Әдемі Серікбай – әлем кубогының қола жүлдегері
Таяуда Алматы қаласында семсерлесуден жасөспірім қыздар арасындағы Әлем Кубогы өткен болатын. Шымкент қаласының спортшысы Әдемі Серікбай аталған бәсекеде қола жүлдеге ие болды. 16 жастағы спортшы 1/8 кезеңде түркиялық ұтып, ширек финалда өзбекстандық спортшыны 15:9 есебімен жеңді. Ал жартылай финалда оңтүстіккореялық Ким На Иеге есе жіберді. Сөйтіп Ә.Серікбай жасөспірімдер арасында Әлем Кубогында тұңғыш жүлдегер атанды. Осылайша, ол семсерлесуден жасөспірім қыздар арасындағы Әлем Кубогының қола жүлдесін иеленді. Бұған дейін қазақстандық жасөспірімдер Әлем Кубогында жеңіс тұғырына көтеріліп көрмеген.
Жекелей бәсекеге 10 елдің 50 спортшысы бақ сынаған еді. ⠀ Бүгін - жарыстың екінші, қорытынды күні. Бұл күні семсерлесуден командалық сайыстар өтеді деп жоспарланған.
Айта кетейік, Алматы қаласында елімізде алғаш рет семсерлесуден Әлем Кубогы ұйымдастырылды. Онда Қазақстан, Болгария, Түркия, Оңтүстік Корея, Германия, Үндістан, Аустралия, Өзбекстан, Грузия елінің спортшылары шеберлік байқасты. Жарыстың ресми ашылуына Спортты дамыту дирекциясының директоры Оралбай Жақсымбетов, Қазақстан семсерлесу федерациясының президенті Мирбулат Абуов, семсерлесуден Мемлекеттік жаттықтырушы Тимур Байтасов қатысып, жиналған спортшыларға сәттілік тіледі.
«Бүгін бәріміз тартысқа, эмоцияға толы спорт түрі саналатын семсерлесуден жасөспірімдер арасындағы әлем кубогінің басталуына куәгер болып тұрмыз. Мұндай деңгейдегі жарыс біздің елімізде алғаш рет өткелі жатқанын айта кету керек.
Қазір Қазақстанда семсерлесу спортына деген қызығушылық артып келеді. Бұған Ұлттық құрамамыздың Әлем және Азия чемпионатындағы айтулы көрсеткіштері серпін беріп келеді. Жерлестеріміз тұрақты түрде Олимпиадада өнер көрсетіп жүр.
Біздің осы жарыстан күтеріміз көп. Неге десеңіздер, турнирден кейін келесі жылғы Әлем және Азия чемпионатына қатысатын еліміздің жастар құрамасы жасақталады. Әсем қала Алматыға осы турнирге қатысу үшін 10 шақты елдің жас спортшылары жиналды», - деді Оралбай Жақсымбетов. Әлем кубогінің соңғы күні командалар арасында үздіктер атықталады. Онда Қазақстан, Болгария, Түркия, Оңтүстік Корея, Германия, Үндістан, Аустралия, Өзбекстан, Гонк-Конг, Грузия қыздары шеберлік байқасады.