Жанармай құю станцияларына салық салу мәселесі көтерілді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында кәсіпкерлікті өркендетуге мемлекет тарапынан барынша қолдау көрсетілетіні айтылды.
Осы орайда жақында Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Рустам Жүрсінов Шымкент қаласына іс-сапармен келген болатын. Негізгі мақсаты – шымкенттік кәсіпкерлердің уәждерін тыңдап, мәселелерін шешудің жолын табу.
Кездесуде Шымкент ӨКП Өңірлік кеңесінің мүшесі Тахирбек Нышанбаев жанармай құю станцияларына салық салу мәселесін көтерді. Оның айтуынша, ЖЖМ сатумен айналысатын Шымкент кәсіпкерлерін салық органдары тексеруі әбден мүмкін. Мұның себебі - ҚР Энергетика министрлігі қабылдаған соңғы құқықтық актілердің әртүрлі оқылуы. АЖҚС иелері бүгін аталған ведомствоның бұйрығы шыққаннан кейін салық органдарына есептілікті қалай тапсыру керек деп бас қатыруда.
«Энергетика министрінің бұйрығымен дизель отынының шекті бағасы белгіленді. Бұл ретте АЖҚС-ға одан әрі салық салу мәселесі туындайды, есептілікті тапсыру кезінде есепке алуды жүргізуде түсініксіздіктер бар. Кәсіпкер дизель отынын сату бағасы бойынша дәлелді базаны қалай ұсынады?» - дейді кәсіпкер. Ол қазіргі жағдай болашақта бизнес субъектілерін тексерулерге, оларды бақылаушы органдар тарапынан негізсіз қудалауға себеп болуы мүмкін екеніне сенімді.
Мемлекеттік сатып алу мәселелері бойынша Рустам Жүрсінов прокурорлық ден қоюдың тиісті актілерін дайындау үшін кездесу барысында бірден прокуратура органдарына хабарласты: бұл мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік ұйымдарға қатысты жекелеген тексерулерді тағайындау.
Сонымен қатар, қабылдау кезінде кәсіпкерлер субсидияларға, контрабандаға салық салу және ішкі нарықты қорғау үшін демпингке қарсы айналы шаралардың қажеттілігі туралы мәселелерді көтерді.
«Бүгін өте маңызды проблемалар көтерілді. Мәселелердің басым көпшілігі республикалық сипатта. Мәселелердің бір бөлігін қабылдау кезінде бірден шешуге тырыстық, бір бөлігін Астанаға оралғаннан кейін тиісті ведомстволармен пысықтаймыз», - деп атап өтті бизнес-омбудсмен.