Заманауи сұранысқа сай кәсіп ашқан Айдын

Oinet.kz 17-11-2022 412

image.png

Елімізде кәсіпкерлік бағытты қолдауға үлкен көңіл бөлінуде. Шағын және орта бизнесті ілгерілетуде Үкімет бекіткен бағдарламаның шарапаты мол. Бұл ретте «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасының бағыты айқын. Ұлттық жоба шеңберінде бизнес-идеяларды іске асыруға арналған қайтарымсыз грант мөлшері – 400 АЕК. Бұл – 1 225 200 теңгені  құрайды.

Осы ретте Шымкентте мемлекеттік қайтарымсыз грант алып кәсіп бастап жатқан 29 жасқа дейінгі жастардың саны артып келеді. Солардың бірі — Айдын Ниязбаева. Ол өткен жылы қалалық жұмыспен қамту орталығына жұмыссыз ретінде тіркеліп, көлемі 200 АЕК (584.000 теңге) құрайтын мемлекеттік грантқа үміткер ретінде өтінім беріп, тиісті құжаттарын тапсырған. Нәтижесінде комиссия оның шағын баспа өнімдерін шығаруға арналған бизнес жобасын мақұлдап, көп ұзамай тиісті қаражат тағайындалған. 

Нәтижесінде баспа қызметіне арналған түрлі-түсті принтер мен ноутбук сатып алған. Бүгінде инстаграм арқылы тапсырыс қабылдап, визиткалар, қызметтік куәліктің жапсырмаларын, алғыс хаттар мен басқа да баспа өнімдерін шығаруда.

Жалпы, 2021 жылы 700-ден астам шымкенттік 200 АЕК көлеміндегі мемлекеттік қайтарымсыз грантқа қол жеткізген болса, биыл 6 лек  бойынша барлығы 1150 адамды қамту жоспарлануда.

Айта кету керек, қалада биылғы жылдың бірінші лектің өзінде  2019,2020,2021 жылдары “Бизнес бастау” жобасымен оқудан өтіп сертификат алғандар 400-ден астам онлайн өтінім қабылданған. Оның 336-сы комиссияға ұсынылған. Нәтижесінде 226 азаматтың бизнес жоспары мақұлданған.

Ал  жалпы жыл басынан «Бизнес бастау» жобасы шеңберінде 6805 әйел азаматша оқытылса, бос және жаңа жұмыс орындарына 4888 әйел орналасқан, 3 айлық оқу курстарына қатысып жаңа мамандық игерген әйелдер саны 1143. 

Еске сала кетейік, бағдарламаға қатысушы мемлекеттік грант алған күннен бастап салық органдарында өз қызметін тіркеу немесе бірыңғай жиынтық төлемді төлеу арқылы оның нысаналы пайдаланылуын растайды. Жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік грант қаражатын мақсатсыз пайдалану фактісі анықталған жағдайда Халықты жұмыспен қамту орталығы аудан (қала) әкімімен бірлесіп, ҚР заңнамасында көзделген тәртіппен мақсатсыз пайдаланылған мемлекеттік грант қаражатын қайтару бойынша іс-шаралар өткізеді.

Ұлттық қолөнерді дамытқан шебер
Көп балалы ана қайтарымсыз грант алып, кәсіппен айналысуда
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу