МИБ-ті онлайн тіркеу енді оңай
23-04-2023
Мемлекет мегаполис экономикасының дамуына қолдау білдіріп отыр. Бұл жөнінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та өзінің «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында айтып өткен.
«Біз экономикамызда қордаланған мәселелерді жақсы білеміз. Мысалы, шикізатқа әлі де тәуелдіміз. Еңбек өнімділігі төмен, инновация жеткіліксіз. Ұлттық табыстың игілігін жұрттың бәрі бірдей көріп отырған жоқ. Әрине, мұның барлығы – күрделі мәселелер. Бірақ, оны шешудің нақты жолдары бар. Атап айтсақ, бұл – макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету, экономиканы әртараптандыру және цифрландыру. Сондай-ақ, шағын және орта бизнес пен адам капиталын дамыту, заң үстемдігін орнықтыру. Сондықтан, тың тәсілдер қажет екені сөзсіз» деді Мемлекет басшысы.
Бүгінгі таңда Шымкент қаласы әкімдігі Президент тапсырмасына орай экономиканың негізгі капиталына инвестиция тарту жұмыстарымен қызу айналысып жатыр. «SHYMKENT INVESTMENT - 2023» өңіраралық инвестициялық форумы осы міндетті іске асыру мақсатында ұйымдастырылды. Ауқымды шарада еліміздің оңтүстік өңірлері — Түркістан, Қызылорда, Жамбыл облыстары мен Шымкент қаласының инвестициялық әлеуетін арттыру, экономикалық ахуалды күшейту мен өзара ынтымақтастықты нығайту бойынша мәселелер талқыға түсті.
Шымкент қалалық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Береке Дүйсебековтің айтуынша форумның басты ерекшелігі — алғаш рет оңтүстік өңірлермен бірлесіп, инвестиция тақырыбында маңызды басқосу өтті.
«Үш облыс пен мегаполис кәсіпкерлерін бір ортаға жинап, оған қоса атқарушы орган өкілдерін шақырып, ауқымды инвестициялық жобаларды талқыладық. Мұнда Шымкенттің ғана емес, тұтас оңтүстік аймақтың мүмкіндіктерін шетелдік, отандық инвесторларға кеңінен таныстыру көзделді. Мемлекет және жергілікті әкімдіктер тарапынан көрсетілетін қолдаулар да осы форум аясында айтылды. Форумға Үндістан, Қытай, Түркия, Ресей елінен инвесторлар қатысып, қызығушылығын білдірді. Нәтижесінде жалпы құны 364 миллиард теңгені құрайтын 14 жоба бойынша меморандумға қол қойылды. Ең ірі жобалардың ішінде үндістандық «Medanta» компаниясының қаржыландыруымен салынатын 300 төсек орындық клиника мен «Shymkent city» аумағында бой көтеретін Hilton қонақ үйі бар» деді басқарма басшысы.