылы туған түлектерге тек алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Баспаналы болатынымызды соңғы сәтте ғана білдім. Сол кезде шынымды айтайын қуагныштан төбем көкке екі елі жетпей қалды. Өйткені ширек ғасырға жуық уақыт өз үйіміз болмаған соң біздің басты арманымыз өзіміздің жеке баспанамыз болса деген арман еді. Осындай қуанышты сәттің куәсі болғаным үшін Аллаға мың да бір шүкір деймін» деді Алтынай Басарова.
Сыйға берілген жаңа баспана 15 сотық жерде орналасқан. Үйде барлық жағдай жасалған. Сырты да әрленіп, іші арнайы жиһазбен толтырылған. Енді бұл отбасының өз баспанасы бар. Көпбалалы отбасы үшін бұдан артық қандай бақыт керек.
«Бізден бір жыл жоғары оқыған жігіттер былтыр дәл 25 мамырда бір отбасыға үй сыйлаған болатын. Осыны ескерген біздер 26 мамыр күні жолдастармен жиналып, біз де осындай бір отбасын қуантсақ, бізден бір жыл алдын бітірген түлектердей қайырымдылық бір іс жасасақ сөйтіп, жиырма жылда біз де Созақ ауданына есеп берсек деген ұйғарымға келдік. Сонымен бірге туып-өскен ауылымыздың гүлденуіне, жағдайының жасқаруына титтей де болсын үлесімізді қоссақ деген ниетіміз болды. Өзім Астана қаласында жеке кәсіпкерлікпен айналысамын. Сөйтіп уақыт тауып елордадан келіп, айналдырған бір жарым айдың ішінде толық құрылысын бітіріп шықтық. Жаңа баспана сантехникалық барлық мүмкіншілікпен қамтамасыз етілген. Мұздай су дейсіз бе, ыстық су дейсіз бе барлығы крандардан сарылдап ағып тұр. Осы ретте құрдастарымның барлығына алғысымды айтамын. Барлығы біркісідей осы іске атсалысты. Ешкім де шетте қалып кеткен жоқ. Барлығы да шама-шарқынша, қаржылай болсын, қол еңбегімен болсын көмектерін аямады. Қолдан келген кейбір құрылыс жұмыстарын біздің жігіттер өздері атқарды» деді түлектердің басын қосып, ортақ іске жұмылдырған сыныптастар жетекшісі Мұхтар Тұрысбеков.
Өткен Ораза айында түлектер тағы бір қайырымдылық іске мұрындық болып, жағдайы төмен отбасыларға азық-түлік себеттерін таратқан. Сол кезде солардың әлеуметтік тұрмысын саралап, соңында осы отбасын таңдаған. Айта кету керек, ауданда түлектер күшімен асарлатып салынған үй тек бір ғана Шолаққорған елді мекенінде берілмеді. Аудан орталығынан бөлек теріскейдегі Таукент поселкесінде де түлектер демеушілігімен бой көтерген тағы бір баспана өзінің жаңа иесін тапты.
Өздерінің жиырма жылдық кездесулерін ішіп-жеп, қаржыны босқа дастархан, қыдыруға жұмсамай, оданша мәңгі халықтың да есінде қалатын, сауабы да молынан жазылатын амал жасауға талпынған теріскейлік түлектердің тартымды тірлігі міне осындай!
Сырлы Созақта баспанаға мұқтаж жандардың мәселесі осылайша билік өкілдері мен тұрғындар тарапынан оңынан шешілуде.