Жалғызбасты әке жеке кәсібін ашты

Oinet.kz 16-11-2022 289

image.png

Шымкентте қайтарымсыз грант алып, өз ісін ашқан жандар көп. Солардың бірі  - Жасын Қарсақбаев.  4 қыздың әкесі бірнеше жылдан бері көлік жөндеумен айналысады. 

 Жалғызбасты әке 4 бірдей қызын өсіріп жеткізу үшін жеке кәсіп ашып, еңбегінің нәсібін көріп отыр. Ол биыл бизнесті қолдауға бағытталған мемлекеттен 1 млн 200 мың т. грант ұтып алып, шағын бизнесін одан әрі жандандырған. Жігері мықты Жасын қазір біреуге алақан жаятын заман емес дейді.

«Бала күнімнен бері машина шұқылаймын. Бұл менің қызығушылығым, хоббиім болатын. Өкіметтің жұмысында жұмыс істеп жүргенде де арасында осылай машина жөндеп тұратынмын. Кейін осы үйден ашып, үйден жасап жүрмін. Басында мотордан бастадық, қазір костоприковкаға дейін жеттік. Енді барлық жөндеу жұмысын жасап береміз. Бұған дейін мұндай технологиялар болмады. Барлығын қолдан жасайтынбыз. Қазір гранттың арқасында қажетті заттар алып, дамып жатырмыз», – дейді кәсіпкер.

Жеке кәсіпкердің үлкен қызы 15-те. Әкесі қыздарын ерте жастан еңбекке баулып жүр. Олар, тіпті арасында асқар тауына аз да болса қолғабыс тигізіп тұрады екен.

Көпбалалы әке кәсібін дамыту үшін өткен жылы «Бизнес бастау» жобасын оқып, биыл грантқа өтініш тастапты. Жасынның жолы болып, аталған жобаның бірінші легімен қайтарымсыз грант ұтып алды. Алған ақшаға көптен бері ойында жүрген спотер, компрессор сияқты жаңа технологиялы құрылғылар сатып алған. Жаңа бағытқа бет бұрған көлік жөндеу шеберінің жұмысына риза тұрақты клиенттері көлігін сеніп тапсырып кете береді екен.

«Жасын өзі осы жерден СТО ашып, өз жағдайын жасап жатқан жайы бар. Жасаған ісі тиянақты. Машинаны жөндеп, айтқан уақытында шығарып береді. Өте пысық. Бүгінгі істі ертеңге қалдырмайды», – дейді Шымкент қаласының тұрғыны Ерлан Батырбек.

Жасынның көлік жөндеу орталығына келушілер санының өсуіне қарай қасына көмекшілер де алып, 2 азаматты жұмыспен қамтып отыр.

 «Қарашада  бастадым осы жерде оқушы болып. Осы жігіттің қасында біртіндеп үйреніп келе жатырмын. Оңай жерде нан жоқ қой. Бәрін үйреніп жатырмын. Кешігіп жатсам айтады. Дұрыс емес жерін көрсетіп береді болмаса өзі жасайды. Айлығым жақсы»,- дейді көмекшісі Алмас Мұсаходжаев.

Айта кетейік биыл қайтарымсыз грант ұтып алу үшін бірінші лекке 336 азамат өтініш тастаған. Соның ішінде 226 азаматтың бизнес жоспары мақұлданып, мемлекеттік грант иегері атанды.

Жоба аясында сауда нүктесін арттырды
Қайтарымсыз грантқа кімдердің үміті бар?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу