Банкрот болу жақсы емес: Қаржы министрлігі қазақстандықтарды банкроттыққа асықпауға шақырды
Үкімет кулуарында Қаржы министрі ҚР азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру мүмкіндігі туралы айтты. Оның сөзінше, жеке тұлғалардың банкротқа ұшырауының өз кемшілігі бар, себебі бакнрот деп табылған тұлға кейіннен бірқатар елеулі шектеулерге тап болады, деп хабарлайды NUR.KZ.
Ерұлан Жамаубаев құзырлы органдар күн сайын түрлі учаскелерде түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатқанын алға тартты.
«Банкроттық – жақсы емес, бұл кезінде қабылданған шешімдердің салдары. Сондықтан, өзін банкрот деп танудың орнына, төлем қабілеттілігін арттырған жөн екенін айтудамыз. Бірақ түрлі жағдай болады, сол себепті біз барлық нұсқаны қарастырдық», — деді Қаржы министрлігінің басшысы.
Оны «Правмедиа» эфирінде ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Қайрат Миятов қолдады.
«Азаматтар мұны несиелік рақымшылықтың бір түрі деп ойлайды, бұл ешқандай несиелік рақымшылық емес. Несиелік рақымшылық пен банкроттықтың айырмашылығы неде? Несиелік рақымшылықтың салдары жоқ. Қарыз есептен шығарылды, оның орнына борышкерге шектеу қойылмайды. Банкроттық туралы заңда айтарлықтай шектеулер бар. Азаматтар 200-300 мың теңге көлеміндегі қарыздың кесірінен өзінің іскерлік беделі мен несие тарихын бүлдіре отырып, банкротқа ұшырағанын мәлімдеу – ақылға қонымды қадам емес екенін түсінуі керек. Бір-екі жылдан кейін азаматқа қарызға қаражат қажет болса, банк заң бойынша бас тартады. Сондықтан бұл қадамға бармас бұрын бірнеше рет ойлану керек. Белсенді жұмысымызды жалғастырып, жақсы несие тарихымызды сақтап қалу үшін несие берушімен тіл табысып, қарызды өтеудің жолын табуға тырысуымыз керек», - деп атап өтті ол.
Жалпы, оның айтуынша, «ҚР азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру туралы» Заңмен Қазақстанда банкроттықтың үш рәсімі қарастырылған:
соттан тыс банкроттық;
соттың банкроттығы;
төлем қабілеттілігін қалпына келтіру.
Соттан тыс банкроттықтың негізгі критерийлері борышкерде мүліктің болмауы және кердиторлармен берешекті реттеу және (немесе) өндіріп алу рәсімінен өтуі болып табылады. Бұл ретте банктер, ШҚҰ мен коллекторлық агенттіктер алдындағы қарыздың сомасы ағымдағы жылы 1600 АЕК немесе 5,5 млн теңгеден аспауға тиіс.
Сол арада банкроттық туралы заңда көрсетілгендей, мүліктік немесе қаржылық жағдайы қарызын төлеп бастауға мүмкіндік беретіндей өзгерген жағдайда (бұл уәкілетті органның бақылауында болады) борышкердің банкроттық рәсімі тоқтатылады.
1600 АЕК-тен асатын қарыз болған жағдайда соттың банкроттығы қолданылады.
«Онда банкроттық туралы істі сот органдарында қарау қарастырылған. Мұндай істер азаматтық юрисдикция соттарында қаралатын болады. Аталған рәсімге соттан тыс банкроттық параметрлеріне жатпайтын, яғни берешегі 5,5 миллион теңгеден асатын тұлғалар қатыса алады. Бұл борышкерлердің мүлкі бар, оның ішінде кепілге қойылған мүлкі бар, сонымен қатар, жалпы ереже бойынша, олар банктермен мерзімі өткен берешекті реттеу рәсімінен өтуі керек және 7 жыл бойы банкроттыққа ұшырамауы керек», - деп түсіндірді Қайрат Миятов.
Спикердің айтуынша, ерекше шартқа сәйкес, егер борышкердің кепілге қойылған мүлкі, атап айтқанда, ипотека бойынша пәтері болса, сот банкроттығы кезінде бұл мүлік қарызды өтеу мақсатында сатылымға шығарылуы мүмкін.
«Банкрот» мәртебесін беру, сондай-ақ соттан тыс банкроттық рәсіміне қатысу бірқатар ауыр салдарға әкеп соғады:
банктерден және ШҚҰ-дан несие алуға 5 жылға тыйым салу;
қайта банкроттық 7 жылдан кейін ғана мүмкін болады;
уәкiлеттi орган iрi мүлiктi сатып алу тұрғысынан борышкер жағдайының қаржылық мониторингiн жүзеге асырады және бұл туралы кредиторларды да хабарландырып отырады.
Алимент төлеу және үшінші тұлғалардың өмірі мен денсаулығына келтірілген зиянды өтеу бойынша берешек есептен шығаруға жатпайтыны атап өтілген.
Үшінші процедура – төлем қабілеттілігін қалпына келтіру. Спикердің айтуынша, бұл әлдеқайда жеңіл процедура және қатаң шектеулерді қажет етпейді.
Рәсімде тұрақты табысыңыз болса, 5 жылға дейін қарызды өтеу үшін бөліп төлеу жоспарын сот арқылы алу мүмкіндігі қарастырылған. Қалпына келтіру жоспары қаржы менеджерімен бірлесіп әзірленіп, сотпен бекітіледі.
Бұл жерде басты артықшылық – тұлға сәйкесінше шектеулері бар банкрот мәртебесін алмайды.
Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін және банкроттығын қалпына келтіру мәселелері бойынша ӘҚбК-ге енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға сәйкес, қасақана банкроттық, яғни азаматтың банкрот мәртебесін алу мақсатында жасалған қасақана іс-әрекеті заңмен қудаланатынын және ірі көлемде ақшалай айыппұл салуға әкеп соғатынын атап өткен жөн.
Еске салсақ, 30 желтоқсанда мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру туралы» Заңға қол қойған болатын. Түзетулер 2023 жылдың 3 наурызында күшіне енеді. Заңның қолданылу мерзімі шектелмеген.
Құжат нормалары тек Қазақстан Республикасының азаматтарына және ел ішіндегі қарыздарға қатысты қарастырылған.